Абай облысында мемлекеттік қызметтердің 99,8%-ы электронды форматта көрсетілді
Абай облысында мемлекеттік қызметтерді цифрландыру жұмыстары қарқынды жалғасуда. Заманауи электрондық сервистер азаматтар мен бизнес өкілдеріне қажетті қызметтерді қашықтан алуға, уақытты үнемдеуге және мемлекеттік кірістер органдарына бару қажеттілігін азайтуға мүмкіндік беріп отыр.
Абай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Руслан Данияровтың айтуынша, бүгінде электрондық формат салық төлеушілердің мемлекетпен өзара іс-қимылының негізгі тәсіліне айналған.
«Цифрландыру – мемлекеттік қызметтерді электрондық форматқа көшіру ғана емес. Бұл мемлекет пен азаматтар және бизнес арасында неғұрлым ыңғайлы, жедел әрі ашық өзара іс-қимыл қалыптастыру», – деді Руслан Данияров.
2026 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша Департамент тарапынан 327 079 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Оның 326 459-ы немесе 99,8%-ы электрондық форматта ұсынылған. Қағаз түрінде 620 қызмет көрсетіліп, бұл жалпы көрсеткіштің 0,2%-ын құрады.
Департамент басшысы бұл көрсеткіштердің цифрлық сервистерге сұраныстың жоғары екенін көрсететінін атап өтті. Электрондық қызметтерді пайдалану азаматтар мен кәсіпкерлерге кезекте тұрмай, қажетті рәсімдерді қашықтан орындауға мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда Мемлекеттік кірістер комитетінің portal.kgd.gov.kz порталында салық төлеушілерді іздеу, салық берешегін тексеру, ҚҚС төлеушілері туралы мәліметтерді алу, салық калькуляторлары және басқа да электрондық сервистер қолжетімді.
Салық төлеушінің кабинеті арқылы да салық есептілігін тапсыруға, қажетті ақпаратты алуға және салықтық нысандарды толтырудың дұрыстығын тексеруге болады. Сонымен қатар азаматтар мен кәсіпкерлер үшін мобильді және басқа да цифрлық сервистердің мүмкіндіктері кеңейіп келеді.
«Біздің міндетіміз – қызметтерді жай ғана электрондық форматқа көшіру емес, оларды пайдаланушы үшін барынша түсінікті, қолжетімді және ыңғайлы ету», – деді Руслан Данияров.
Оның айтуынша, цифрландыру мемлекеттік қызметтердің ашықтығын арттырып, бизнеске түсетін әкімшілік жүктемені азайтуға ықпал етеді.
Департамент басшысы облыс тұрғындары мен кәсіпкерлерін электрондық сервистердің мүмкіндіктерін белсенді пайдалануға шақырды. Оның сөзінше, салықтық және кедендік қызметтердің едәуір бөлігін қашықтан алу – уақытты үнемдеудің және әкімшілік рәсімдерді жеңілдетудің тиімді жолы.