Абай облысының жастары жаңа сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты әзірлеуге атсалысуда
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Абай облысы бойынша департаменті алдағы 5 жылға арналған жаңа сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасын әзірлеу және талқылау жұмыстары аясында қоғам өкілдерімен кездесулер сериясын жалғастыруда. Бұл үдеріс мемлекеттік органдар, БАҚ, бизнес, квазимемлекеттік сектор және үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен ашық форматта өтуде.
Осы ретте Департамент басшысы Руслан Шарипов Абай облысының жастар қозғалыстарының көшбасшыларымен кездесті. Кездесу барысында жаңа стратегиялық құжатты әзірлеу ісінде жастардың белсенді қатысуының маңызы ерекше атап өтілді.
«Жастар – өзгерістердің қозғаушы күші. Қазіргі қоғам талаптарына жауап беретін, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға ықпал ететін құжат қалыптастыруда жастардың ұсыныстары біз үшін өте маңызды», – деді Департамент басшысы.
Кездесуге қатысқан «Саналы ұрпақ» және «Адал ұрпақ» ұйымдарының өкілдері сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті арттыруға дайын екендіктерін білдіріп, өз бастамаларын ұсынды. Атап айтқанда:
- сыбайлас жемқорлыққа қарсы сауаттылықты арттырудың интерактивті әдістерін енгізу;
- парасаттылық қағидаттарын насихаттауда әлеуметтік желілерді кеңінен пайдалану;
- әдеп пен ашықтық мәселелерін талқылайтын жастар алаңдарын құру.
Департамент алдағы уақытта да қоғамнан ұсыныстар жинақтап, сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияның ашық әрі инклюзивті түрде әзірленуін қамтамасыз етуді жалғастырады.