Қазақстанда алғашқы республикалық «Кітап оқитын ұлт» марафонына тіркелу басталды
Қазақстанда алғаш рет республикалық «Кітап оқитын ұлт» кітап оқу марафоны ұйымдастырылуда. Ұлттық жоба еліміздің барлық өңірінен қатысушыларды біріктіріп, кітап оқуды насихаттауға және оқу мәдениетін дамытуға бағытталған.
Марафон 2026 жылғы қыркүйектен 2027 жылғы сәуірге дейін қазақ және орыс тілдеріндегі екі лигада өтеді. Жоба жеті бағытты қамтиды:
- «Кітап оқитын мектеп» – 6–10 сынып оқушылары;
- «Кітап оқитын колледж» – колледж студенттері;
- «Кітап оқитын университет» – жоғары оқу орындарының студенттері;
- «Кітап оқитын педагог» – мектеп мұғалімдері мен колледж оқытушылары;
- «Кітап оқитын әулет» – отбасылық командалар;
- «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші» – мемлекеттік қызметшілер;
- «Кітап оқитын зияткер» – жасына және қызмет саласына шектеу қойылмайтын барлық азаматтар.
Әр қатысушы арнайы іріктелген 330 кітаптың ішінен 15 шығарма оқуы тиіс. Тізімде қазақ және орыс тілдеріндегі отандық шығармалар, әлем классикасы мен заманауи әдеби туындылар қамтылған.
Негізгі оқу кезеңі 2026 жылғы қыркүйектен 2027 жылғы наурызға дейін жалғасады. Қатысушылар осы уақытта кітаптарды оқып, жеке кабинетінде пікірлерін жариялайды. Ал наурыз–сәуір айларында қорытынды тестілеу мен зияткерлік квиздер өткізіледі.
Өңірлік кезеңдердің жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне ақшалай сыйлықтар табысталады. Бірінші орынға – 600 мың, екінші орынға – 450 мың, үшінші орынға – 300 мың теңге беріледі. Барлық финалист дипломдармен және электронды сертификаттармен марапатталады.
«Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорының төрағасы Бақытжан Тұрлыбековтің айтуынша, марафонның мақсаты – кітап оқуды қоғам өмірінің маңызды бөлігіне айналдыру.
«Бүгін біз «Кітап оқитын ұлт» алғашқы республикалық марафонына тіркелуді ашып, жасы, мамандығы мен қызығушылығы әртүрлі адамдарды кітап төңірегіне біріктіретін үлкен жалпыұлттық қозғалысқа жол ашып отырмыз. Баршаңызды марафонға қатысуға шақырамын. Бірлесе отырып, кітап оқуды Қазақстандағы заманауи өмірдің маңызды құрамдас бөлігіне айналдыра аламыз», – деді Бақытжан Тұрлыбеков.
Марафон Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылуда. Жобаға Қазақстан Жазушылар одағы, Креативті индустрияларды дамыту қоры, KITAP және «Яндекс Кітаптар» цифрлық платформалары серіктес ретінде атсалысуда.
Қатысу ережелері, бағыттар бойынша регламенттер мен кітаптар тізімі жобаның ресми сайтында жарияланған.