Ақсуатта көктемгі егіс науқаны қарқынды жүргізілуде
Ақсуат ауданында 2026 жылғы көктемгі егіс жұмыстары жүйелі әрі қарқынды түрде жүзеге асырылуда. Ауыл шаруашылығы саласын дамыту, егіс көлемін ұлғайту және өнімділікті арттыру бағытындағы жұмыстар нақты жоспар негізінде жүргізіліп отыр.
2025 жылы аудан бойынша 8346 гектар суармалы егістік жер игерілсе, биыл бұл көрсеткішті 8469 гектарға жеткізу жоспарланған. Оның ішінде дәнді дақылдарға 600 гектар бөлініп, 150 гектарға бидай, 400 гектарға арпа, 50 гектарға сұлы егіледі. Сонымен қатар, 300 гектарға жүгері, 50 гектарға күнбағыс, 235 гектарға картоп отырғызылмақ. Көкөніс дақылдары 124 гектарды, бақша дақылдары 150 гектарды қамтиды. Бұдан бөлек, 7000 гектар алқапта көпжылдық шөп – жоңышқа өсірілуде.
Аудан шаруашылықтары көктемгі дала жұмыстарына тыңғылықты дайындықпен кіріскен. Мемлекеттік қолдау шаралары тиімді пайдаланылып жатыр. Атап айтқанда, «Кен Дала 2» бағдарламасы аясында шаруаларға 5 пайыздық жеңілдетілген несие беру қарастырылған. Бұл қаржы тұқым, минералды тыңайтқыштар, жанар-жағармай сатып алуға және егіс көлемін ұлғайтуға бағытталуда.
Су ресурстарын үнемдеу бағытында да нақты жұмыстар қолға алынған. Биыл 350-400 гектар суармалы алқапқа тамшылатып суару технологиясын енгізу жоспарланып отыр. Бұл тәсіл суды үнемдеуге, өнім сапасын арттыруға және шығынды азайтуға мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда аудан бойынша “ҚазСушар” РМК Абай филиалымен 90 жеке және заңды тұлға 2364 гектар егістік жерге су алу үшін электронды келісімшарт жасаған. Магистральды су арналары тазартылып, жоңышқа алқаптарына қажетті су берілуде.
Көктемгі егіс жұмыстарына қажетті тұқым қоры да алдын ала қамтылған. Картоп тұқымы Семей қаласындағы «Агрофирма Приречное» ЖШС мен «Мұздыбай» шаруашылығынан, жүгері тұқымы Жетісу облысынан, ал дәнді дақылдар тұқымы Абай облысы мен Өскемен қаласынан жеткізілуде.
Ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту жұмыстары да қарқын алған. Соңғы үш жылда ауданға 112 жаңа трактор сатып алынған. Ал 2026 жылдың басынан бері лизинг бағдарламасы арқылы 15 трактор мен 10 қосалқы агрегат жеткізілді. Бұл техника көктемгі егіс жұмыстарын сапалы әрі уақытылы аяқтауға мүмкіндік беріп отыр.
Бүгінде аудан бойынша ылғал жабу жұмыстары толық орындалып, 600 гектар жер жыртылды. Сонымен қатар, 100 гектарға жоңышқа, 70 гектарға дәнді дақылдар, 30 гектарға жүгері, 40 гектарға картоп және 25 гектарға көкөніс егілді.
Жалпы, Ақсуат ауданында көктемгі егіс науқаны жоғары қарқынмен жалғасуда. Шаруашылықтар ауа райының қолайлы кезеңін тиімді пайдаланып, барлық егіс жұмыстарын мамыр айының соңына дейін толық аяқтауды жоспарлап отыр.



