Орманды қалпына келтіру жобасы таныстырылды
Бүгін облыс әкімі Берік Уәли «PARADIGM SHIFT» ЖШС бас директоры Жанәділ Талдыбаевпен кездесті. Кездесуде өңірде 100 мың гектар аумақты қамтитын орманды қалпына келтіру жобасы таныстырылды.
Жобаның мақсаты – бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонының шаруашылық айналымына тартылмаған, орман өсіруге жарамды жерлерін қалпына келтіру. Инвесторлардың ұсынысына сәйкес жалпы құны 80 млрд теңге болатын жоба жеке инвестициялар мен халықаралық климаттық қаржыландыру есебінен жүзеге асырылмақ.
Бағдарлама 12 жылға жоспарланған. 2027 жылы алғашқы 1000 гектар жерге ағаш отырғызу, кейін жыл сайын 8–9 мың гектар аумақты ормандандыру ұсынылып отыр. Жоба толық іске асқан жағдайда 264 миллион түп ағаш отырғызылып, жылына 22 миллионнан астам көшет өсіретін тұқымбақ құрылады.
Инвесторлардың есебінше, ағаш отырғызу жұмыстарының қарқынды кезеңінде 2000-ға дейін маусымдық, ал тұрақты негізде 300–400 жұмыс орны ашылуы мүмкін.
Кездесуде жер учаскелерінің радиациялық қауіпсіздігін бағалау, ағаштарды күтіп-баптау және өртке қарсы инфрақұрылымды қамтамасыз ету мәселелері де талқыланды.
Ұсынылған жоба бойынша жер мемлекеттік меншікте сақталады. Орман алқаптарын күтіп-баптау, қорғау және қажетті инфрақұрылымды қалыптастыру инвестор есебінен жүргізіледі. Жер учаскелерінің жарамдылығы тиісті зерттеулер мен радиоэкологиялық қорытынды негізінде анықталады.



