Биоэнергетика мен жасыл технологияларға жаңа қадам – Шәкәрім университетінде халықаралық ғылыми жоба басталды
Шәкәрім университеті халықаралық ғылыми серіктестіктің жаңа деңгейіне көтерілді. Халықаралық ғылыми-техникалық орталық бағдарламасы аясында Ереван мемлекеттік университеті (Армения) және Токио ауыл шаруашылығы университетімен (Жапония) бірлесіп, жаңа зерттеу жобасын жүзеге асыру туралы келісімге қол қойылды.
«Агроөнеркәсіптік қалдықтарды жаңартылатын сутегіге биохимиялық түрлендіру» атты жоба экологиялық таза энергия көздерін дамытуға бағытталған. Жобаның негізгі идеясы – ауыл шаруашылығы қалдықтарын кәдеге жаратып, олардан сутегі өндіру. Бұл тек қалдық мәселесін азайтып қана қоймай, баламалы энергия көздерін дамытуға мүмкіндік береді. Бұл бағыт қазіргі таңда экологиялық қауіпсіздік пен энергия тапшылығын шешуде маңызды ғылыми-технологиялық трендтердің бірі болып табылады.
Жоба алдағы үш жыл ішінде жүзеге асады және оның қаржыландырылуы «Халықаралық Ғылыми-Техникалық Орталық» мекемесі арқылы жүзеге асады. Жобаның жалпы бюджеті 250 мың АҚШ долларын құрайды және бұл қаржыландыру ғылыми зерттеулер жүргізуге, химиялық реагенттер мен материалдық шығындарды алуға, сондай-ақ халықаралық ғылыми байланыстарды нығайтуға бағытталған.
Зерттеу жұмыстары Шәкәрім университетінің «Агроөнеркәсіп кешенінің өнімдерін валоризациялау» ғылыми-тәжірибелік орталығында жүргізіледі. Бұл - агроөнеркәсіп кешенін тұрақты дамытуға, өңірлік ғылыми әлеуетті арттыруға, ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған маңызды қадам.
Жоба аясында бірқатар ғылыми міндеттер қойылған. Атап айтқанда, агроқалдықтарды тиімді алдын ала өңдеу және микробты ферментациялау негізінде құны жоғарылатылған өнімдердің синтезделуінің тиімді жолдары зерттеледі. Сонымен қатар, әртүрлі бактерия штамдарының метаболизм ерекшеліктері зерттеліп, олардың сутек түзу тиімділігін арттыру жолдары қарастырылады. Зерттеулер барысында ферментация процесін жетілдіру, биохимиялық параметрлерді оңтайландыру және тиімділігі жоғары микроағзалардың штамдарын анықтау жоспарланған.
Қазақстан тарапынан жобаның жетекшісі – техника ғылымдарының кандидаты, Шәкәрім университетінің қауымдастырылған профессоры Қайрат Бекбаев. Ғылыми топ құрамында отандық зерттеушілермен қатар жас ғалымдар да бар, бұл өз кезегінде ғылыми кадрларды даярлауға және тәжірибелік дағдыларды нығайтуға мүмкіндік береді.
Аталған жоба Қазақстанда «жасыл энергетика» бағытындағы ғылыми зерттеулердің дамуына серпін беріп, агроөнеркәсіптік қалдықтарды тиімді пайдалану арқылы экологиялық және экономикалық тиімді шешімдер ұсынуға жол ашады. Сонымен қатар, бұл бастама университеттің ғылыми әлеуетін арттырып, халықаралық ғылыми кеңістіктегі орнын нығайтуға ықпал етеді.
Р. Бекбаева
Техника ғылымдарының кандидаты, Шәкәрім университетінің
қауымдастырылған профессоры