Семейде сауда базарларын жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізілуде
Облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен кеңейтілген аппараттық кеңесте сауда нысандарының жағдайы және базарларды жаңғырту мәселелері талқыланды. Бұл туралы кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Айбек Рахымбеков баяндады.
Президент Әкімшілігінің тапсырмасына сәйкес сауда базарларын жаңғырту жөніндегі Жол картасы іске асырылуда. Бүгінде «СМОКК» базары бойынша құрылысқа арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Кәріз және су құбыры желілерін салу жұмыстары аяқталып, техникалық шарттар алынды. Қазіргі уақытта контейнерлер мен шатыр құрылымдарын демонтаждау жүргізілуде. Жалға алушылардың бір бөлігі «Северный» сауда-логистикалық орталығына және Қашағанов көшесінің арғы бетіндегі уақытша сауда аумақтарына көшірілді. Дайындық шаралары аяқталғаннан кейін құрылыс-монтаж жұмыстары басталады.
«Мереке» базарында да сауда үйінің құрылыс алаңын дайындау және сауда контейнерлерін демонтаждау жүргізілуде. Құрылысты биылғы маусым–шілде айларында бастау жоспарланған. Кәсіпкерлердің қызметін жалғастыру мақсатында негізгі сауда қатары жұмыс істеуде. «Ақшың» базарында сауда үйі ғимаратының қасбетін сырлау жұмыстары жүргізілуде.
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес ғимараттардың сыртқы келбетін санитарлық және сәулеттік талаптарға сәйкестендіру жұмыстары жалғасуда. «Жансая» базары бойынша эскиздік жоба әзірленіп, көше бойындағы сауда қатарларын ретке келтіру және қасбетті жаңарту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады.
Сондай-ақ, базар аумағындағы сауда контейнерлерін демонтаждау жүргізілуде. «Нива» сауда үйі бойынша түскен ескертулер нәтижесінде жаңғырту жұмыстары басталды. Қазіргі уақытта шатыр жөнделуде және ғимараттың сыртқы келбетін жаңарту бойынша эскиздік жоба әзірленді. «Турист» қонақ үйі бойынша эскиздік жоба дайындалды. Сонымен қатар, «Rakhat Palace» қонақ үйі мен «Жақсылық» бизнес орталығында қайта жаңғырту жұмыстары қолға алынды.
Аймақ басшысы қала әкімі және жауапты басқармаларға сауда үйлері бойынша атқарылған жұмыстарды бақылауда ұстауды, базарлар маңындағы жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, сондай-ақ, сауда базарларын жаңғырту жөніндегі Жол картасының уақтылы орындалуын және заңсыз құрылыстарды анықтау жұмыстарын қамтамасыз етуді тапсырды.









