Алакөл жағалауында әмбебап құтқару бөлімшесі ашылды
Бүгін Абай облысының Алакөл көлінің жағалауында әмбебап құтқару бөлімшесі пайдалануға берілді. Салтанатты шараға облыс әкімі Берік Уәли, Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов, азаматтық қорғау органдарының өкілдері қатысты.
Жаңа құтқару бөлімшесінің құрылысы былтыр шілдеде басталған. Нысан Қабанбай ауылы маңында орналасқан. Бір қабатты ғимарат арнайы техника мен жүзу құралдарына арналған бокстармен жабдықталған. Бөлімшеде 6 бірлік арнайы техника, оның ішінде 2 құтқару катері мен 2 гидроцикл бар.
Аймақ басшысы жаңа құтқару бөлімшесінің ашылуы Алакөлге келетін туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды нысан екенін атап өтті.
Шара барысында аудан құтқарушыларына 7 авариялық-құтқару және жедел қызметтік автокөліктің кілттері салтанатты түрде табысталды. Сондай-ақ, құтқару бөлімшесі аумағына шырша көшеттері отырғызылды.
Одан кейін облыс әкімі Берік Уәли Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновпен бірге құтқарушылардың жедел әрекет етуіне және демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған құтқару модулін көрді. Осы жерде жағалауды бейнебақылау және жасанды интеллект арқылы бақылау жобасы таныстырылды.
Аймақ басшысы мен министр Алакөл жағалауын катермен аралап, қауіпсіздік шаралары мен инфрақұрылымның жай-күйімен танысты.
Демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жағалауда 17 құтқару мұнарасы орнатылған. 35 құтқарушы-нұсқаушы даярланған. Өткен жылы 42 рейдтік іс-шара өткізіліп, қауіпсіздік талаптарын бұзғаны үшін 15 әкімшілік хаттама толтырылды.
Өңірде «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында ауқымды жұмыс жүргізілуде. Қазіргі таңда облыс бойынша 75 өрт сөндіру бекеті жұмыс істейді. Биыл тағы 12 жаңа бекет ашу жоспарланып отыр.










