Абай облысында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жұмыстары күшейтілді
Абай облысында 2026 жылдың бірінші тоқсанында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастыру бағытында бірқатар жүйелі жұмыстар жүзеге асырылды.
Есепті кезеңде сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы қалыптастыру, заңнама талаптарын түсіндіру мақсатында жалпы саны 66 іс-шара өткізіліп, оған 2408 адам қамтылды. Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдар мен орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінде мемлекеттік қызметшілерге қойылатын шектеулерді сақтау және «Заң және тәртіп» қағидаттарын ілгерілету бойынша 43 ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Халықпен кері байланысты нығайту мақсатында ірі сауда орындарында «Құқықтық дәріхана» республикалық акциясы екі рет ұйымдастырылып, тұрғындарға жеке мәселелері бойынша қолданыстағы заңнама аясында түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Жастар арасында адалдық қағидаттарын насихаттау да басты назарда. Осы бағытта білім беру ұйымдарында «Адал Ұрпақ» және «Саналы Ұрпақ» еріктілер клубтарының қатысушыларымен 12 кездесу өткізілді. Қазіргі таңда облыстағы 286 мектепте 7300-ден астам оқушыны қамтитын «Адал Ұрпақ» клубтары, сондай-ақ 600-ден астам студентті біріктіретін 33 «Саналы Ұрпақ» студенттік ұйымдары жұмыс істеуде.
Бұдан бөлек, 2026 жылдың 18 ақпанынан бастап «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Сот сараптамалары орталығы» РМК филиалы – Абай облысы бойынша Сот сараптамалары институтында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізу басталды. Бұл жұмыстар сәуір айының соңына дейін жалғасып, анықталған тәуекелдер бойынша оларды жоюға бағытталған нақты ұсынымдар енгізілмек.
Алдағы кезеңде жоспарға сәйкес Абай облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасында да сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізу көзделіп отыр.
Сондай-ақ, есепті мерзімде Әдеп жөніндегі кеңестің 3 отырысы өткізіліп, онда барлығы 13 мәселе қаралды. Оның ішінде 2 тәртіптік іс (15,4%) және 11 профилактикалық мәселе (84,6%) қамтылды. Қызметтік тәртіпті нығайту және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында 44 ұсыным берілді. Олар әдеп жөніндегі уәкілдердің жұмысын үйлестіру, тәртіптік комиссиялармен өзара іс-қимылды күшейту, қызметтік әдеп нормаларын сақтау және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шараларын жетілдіруге бағытталған.
Жалпы, атқарылған жұмыстар өңірде ашықтықты қамтамасыз етуге, мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыруға және қоғамда адалдық қағидаттарын орнықтыруға бағытталған.