Cемей17°С
Ауа-райы
  • Абай12°С
  • Аягөз15°С
  • Ақсуат12°С
  • Бородулиха6°С
  • Қалбатау7°С
  • Курчатов11°С
  • Көкпекті14°С
  • Үржар16°С
471.93 548.43 6.61

«Абай елі – өнер кеніші» облыстық байқауының жеңімпазына заманауи құрылмалы сахна кешені сыйға берілді

Бүгін, 18:48 Думан Кенжеғазыұлы

Бүгін Семейде Абай атындағы театрда «Абай елі – өнер кеніші» атты облыстық көркемөнерпаздар байқауының қорытындысы шығарылды. 

Былтыр облыс әкімдігінің қолдауымен, Мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен алғаш рет өткен байқау биыл да дәстүрлі түрде жалғасын тапты. Шараға өңірдің он ауданынан екі мыңға жуық өнерпаз бағын сынады. Олар өз аудандарында ұйымдастырылған концертке қатысып, облыс орталығындағы қорытынды концертке жолдама алды. 

Абай театрында өткен гала концертте әр ауданның өкілдері өнер көрсетті. Ән-күй, жыр-терме, театрландырылған көріністер арқылы халқымыздың салт-дәстүрі, рухани болмысы мен ұлттық құндылықтары кеңінен насихатталды.

Байқаудың қорытынды гала концертіне облыс әкімі Берік Уәли қатысып, жүлдегерлерді марапаттады. Сондай-ақ өнер сайысының жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті.

«Абай елі – ән мен жырдың бесігіне айналған, ұлт руханиятының алтын қазығы қағылған қасиетті мекен. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Мәдениет – ұлттың рухани тірегі. Руханияты мықты елдің болашағы да баянды болады», – деп атап өткен болатын. Арғы тарихқа көз жүгіртсек, бұл өңірде қазақтың сөз өнері мен саз өнерінің мәңгілік ізі жатыр. Дала дауылпазы Дулат Бабатайұлы мен Ақтамберді жыраудан бастау алған ұлы көш, хакім Абай кемеңгерлігімен кемелденіп, Шәкәрім Құдайбердіұлы мен Мұхтар Әуезовтей алыптардың мұрасымен жалғасты. Ән әлемінде Әміре Қашаубаевтай дарабоздың дауысы дүниені тамсандырған осы топырақта қазақтың бұлбұл үні Бибігүл Төлегенова мен Роза Рымбаеваның өнері өрледі. Кешегі келмеске кеткен Келдембай Өлмесеков, Тұрсынғазы Рахимов, Санақ Әбеуов, Болат Сыбанов сынды саңлақтар да Абай еліндегі өнердің туын төмен түсірмей, биікке көтеріп өтті. Сол алыптар салған сара жолды жалғау – бүгінгі сахнаға шығатын әр өнерпаздың қасиетті парызы. Өнер – ұлттың жаны. Ал сол жанды тірілтіп тұратын – сіздердей талант иелері. Бүгінгі кеште сахна төріне шығып, жеңіс тұғырынан көрінетін барша өнер ұжымдарына сәттілік тілеймін», - деді аймақ басшысы.

Сайыс қорытындысы бойынша жүлделі үшінші орынды Бесқарағай және Аягөз аудандары, екінші орынды Жарма ауданы, бірінші орынды Үржар ауданы және бас жүлдені Абай ауданының өнерпаздары иеленді. Облыс әкімі үшінші орын алған аудандарға 5 миллион теңге, екінші орын алған ауданның Мәдениет үйіне толық қамтылған музыкалық аппаратура, 1 орын алған ауданның Мәдениет үйіне шағын автобустың сертификаты және бас жүлде алған ауданның Мәдениет үйіне заманауи құрылмалы сахна кешенін салтанатты түрде сыйға тартты. 

Өткен жылы Бородулиха, Жарма, Ақсуат аудандарында және бірқатар елді мекендерде жаңа мәдениет үйлері мен ауылдық клубтар халық игілігіне берілді. Ал биыл Үржар ауданының Жоғарғы Егінсу ауылында, Мақаншы ауданының Көктерек ауылында, Ақсуат ауданының Көкжыра ауылында жаңа мәдениет ошақтарының құрылысы қарқынды жүргізілуде.

Бүгінгі таңда Абай облысында 300-ге жуық мәдениет мекемесінде 2 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Олардың қатарында 137 кітапхана, 131 клуб, 10 музей, 9 архив, театр мен филармония бар.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив