«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы телекөпірге 5 мыңнан астам тұрғын қатысты
«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қатысуымен телекөпір өтті. Оған Абай облысының жұртшылығы да бейнережим арқылы қосылды. Семей қаласының Қарағайлы ықшам ауданындағы Республика алаңында өткен шараға облыс әкімі Берік Уәли, өңірдің зиялы қауым өкілдері, ақсақалдар, облыстық, қалалық мәслихат депутаттары, білім, медицина, спорт саласының қызметкерлері, студенттер, жалпы саны 5 мыңға жуық адам қатысты.
Облыс әкімі телекөпірден соң сөз сөйлеп, «Таза Қазақстан» бастамасының маңызына тоқталып, тазалық мәдениетін қалыптастыру баршаға ортақ міндет екенін атап өтті.
Биылғы жылдың 3 сәуір мен 31 мамыры аралығында өңірімізде елді мекендерді тазалау, абаттандыру және көгалдандыру бойынша санитарлық-экологиялық екі айлық өткізілуде. Осы кезеңде ұйымдастырылған сенбіліктерге 29 643 тұрғын, 2040 ұйым және 461 техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 12 218 аула, 97 саябақ пен сквер және 57 ескерткіштің аумағы тазартылып, полигондарға 2897 тонна қатты тұрмыстық қалдықтар шығарылды. Көгалдандыру жұмыстары аясында биыл 67 мың ағаш отырғызуды жоспарлап отырмыз. Сонымен бірге, 240 гектар аумақты қамтитын автомобиль жолдарының бойында орман жолақтарын отырғызу жұмыстары жүргізілуде.
Қоғамдық тәртіп пен санитарлық тазалықты сақтау мақсатында 4171 әкімшілік хаттама толтырылып, жалпы сомасы 9,1 млн теңге айыппұл салынды.










