Облыс әкімі құрылыс саласындағы инвесторлармен кездесті
Бүгін аймақ басшысы Берік Уәли көп қабатты тұрғын үй салу мәселелері бойынша құрылыс саласындағы инвесторлармен кездесті. Еркін форматта өткен жиында облыстағы тұрғын үй құрылысының қазіргі ахуалы мен алдағы жоспарлар талқыланды. Кездесуге тиісті басқарма басшылары мен құқық қорғау органдарының өкілдері де қатысты.
Соңғы жылдары өңірде тұрғын үйге сұраныс жоғары. Бүгінде облыс бойынша тұрғын үй кезегінде 32 мыңнан астам отбасы тұрса, оның 22 мыңнан астамы Семей қаласына тиесілі. Олардың қатарында 5 мыңға жуық әлеуметтік осал топ өкілдері, 2 мыңнан астам көпбалалы отбасы және 2 мыңға жуық жетім бала бар. Сонымен қатар, «Отбасы банкінің» өңірлік филиалында 90 мыңға жуық салымшы тіркеліп, олардың жинақ көлемі 34 млрд теңгеге жеткен.
Семей облыс орталығы мәртебесін алғаннан бері халық саны 7 мың адамға артқан. Алайда қолданыстағы тұрғын үй қоры бұл сұранысты толық қамтамасыз ете алмай отыр. Қаладағы 1 588 тұрғын үйдің тек 123-і соңғы үш жылда салынған. Бұдан бөлек 53 апатты және 20 тозығы жеткен үй бар.
Кездесуді ашқан облыс әкімі Президент тапсырмасы аясында Семей қаласының тарихи келбетін сақтай отырып жаңа аудандардың құрылысы басталғанын атап өтіп, инвесторларды облыс орталығын дамытуға, тұрғын үй құрылысын салуға атсалысуға шақырды.
Жиында облыстық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Әнуар Бейсенов Семейдің қала құрылысын дамыту бағыттары мен перспективалық жобаларын инвесторлардың назарына ұсынды. Ал «Семей» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басшысы Мұхтар Әлімханұлы тұрғын үй салуда мемлекет инфрақұрылыммен қамтамасыз ететінін, ал құрылыс пен қаржыландыруды инвестор өз мойнына алатынын, сондай-ақ, дайын үйлерді мемлекет сатып алатын тетіктер жайында инвесторларды ақпараттандырды.
Кездесуде құрылыс компаниясының өкілдері өз жобаларын таныстырып, ұсыныстарын ортаға салды.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі мұндай кездесу алғаш рет ұйымдастырылғанын, алдағы уақытта жалғасын табатынын, өңірге инвестиция тарту басым бағыт екенін атап өтіп, кездесуде айтылған ұсыныс-пікірлердің барлығы назарға алынатынын айтты.










