Абай облысында комплаенс жүйесін дамытуға бағытталған оқыту семинары ұйымдастырылды
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің аумақтық департаментінің бастамасымен Абай облысында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс: құқықтық реттеу және үздік тәжірибелер» тақырыбында оқыту семинары өтті.
Аталған іс-шара квазимемлекеттік сектор субъектілерінің 70 комплаенс-офицерлері үшін кәсіби диалог пен тәжірибе алмасудың маңызды алаңына айналды. Семинардың негізгі мақсаты — мамандардың біліктілігін арттыру және ұйымдарда сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың тиімді тетіктерін енгізу.
Семинар жұмысына Агенттіктің аумақтық департаментінің басшысы Руслан Шарипов, құқық қорғау органдарының өкілдері, сондай-ақ арнайы шақырылған сарапшылар қатысты. Іс-шараны ашқан Руслан Шарипов комплаенс-қызметтер институтының бүгінгі таңда адалдық пен ашықтық мәдениетін қалыптастырудағы маңызын атап өтіп, оның сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдағы тиімді құралдардың бірі екенін жеткізді.
Шара барысында қатысушылар сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс саласындағы заманауи тәсілдер мен практикалық құралдарды талқылады. Сонымен қатар, әзірленіп жатқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың жаңа тұжырымдамасына енгізу үшін нақты ұсыныстар пысықталды.
Іс-шара іскерлік және сындарлы жағдайда өтіп, комплаенс институтын дамытуға деген жоғары қызығушылықты көрсетіп, оның жемқорлыққа қарсы жүйені нығайтудағы маңызын айқындады. Семинар қорытындысы бойынша қатысушыларға тиісті сертификаттар табысталды.

