Бүгін – әскери полиция қызметшілерінің кәсіби мерекесі
1997 жылғы 22 сәуірде елдегі құқық қорғау жүйесін реформалау аясында Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің әскери полициясы құрылды.
Әскери полиция қызметі әскердің күнделікті тыныс-тіршілігімен тығыз байланысты. Сонымен қатар, оның қызметшілері халықаралық және мемлекеттік деңгейдегі іс-шараларды әскердің қатысуымен өткізу барысында қауіпсіздікті қамтамасыз етуге белсенді қатысады.
Әскери полиция органдарына құқықбұзушылықтардың алдын алу, әскери техниканы алып жүру, гарнизондарда құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, әскери қызметшілерді іздестіру, сондай-ақ қылмыстардың жолын кесу және ашу сияқты кең ауқымды міндеттер жүктелген. Құқықтық тәртіпті, жол қозғалысы қауіпсіздігін және әскери тәртіпті қамтамасыз етуге әскери автомобиль полициясы мен патрульдік-бекеттік қызмет елеулі үлес қосып келеді.
Құқықбұзушылықтардың алдын алу бағытында әскери полиция 2025 жылғы 30 желтоқсандағы «Құқықбұзушылықтардың алдын алу туралы» ҚР Заңын әзірлеуге қатысты. Заңды іске асыру аясында әскери бөлімдерде тәртіптің жай-күйіне тұрақты бақылау ұйымдастырылып, бұзушылықтарды мониторингтеу мен оларға жедел әрекет етудің заманауи тәсілдері енгізілді. Жалпы, алдын алу жұмысы әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығын сақтауға бағытталған жүйелі әрі үздіксіз үдеріс ретінде қалыптасқан.
Материалдық-техникалық базаны дамытуға да ерекше көңіл бөлініп отыр. Бөлімшелер заманауи қару-жарақпен, техникамен және арнайы құралдармен жабдықталып, бұл өз кезегінде уақыт талабына сай тиімді әрекет етуге және қауіпсіздікті жоғары деңгейде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Әскери полиция құрылымында кинологиялық қызметтің құрылуы – маңызды қадамдардың бірі. Қызметтік иттер тыйым салынған және жарылғыш заттарды анықтауда, сондай-ақ күдіктілерді іздестіру мен ұстау операцияларында кеңінен қолданылады.
Дегенмен, әскери полицияның басты күші – қызметті ар-намыс пен жоғары жауапкершілік деп түсінетін адамдар. Олардың кәсібилігі, принципшілдігі және борышқа адалдығы қызметтің жоғары беделін қалыптастырады. Көптеген қызметшілер заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуға қосқан үлесі үшін мемлекеттік наградалармен марапатталған.
Елдің әскери қауіпсіздік жүйесінің маңызды құрамдас бөлігі ретінде бұл заманауи, ұтқыр әрі кәсіби құрылым бүгінде армиядағы заң мен тәртіптің сенімді қалқанына айналды.