«Абай елі – өнер кеніші» облыстық байқауының жеңімпазына шағын автобус сыйға берілді
Бүгін Семейде Абайдың 180 жылдығына орай ұйымдастырылған «Абай елі – өнер кеніші» атты облыстық көркемөнерпаздар байқауының қорытындысы шығарылды.
Облыс әкімдігінің қолдауымен, Мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен алғаш рет өткен байқауда өңірдің он ауданынан мыңнан астам өнерпаз бағын сынады. Олар өз аудандарында ұйымдастырылған концертке қатысып, облыс орталығындағы
қорытынды концертке жолдама алды. Абай театрында өткен гала концертте әр ауданның өкілдері өнер көрсетті. Ән-күй, жыр-терме, театрландырылған көріністер арқылы халқымыздың салт-дәстүрі, рухани болмысы мен ұлттық құндылықтары кеңінен насихатталды.
Байқаудың қорытынды гала концертіне облыс әкімі Берік Уәли қатысып, жүлдегерлерді марапаттады. Өнер сайысының жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтіп, енді бұл байқаудың дәстүрлі түрде өтетінін айтты.
Сайыс қорытындысында облыстың аудандары арасындағы көркемөнерпаздар байқауына белсене қатысқан аудандар «Үміт», «Шабыт», «Дарын», «Өнер достығы», «Креативті үздік ұжым», «Ұлттық өнер дарабозы» және «Өнерлі өлке» номинациясымен марапатталып, 1 млн теңге көлемінде қаржылай сыйлыққа ие болды.
Жүлделі үшінші орынды Үржар ауданы, екінші орынды Аягөз ауданы, бірінші орынды Абай ауданының өнерпаздары иеленді. Облыс әкімі үшінші орын алған ауданның Мәдениет үйіне толық қамтылған дыбыс жазу студиясын, екінші орын алған ауданың Мәдениет үйіне музыкалық аппаратура, 1 орын алған ауданның Мәдениет үйіне шағын автобустың сертификаты мен кілтін салтанатты түрде табыстады.
Бүгінгі таңда Абай облысында 296 мәдениет мекемесінде 3000 адам жұмыс істейді. Олардың қатарында 137 кітапхана, 131 клуб, 10 музей, 9 архив, театр мен филармония бар.