Сенаторлар жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы заңды Мәжіліске қайтарды
Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда күн тәртібіне шығарылған заңдар қаралды және сенаторлар конституциялық заң жобалары бойынша Парламент Палаталарының бірлескен комиссияларының құрамына сайланды.
Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдумда қабылданған жаңа Конституцияны іске асыру мақсатымен Парламенттің қарауына төрт конституциялық заң жобасы енгізілді. Олар – «Қазақстан Республикасының Президентi туралы», «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы», «Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы туралы» және «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» конституциялық заңдар. Регламентке сәйкес, бұл заңдар Парламент Палаталарының бірлескен отырысында қаралуға тиіс. Осыған байланысты Сенат отырысында депутаттар конституциялық заң жобалары бойынша Парламент Палаталарының бірлескен комиссияларының құрамына сенаторларды және баяндамашыларды сайлады.
Палата отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жануарларға жауапкершілікпен қарау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң да қаралды. Сенатта заңды талқылау кезінде қоғам үшін ең өзекті әрі сезімтал нормалар жан-жақты қайта қаралды. Жұмыс тобының құрамына депутаттар мен мемлекеттік органдар өкілдерінен бөлек, жануарларды қорғау ұйымдарының өкілдері, ҮЕҰ мүшелері, экологтар, ғалымдар және өңірлік сарапшылар енгенін атап өткен жөн.
Депутаттар заңның тұжырымдамалық негізімен келісе отырып, оған бірқатар түзету енгізу туралы шешім қабылдады. Аталған түзетулер Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында жүктеген міндеттерге сәйкес, барынша гуманистік тәсілді қамтамасыз етуді көздейді.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев елімізде жануарларға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруға және қатыгездіктің алдын алуға үнемі баса мән беріп келеді. Мемлекет басшысы бұл бағыттағы жұмыстар «Таза Қазақстан» акциясы аясында да атқарылуға тиіс екенін нақты айтты. Осы ретте бүгін қаралған заң үй жануарларын қорғауды күшейтумен қатар, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталып отыр. Үй жануарлары иелерінің құқықтары мен міндеттері де нақтыланды. Сенаторлар заңды қарау кезінде бірқатар маңызды түзету енгізді. Алдағы уақытта заң осы бағытта тиімді жүйе қалыптастыруға оң септігін тигізеді деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.
Депутаттар атап өткендей, енгізілген негізгі өзгерістердің бірі – заңның 15-бабында қаңғыбас жануарлар санын реттеу кезінде «эвтаназия» терминін қолданудан бас тарту және кең қоғамдық талқылауға түскен 5 күндік мерзімді алып тастау жөнінде болды. Қаңғыбас жануарлар санын реттеудің нақты тәртібі мен мерзімін әр өңірдің мәслихаттары жергілікті жағдайды ескере отырып, өз бетінше айқындайды.
Сенаторлар енгізген тағы бір түзету – «қаңғыбас жануар» ұғымына қатысты. Депутаттардың пікірінше, чиптің болмауы жануардың иесі жоқ дегенді автоматты түрде білдірмеуі мүмкін. Бұл өз кезегінде іс жүзінде иесі бар жануарлардың қаңғыбас деп танылып кету қаупін тудырады. Сондай-ақ заңға бірқатар мазмұндық және техникалық түзетулер енгізілді.
Осылайша, сенаторлар заңға бірқатар өзгеріс енгізіп, оны Мәжіліске қайтарды.
Сонымен қатар Сенат отырысында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заң және оған ілеспе «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қаралып, мақұлданды. Депутаттардың айтуынша, бұл заңдар мемлекеттік қызмет жүйесінің тиімділігін арттыруды, мемлекеттік қызметте білікті салалық мамандар тапшылығын азайтуды, мемлекеттік қызмет сапасы мен қолжетімділігін жетілдіруді, азаматтардың мемлекеттік қызметшілердің жұмысына қанағаттану деңгейін көтеруді және мемлекеттік қызметке деген сенімді нығайтуды көздейді.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру және жаңа басқару мәдениетін қалыптастыру қажет екенін үнемі айтып келеді. Бұл реформаларды сапалы жүзеге асыру жолында кәсіби мемлекеттік аппараттың рөлі зор. Сондықтан бүгін мақұлданған заң мемлекеттік қызмет институтын кешенді түрде жетілдіруді көздейді. Онда іріктеу мен қызмет өткеру тетіктері оңтайландырылды, мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік кепілдіктері мен жауапкершілігі күшейтілді. Сонымен бірге мемлекеттік қызмет сапасы мен цифрландыруға ерекше мән берілді. Бұл заңдар мемлекеттік қызмет институтының тиімділігін және халыққа қызмет көрсету сапасын арттыруға оң септігін тигізеді деп сенеміз», – деді Сенат Төрағасы.
Отырыста сенаторлар Үкіметке өздерінің депутаттық сауалдарын да жолдады.
Ғалиасқар Сарыбаев Алматы метрополитені үшін жеткізушіні таңдауға қатысты ашық қоғамдық сараптаманың жоқтығын сынға алып, Үкіметті вагондар сатып алуда тасымалдау қауіпсіздігіне басымдық беруге шақырды.
Жанна Асанова жобалық-сметалық құжаттаманы сараптаудың қолданыстағы тәртібін қайта қарау қажеттігін айтып, мемлекеттік және жеке сараптама қорытындыларын бақылайтын органның болмауы бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуына әкелетінін тілге тиек етті. Осыған байланысты депутат Үкіметке бұл салада тәуелсіз бақылау тетігін енгізу мәселесін қарастыруды ұсынды.
Нұрлан Бекенов Ақмола облысындағы Қолутон өзенінің арнасын тазарту жұмыстарын қаржыландыруды талап етті. Оның айтуынша, бұл шара Ескі Колутон, Еңбек ауылдары мен Колутон стансасын су басу қаупінің алдын алады. Бүгінде аталған елдімекендерде жалпы саны шамамен 1500 адам тұрады.