Қазақстан Еуразиялық экономикалық форумда еңбек нарығын басқарудағы ЖИ технологияларын таныстырды
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев Еуразиялық экономикалық форум – 2026 аясында өткен «ЕАЭО еңбек ресурстары нарығын цифрлық құралдар арқылы дамыту» тақырыптық сессиясында одаққа мүше елдердің салалық министрліктері басшыларына және халықаралық ұйым өкілдеріне Қазақстанның әлеуметтік-еңбек саласын цифрландырудағы озық тәжірибесін, сондай-ақ жасанды интеллектіні дамыту жағдайында адами капиталды басқарудың болжамды модельдерін таныстырды.
Асқарбек Ертаев өз сөзінде ауқымды технологиялық өзгерістер кезеңінде мемлекеттер инвестиция үшін емес, жұмыс күшінің жаңа технологияларға бейімделу жылдамдығы үшін бәсекелесе бастағанын атап өтті. Қазақстанда бұл сын-қатер data-driven government – деректер мен болжамды аналитикаға негізделген мемлекеттік басқару моделіне жүйелі көшу арқылы шешілуде.
«Еуразиялық экономикалық одақтың еңбек нарығы ауқымды технологиялық өзгерістер жағдайында дамып келеді. Жасанды интеллект, цифрлық технологиялар, демографиялық өзгерістер мен жұмыспен қамту модельдерінің трансформациясы біздің жұмысымызға жаңа тәсілдер қалыптастыруда. Бүгінде мемлекеттер тек инвестиция үшін ғана емес, адами капитал, құзыреттер және жұмыс күшінің жаңа технологияларға бейімделу жылдамдығы үшін де бәсекелесуде», – деді министр.
Баяндаманың жеке бір бөлігі көші-қон процестерін цифрландыру және Қазақстанды өңірлік миграциялық хаб ретінде қалыптастыру мәселелеріне арналды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда ЕАЭО елдерінің азаматтарына уақытша тұруға 89 мыңға жуық рұқсат берілсе, оның 56,5 мыңы еңбек қызметін жүзеге асыру мақсатында рәсімделген. Елге 23,8 мың адам келген.
«Бүгінде біздің саясат көші-қон саласын цифрландыруға бағытталған. Осы бағыттағы алғашқы практикалық қадамдардың бірі – Migration.Enbek.kz порталының іске қосылуы. Бұл жүйе арқылы мигрант, жұмыс беруші және мемлекет шетел азаматы елге келмей тұрып-ақ бір цифрлық кеңістікте өзара әрекеттеседі. Қазіргі таңда порталда 24 мемлекеттік қызмет цифрландырылған, оның 11-і мобильді қосымшада қолжетімді. Пайдаланушылар саны 140 мыңнан асты. Қызмет көрсету процестері толықтай автоматтандырылған, шешімдер өтініш берушінің жеке қатысуынсыз қабылданады», – деді министр.
Баяндаманың негізгі бөлігі Enbek.kz цифрлық экожүйесі негізінде жасанды интеллект құралдарын енгізудің нақты нәтижелеріне арналды. Бүгінде ЖИ мемлекеттік саясаттың үш негізгі бағыты бойынша жұмыс құралы ретінде қолданылып отыр: ЖИ арқылы бос жұмыс орындарын іріктеу – 2 секундтан аз уақытта түйіндемелерді өңдейді, 50 мыңнан астам ұсыным берілді, жұмыспен қамту шаралары бойынша ЖИ-агент – шамамен 600 мың жұмыссыз азаматты қамтыған және кәсіби стандарттарды ЖИ әзірлеуші – жылына 150-ге дейін кәсіби стандарт әзірлеуге мүмкіндік береді.
Министр қатысушыларды ведомство жүргізген ауқымды талдау нәтижелерімен таныстырды. Зерттеуге еліміздегі осы бағытта жұмысқа орналастырылған 9,2 млн азамат қамтылып, 2035 жылға дейін ЖИ ықпалына қарай мамандықтар 5 топқа бөлінген. Болжамға сәйкес, ЖИ тек 14 мамандықты толық автоматтандырады, ал ең үлкен топ – 562 мамандық – терең трансформациядан өтеді.
«Дәл осы топ мемлекеттік саясаттың негізгі назарындағы бағытқа айналды. Себебі әңгіме мамандығын түбегейлі ауыстыру емес, дағдыларын жаңа жағдайға бейімдеуі қажет миллиондаған адам туралы болып отыр. Болашақтағы бәсеке адам мен жасанды интеллект арасында емес, ЖИ-ді тиімді қолданатын және қолданбайтын мамандар арасында жүреді. Сондықтан мемлекет үшін өмір бойы үздіксіз білім алу мәдениетін қалыптастыру басты міндетке айналады», – деді Асқарбек Ертаев.
Сессия барысында министр еліміздің екі өңірінде пилоттық режимде Цифрлық жұмыспен қамту қызметін іске қосу жоспарланып отырғанын хабарлады. Бұл жүйе болжамды модельге көшуді қамтамасыз етеді. Азаматтың еңбек шарты бұзылған жағдайда оған бірден лайықты бос жұмыс орындары ұсынылған SMS-хабарлама жіберіліп, цифрлық профилі негізінде автоматты түрде жеке жұмысқа орналастыру жоспары қалыптастырылады.
«Адам жұмысынан айырылды делік. Еңбек шарты бұзылған кезде жүйеде тіркеледі. Осыдан кейін азаматтың жеке нөміріне мансап орталығына жүгіну мүмкіндігі мен мамандығына сәйкес бос жұмыс орындары туралы SMS-хабарлама жолданады. Яғни біз жұмыссыз адамның өзі келгенін күтпейміз. Жүйе бірден әрекет етіп, жұмыс іздеу нұсқаларын, бос жұмыс орындарын, қажет болған жағдайда қайта оқыту мүмкіндіктерін ұсынады. Осылайша біз жұмыссыздықты қолдау моделінен оның алдын алу моделіне көшіп жатырмыз», – деп түсіндірді министр.
Асқарбек Ертаев интеграциялық бірлестік елдері үшін төрт стратегиялық бастаманы да ұсынды. Атап айтқанда: ЕАЭО еңбек мигрантының бірыңғай цифрлық профилі стандартын енгізу; көші-қон ағындары туралы деректермен нақты уақыт режимінде цифрлық алмасуды жолға қою; Одақтың еңбек нарығы қажеттіліктерін болжау үшін жұмыспен қамту және біліктілік туралы ақпараттық алмасу жүйесін қалыптастыру; ЕАЭО кеңістігінде цифрлық платформалар жұмыскерлерінің құқықтарын қорғауға арналған үйлестірілген құқықтық нормаларды әзірлеу.
«ЕАЭО еңбек нарығы – ортақ кеңістік. Сондықтан цифрландырудың тиімділігі біз үйлесімді әрекет еткен жағдайда бірнеше есе жоғары болады. Бүгінде ЕАЭО ішіндегі еңбек нарығын цифрландыру тек технологиялық даму мәселесі емес. Бұл – ортақ экономикалық кеңістігіміздің бәсекеге қабілеттілігіне тікелей қатысты мәселе. Келесі кезең еуразиялық интеграцияның деректерді, цифрлық сервистерді және біліктілік жүйелерін интеграциялау арқылы жалғасуы тиіс деп санаймын», – деп қорытындылады Асқарбек Ертаев.