Парламент Палаталарының бірлескен отырысында Президент туралы, Құрылтай туралы және сайлау туралы конституциялық заңдар қаралды
Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев Парламент Палаталарының бірлескен отырысына қатысты. Жиында «Қазақстан Республикасының Президенті туралы», «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесi туралы» Конституциялық заң жобалары, сондай-ақ «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы қаралды.
Парламент Палаталарының бірлескен отырысында атап өтілгендей, конституциялық реформаны іске асыру сапасы 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енетін жаңартылған Ата заңға заңнамалық базаның сәйкестендірілуіне тікелей байланысты. Мемлекет басшысы бұл заңдардың реформаларды іс жүзінде жүзеге асыру тетігіне айналып, жаңа мемлекеттік модельдің құқықтық негізін қамтамасыз етуі тиіс екенін бірнеше рет атап өткен болатын.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» заң жобасы болды. Сенатор Андрей Лукин өз баяндамасында бұл құжат тікелей басқару моделінен стратегиялық үйлестіру жүйесіне көшуді бекітетінін атап өтті. Оның айтуынша, заң билік тармақтарының теңгерімін және олардың халық алдындағы есептілігін қамтамасыз етеді. Құжат мемлекеттік аппараттың тұрақтылығын күшейтетін әрі елді жан-жақты жаңғыртуға арналған сенімді құқықтық негіз қалыптастыратын саяси тежемелік және тепе-теңдік жүйесін енгізеді. Бұл қадам Мемлекет басшысының азаматтар мүддесі жолында мемлекеттік органдардың үйлесімді жұмысын қамтамасыз ететін кепіл ретіндегі рөлін заң жүзінде бекітеді.
«Белгілі болғандай, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Әділетті Қазақстанды құруға, саяси бәсекелестікті күшейтуге, азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысуын кеңейтуге және биліктің қоғам алдындағы жауапкершілігі мен есептілігіне негізделген жаңа саяси мәдениетті қалыптастыруға бағытталған конституциялық трансформация үдерісі басталды. Сонымен қатар жаңа Конституцияда жаңа саяси бағыттың негізгі қағидаттары көрініс тапты. Бұл түбегейлі өзгерістер мен жаңа Ата заңды Қазақстан халқы тікелей ерік білдіру тетігі арқылы қолдады. Бұл өз кезегінде ел Президенті жүргізіп отырған реформалардың жалпыхалықтық қолдауға ие екенін көрсетті», - деді сенатор.
Ол сондай-ақ «ҚР Президенті туралы» Конституциялық заң жобасы елдің жаңа Конституциясының негізгі қағидаларын қамтитынын атап өтті. Атап айтқанда, Президенттің бір реттік жеті жылдық өкілеттік мерзімі, партия мүшесі болмауы және оның жақын туыстарына қойылатын шектеулер саяси жүйенің ашық әрі бәсекеге қабілетті болуына бағытталған саяси кепілдіктер ретінде бекітіледі.
Сенатор осы орайда Президентке Қазақстан Халық Кеңесінің қызметін қамтамасыз етуге қатысты жаңа өкілеттіктер берілетініне ерекше назар аударды. Оның ішінде Кеңес құрамын бекіту және ұйымдастырушылық инфрақұрылымын қалыптастыру мәселелері бар. Жалпы алғанда, заң жобасының ережелері билікке деген сенімді нығайтып, мемлекеттік басқарудың болжамды әрі тұрақты моделін қалыптастыруға бағытталған.
«Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» заң жобасын талқылау барысында сенатор Ғалиасқар Сарыбаев құжаттың өкілді биліктің жаңа институционалдық моделін қалыптастырудағы маңызын атап өтті.
Заң жобасы депутаттардың мәртебесіне, өкілеттіктеріне, кепілдіктері мен қоғам алдындағы жауапкершілігіне қатысты мәселелерді жүйелі түрде реттейді.
«Жобада Құрылтайдың құзыреті нақты белгіленген. Атап айтқанда, заң шығару қызметін жүзеге асыру, республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есепті бекіту, сондай-ақ атқарушы билікке бақылау жүргізудің өзге де тетіктері қарастырылған. Заң жобасы бірнеше аспектілерді қамтиды. Олар жаңа бір палаталы заң шығарушы органның толыққанды жұмыс істеуін қамтамасыз етуге; заң шығару процесінің жеделдігі мен тиімділігін арттыруға; мемлекеттік институттарға деген азаматтардың сенімін нығайтуға құқықтық негізді қалыптастырады», - деді сенатор Ғалиаскар Сарыбаев.
Сонымен қатар Құрылтайдың ішкі қызметін ұйымдастыру мәселелері де жан-жақты регламенттелген. Оның ішінде отырыстарды өткізу тәртібі, шешім қабылдау рәсімдері және жұмыс органдарын қалыптастыру тетіктері нақты айқындалған.
Нурлан Бекназаров «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының жобасын елдегі демократиялық институттарды нығайтудың, азаматтардың саяси құқықтарын қамтамасыз етудің және қоғамның сайлау жүйесіне деген сенімін арттырудың маңызды қадамы деп атады.
Сенатор Нурлан Бекназаров атап өткендей, енгізіліп отырған өзгерістер сайлау процесінің негізгі тетіктеріне тікелей әсер етеді.
«Сайлау комиссиялары мүшелеріне қойылатын талаптар күшейтілді. Сайлау қорларынан тыс қаржы тартуға және өзге де материалдық көмек қабылдауға қатаң тыйым салынады. Аталған талаптарды бұзғаны үшін тиісті жауапкершілік белгіленеді. Бұл нормалар сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетіп, барлық кандидаттар үшін тең әрі әділ бәсекелестік жағдайларын қалыптастырады. Өзгерістердің жеке бір бөлігі сайлау алдындағы үгіт-насихатты, оның ішінде онлайн-платформалар арқылы жүргізілуін құқықтық жетілдіруге бағытталған. Бұл түзетулер цифрлық коммуникациялардың электоралдық процестерге ықпалының артуы жағдайында ерекше өзекті және сайлау науқанының әділдігін қамтамасыз ететін болады», – деді Нурлан Бекназаров өз сөзінде заң жобасындағы негізгі жаңашылдықтарға тоқталып.
Сондай-ақ рәсімдік мәселелер де нақтылануда. Атап айтқанда, дауыстарды санау, хаттамаларды рәсімдеу және қол жинау тәртібі жетілдіріледі. Бұдан бөлек, теңгерімсіздік пен «қайталануды» үміткерлікке жол бермеу мақсатында кандидаттарды бір мезгілде бірнеше округ бойынша ұсынуға тыйым енгізіледі.
Жалпы алғанда, ұсынылып отырған түзетулер сайлау рәсімдерін нақтылаумен қатар, сайлау процесіне қатысушыларға қойылатын талаптарды күшейтеді. Сонымен бірге онлайн-платформалар арқылы жүргізілетін үгіт-насихат пен онлайн-дебаттарды ұйымдастыру тәртібін жетілдіріп, сайлау комиссияларының қызметін жүйелі әрі заманауи деңгейде реттеуге бағытталған.
Парламент Палаталарының бірлескен отырысында сондай-ақ сенаторлар Дархан Қыдырәлі, Жанна Асанова, Мұрат Қадырбек және басқа да депутаттар сөз сөйледі.