Cемей17°С
Ауа-райы
  • Абай12°С
  • Аягөз15°С
  • Ақсуат12°С
  • Бородулиха6°С
  • Қалбатау7°С
  • Курчатов11°С
  • Көкпекті14°С
  • Үржар16°С
471.93 548.43 6.61

Парламент Палаталарының бірлескен отырысында маңызды конституциялық заңдардың топтамасы қабылданды

Бүгін, 16:17 Думан Кенжеғазыұлы

Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев Парламент Палаталарының бірлескен отырысына қатысты. Депутаттар екінші оқылымда «Қазақстан Республикасының Президенті туралы», «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы», «Қазақстан Халық Кеңесі туралы», «Қазақстан Республикасының астанасының мәртебесі туралы», «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» конституциялық заң жобаларын, сондай-ақ «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарады.

Отырыс барысында қаралған заңдардың республикалық референдумда қазақстандықтар қабылдаған жаңа халықтық Конституцияны іске асыруда айрықша маңызға ие екені атап өтілді. Атап айтқанда, «Қазақстан Халық Кеңесі туралы» заң билік пен қоғам арасындағы тікелей диалогты институционалдандыруда маңызды рөл атқарады. Халық Кеңесінің қызметі түрлі өңірлердің, әлеуметтік топтар мен құрылымдардың мүдделерін біріктіріп, бірыңғай ұлттық күн тәртібін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп бұл заңды демократияны нығайтатын және мемлекеттік органдардың ашықтық, жариялылық пен есептілік қағидаттарын жаңа сапалы деңгейге көтеретін тарихи құжат деп атады.

«Халық Кеңесі – тек диалог алаңы емес, ол халықтың шынайы үнін жеткізетін, стратегиялық деңгейде ықпал ететін бірегей институт болады. Мұнда азаматтардың ұсыныстары жүйелі түрде қаралып, нақты саясатқа әсер ету мүмкіндігіне ие болады. Бұл әсіресе Қазақстан сияқты көпэтносты және көпқырлы қоғам үшін аса маңызды. Себебі тұрақтылық пен дамудың негізі – әділ өкілдік пен ашық диалог. Кеңес әртүрлі әлеуметтік топтардың, өңірлердің және буындардың мүдделерін тоғыстырып, ортақ ұлттық күн тәртібін қалыптастыруға ықпал етеді. Аталған заң демократиялық қағидаттарды одан әрі нығайтады. Ашықтық, жариялылық және есептілік жаңа деңгейге көтеріледі. Мемлекет қоғам сұранысына жедел әрі жүйелі жауап беретін құрылым ретінде дамиды. Ең бастысы – азаматтардың мемлекеттік басқарудағы рөлі артады. Егер бұрын көптеген бастамалар тиісті деңгейде ескерілмей қалса, енді Халық Кеңесі арқылы олар институционалды түрде қаралатын болады. Бұл – Президент ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының нақты көрінісі. Сонымен қатар, заң өңірлердің рөлін күшейтуге де мүмкіндік береді. Жергілікті бастамаларды қолдау арқылы әлеуметтік, мәдени, білім беру және экономикалық жобаларды дамытуға жол ашылады», – деді Нұртөре Жүсіп.

Заң жобаларын қарау және талқылау барысында сенатор Әли Бектаев «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» заңда жергілікті органдардың есепке алу мен тіркеуді цифрландыру жөніндегі қызметі нақтыланғанын, елді мекендердің құрамдас бөліктерінің тізбесі кеңейтілгенін және жергілікті өкілді әрі атқарушы органдардың құзыреті айқындалғанын айтты. Оның сөзінше, бұл шаралар қала маңындағы аумақтарды тиімді басқаруға және агломерацияларды дамытуға арналған нақты құқықтық негіз қалыптастырады.

«Жергілікті мемлекеттік басқару мен өзін-өзі басқаруды жүзеге асыратын аумақтың бөлігі ретінде «әкімшілік-аумақтық бірлік» ұғымы енгізілді. Оны есепке алу мен тіркеуді цифрландыру бойынша жергілікті органдардың құзіреттері нақтыланды. Бұл құқықтық қарама-қайшылықтарды жойып, мемлекеттік деректердің өзектілігін арттырып, ақпараттық жүйелердің өзара үйлесімділігін күшейтеді. Конституциялық заң жобасында еліміздің бірлігі мен тұтастығы туралы қағидат күшейтілді. Мемлекеттің әкімшілік-аумақтық құрылымы ел аумағының тұтастығын сақтап, оған қол сұғылмауын және оның бөлінбеуін қамтамасыз ететін болады», – деп атап өтті Әли Бектаев.

Жаңа Конституция ережелеріне сәйкес заңнаманы үйлестіру аясында екінші оқылым қорытындысы бойынша «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заң жобасы мақұлданды. Түзетулердің басым бөлігі депутаттары енді пропорционалды өкілдік жүйесі негізінде сайланатын бір палаталы Парламент – Құрылтайға көшуге байланысты нормативтік-құқықтық базаны жетілдіруге бағытталған. Сонымен қатар, сайлау жүйесін одан әрі институционалдық тұрғыдан нығайту мақсатында Орталық және аумақтық сайлау комиссияларының өкілеттіктері нақтыланып, толықтырылды, аумақтық сайлау комиссиялары мүшелерінің құқықтық мәртебесі жетілдірілді, сондай-ақ сайлау учаскелерін құру және азаматтарды сайлаушылар тізімімен таныстыру тәртібі жаңартылды.

Өз сөзінде сенатор Нұрлан Бекназаров негізгі өзгерістерге тоқталып, олардың маңызын түсіндірді.

««Республикалық референдум туралы» Қазақстан Республикасының конституциялық заңына Қазақстан Халық Кеңесінің жалпыхалықтық референдум тағайындау туралы бастама көтеруге қатысты конституцялық құқығын айқындауға бағытталған түзетулер енгізілді. Конституциялық Соттың құрамы мен оны құру тәртібі, Конституциялық Соттың Төрағасы мен судьяларының қызметтеріне тағайындалу тәртіптері және құқықтық мәртебелері, Конституциялық Сот құзыретіне, конституциялық іс жүргізу тәртібіне қатысты нормалар да Жаңа Конституция нормаларын іске асыру мақсатымен жетілдіріліп, нақтыланды. Тұтастай алғанда, ұсынылып отырған қолданыстағы барлық конституциялық заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қарастыратын жүйелі Конституциялық заң жобасы Жаңа Ата заңымызды іске асырудың құқықтық тетіктерін бекітіп, мемлекеттік билік тармақтарының мәртебесі мен құзыреттерін нақтылап, прокуратура органдары мен Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің қызметтерін де құқықтық реттеуді жетілдіруді қамтамасыз етеді», – деп түйіндеді Нұрлан Бекназаров. 

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив