Cемей14°С
Ауа-райы
  • Абай12°С
  • Аягөз15°С
  • Ақсуат12°С
  • Бородулиха6°С
  • Қалбатау7°С
  • Курчатов11°С
  • Көкпекті14°С
  • Үржар16°С
463.91 544.63 6.26

Мәжілісте зейнетақы жүйесінің жұмысын жаңа деңгейде қайта қарау және тиімділігін арттыру мәселесі қаралды

Бүгін, 09:21 Думан Кенжеғазыұлы

Мәжілістегі Әлеуметтік-мәдени даму комитеті «Қазақстан азаматтарын зейнетақымен қамсыздандырудың мәселелері мен даму перспективалары» тақырыбында кеңес өткізді. Жиын комитет төрағасы Асхат Аймағамбетовтің жетекшілігімен өтті.

Отырысқа Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі және Ұлттық банктің, «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ-ның және «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ-ның басшылары мен өкілдері қатысты.

Асхат Аймағамбетов азаматтарды зейнетақы жүйесіндегі бірқатар факторға байланысты зейнеткерлер табысының төмендеуі алаңдаушылық туғызып отырғанына тоқталды.

– Ынтымақты зейнетақы мөлшерінің азаюы, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы жүйесінен төленетін төлемдер деңгейінің төмендігі, азаматтардың зейнетақы жүйесіне деген сенімінің азаюы және өзге де мәселелер бар. Осыған байланысты, қазіргі жағдай зейнетақы жүйесінің жұмысын жаңа деңгейде қайта қарауды және тиімділігін арттыруды талап етеді, – деді Асхат Аймағамбетов.

Өз кезегінде Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев зейнетақы жүйесіндегі қазіргі ахуал мен проблемаларға, Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жоспарланып отырған өзгерістерге тоқталды. Оның айтуынша, бүгінде министрлік Ұлттық банкпен, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы жүйесімен және мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, халықаралық озық тәжірибелерді ескере отырып, зейнетақы жүйесін одан әрі дамыту тәсілдерін талқылауда.

– Қолданыстағы зейнетақы жүйесі сақталған жағдайда, болжам бойынша табысы ең төменгі жалақының екі еселенген мөлшерінен төмен халықтың шамамен 36%-ның зейнетақы қамсыздандыруы тек базалық зейнетақымен ғана шектеледі, – деді Асқарбек Ертаев.

Министрдің айтуынша, болашақ зейнеткерлер алдындағы қаржылық міндеттемелерді толық көлемде қамтамасыз ету үшін қолданыстағы зейнетақы жүйесін түбегейлі қайта қарау қажет.

Кеңесте Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова зейнетақы активтерін сенімгерлік басқару жұмысына қатысты баяндама жасаса, «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ басқарма төрағасы Жанат Құрманов зейнетақы жинақтарына қатысты негізгі көрсеткіштер, соның ішінде жинақтардың өсу қарқыны, кейінгі бірнеше жылдағы жарна көлемі мен зейнетақы төлемдерінің көлемі туралы деректерді ортаға салды.

Отырыс барысында Мәжіліс депутаттары зейнетақы жинақтарын тиімді басқару және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін көтерді. Атап айтқанда, сенімгерлік басқаруға берілген қаражаттың сақталуына қандай кепілдік бар екені, зейнетақы жинақтарын инвестиция ретінде пайдалану тетіктерін жетілдіру және салымшыларға өз қаражаты туралы ақпараттың қаншалықты ашық әрі қолжетімді екені талқыланды.

Сондай-ақ депутаттар зейнетақы жинақтарын сенімгерлік басқару арқылы инвестиция ретінде  салу бағытында шетелдің озық тәжірибесін ескерудің маңызын атап өтті. Зейнетақы жинақтарын қазіргі 50%дан сенімгерлік басқаруға беруге болатын қаражат көлемін едәуір ұлғайтып, ол қаражатты бірнеше тәуекелдер деңгейіне сәйкес инвестициялық стратегия бойынша таңдау құқығын беру және тәуекелден қорғау тетіктерін енгізу бойынша ұсыныстар айтылды.

Оған қоса азаматтардың зейнетақы жинақтарын басқаратын  Ұлттық банк пен сенімгерлік басқарушыларға заңмен арнайы инвестициялық табыс әкелу бойынша инфляция деңгейіне +2% меже қою ұсынылды.

Сонымен қатар азаматтарды зейнетақы жарналарын тұрақты төлеуге ынталандыру шараларын күшейту қажеттігі де айтылды.  Мысалы, табысы төмен азаматтарға соның ішінде де мүгедектігі бар балаларды күтумен айналысатындарға, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға бюджет арқылы зейнетақы төлемдерін субсидиялау ұсынылды. Сондай-ақ осындай тетіктер арқылы ерікті  зейнетақы жарналарын төлеуді ынталандыру тетігі де талқыланды.

Отырысты қорытындылаған Асхат Аймағамбетов зейнетақы қоры қаражатын табысы көбірек инструменттерге, соның ішінде акцияларға және өзге де тиімді қаржы құралдарына инвестициялау, сондай ақ қордың валюталық  үлесін арттыру арқылы азаматтардың табысын едәуір арттыруға мүмкіндіктерді кеңнен қолдану қажет екенін айтты.

– Зейнетақы жүйесін басқару – ең маңызды бағыттардың бірі. Сондықтан зейнетақы қорының инвестициялық жұмысы мен басқару тиімділігі бойынша есепті Парламентте жыл сайын кемінде бір рет арнайы тыңдалым өткізу орынды болар еді. Сонымен қатар азаматтардың ерікті зейнетақы жарналарын көбейтуі үшін оларды ынталандыратын нақты әрі тиімді тетіктер қажет, – деді.

Сондай-ақ депутаттар министрлік ұсынған «кәрілікті сақтандыру» моделіне қатысты сыни пікір білдірді. Олардың айтуынша, бұл бастама тиімді шешім ретінде қарастырылмауы мүмкін. Депутаттар өз ұстанымын негіздеу үшін бірқатар көршілес және басқа да шетел мемлекеттердің тәжірибесін мысалға келтіріп, аталған модельдің іс жүзінде күткен нәтижені бермей, сәтсіз аяқталғанын атап өтті. Осыған байланысты олар бұл тәсіл зейнетақы жүйесіндегі түйткілді мәселелерді толық шешпейтінін жеткізді. Сонымен қатар жұмыс берушілердің жұмыскерлері үшін аударатын жарналарын дәл сол адамдардың шотына 4+1% форматында қалдыру ұсынылды.  Жиын нәтижесі бойынша зейнетақы жүйесін жетілдіру және дамыту жөніндегі ұсыныстар Үкіметке жолданатын болады.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив