Аягөзде тағылымды экологиялық бастама өтті
Абай облысы білім басқармасының басшысы Бауыржан Ердембеков жұмыс сапарымен Аягөз ауданына барып, өңірдегі білім беру ұйымдарының тыныс-тіршілігімен танысты. Сапар барысында ол №10 қазақ мектеп-гимназиясына арнайы ат басын бұрды.
Білім ордасында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы мен «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында сәуір айына жоспарланған «Еңбекқорлық және кәсіби біліктілік айы» тақырыбына сәйкес «Түлектердің ағаш егу» эко-челленджі өтті.
Шараға мектеп бітіруші түлектер белсене қатысып, жасыл желек отырғызу арқылы табиғатқа деген жанашырлықтарын көрсетті. Іс-шара барысында сөз алған қонақтар экологиялық тәрбиенің маңыздылығына тоқталып, қоршаған ортаны қорғау – әр азаматтың ортақ міндеті екенін атап өтті. Сонымен қатар, түлектерге ақ жол тілеп, алдағы өмірлеріне сәттілік тіледі.
Айта кету керек, бұл бастама тек ағаш отырғызумен шектелмей, түлектердің туған жерге деген сүйіспеншілігін арттырып, олар үшін «Адал азамат» ретінде алғашқы қоғамдық қадамдардың біріне айналды. Осындай игі шаралар жас ұрпақтың бойында жауапкершілік пен отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыруға ықпал етеді.


