Экстремистік топтарға қатысудың құқықтық салдары
Қазіргі жаһандану дәуірінде діни экстремизм мен терроризм әлем елдерінің қауіпсіздігіне үлкен қатер төндіріп отыр. Әсіресе жастардың интернет арқылы радикалды идеологияның ықпалына түсуі қоғам үшін күрделі мәселеге айналды. Қазақстан да бұл қауіптен тыс қалған жоқ. Мемлекет діни тұрақтылық пен қоғамдық келісімді сақтау мақсатында экстремистік ұйымдарға қарсы қатаң құқықтық саясат жүргізуде.
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес экстремистік ұйымдарға қатысу, олардың идеясын насихаттау немесе қаржылай қолдау көрсету қылмыстық жауапкершілікке әкеледі. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде терроризмді насихаттау, діни алауыздық қоздыру, экстремистік ұйым қызметіне қатысу секілді әрекеттер ауыр қылмыс ретінде қарастырылған. Мұндай құқық бұзушылықтар үшін айыппұлдан бастап ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады.
2024 жылы Қазақстанда діни және ұлттық араздықты қоздыру, терроризмді насихаттау және экстремистік ұйымдарға қатысуға байланысты 85 қылмыс анықталған. Тергеу нәтижесінде 44 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып, 131 діни радикал сотталған. Сонымен қатар 18 қылмыстық топтың әрекеті тоқтатылған.
2025 жылдың алғашқы жартысында Қазақстанда діни экстремизмнің алдын алу мақсатында 40 мыңнан астам түсіндіру шарасы өткізіліп, оған 1,5 миллионнан аса адам қатысқан. Интернет кеңістігінде экстремистік мазмұндағы 10 852 материал анықталып, олардың 3 126-сы жойылған.
Дін саласындағы сарапшылар экстремизмнің дінмен тікелей байланысы жоқ екенін жиі айтады. Қазақстандық теологтардың пікірінше, радикалды топтар ислам дінінің шынайы құндылықтарын бұрмалап, жастарды өз мақсаттарына пайдаланады. Ислам діні бейбітшілік пен адамгершілікті насихаттайды. Сондықтан діни сауатсыздық пен жалған ақпарат радикалданудың басты себептерінің бірі болып отыр.
Дінтанушылардың айтуынша, экстремистік ұйымдар көбіне әлеуметтік желілер арқылы жастарды арбайды. Олар дінді эмоциялық тұрғыда түсіндіріп, мемлекеттің заңдарына қарсы идеяларды таратады. Ғылыми зерттеулер де әлеуметтік желілердің радикалдануға әсер ететінін көрсетеді. Кейбір халықаралық зерттеулерде интернеттегі экстремистік контенттің адамдардың көзқарасына ықпал ететіні дәлелденген.
Экстремистік ұйымдарға қатысудың салдары тек құқықтық жауапкершілікпен шектелмейді. Мұндай әрекеттер адамның отбасы мен қоғамдағы беделіне нұқсан келтіреді, болашақ мансабына кедергі болады. Сотталған азаматтардың мемлекеттік қызметте жұмыс істеуіне, кейбір елдерге шығуына және әлеуметтік мүмкіндіктеріне шектеу қойылады.
Қорытындылай келе, экстремизм қоғам тұрақтылығына қауіп төндіретін күрделі құбылыс. Онымен күрес тек құқық қорғау органдарының міндеті емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Жастардың діни сауатын арттыру, сыни ойлау қабілетін дамыту және дәстүрлі рухани құндылықтарды насихаттау экстремизмнің алдын алудың маңызды жолдары. Заң талаптарын сақтау және радикалды идеологиядан аулақ болу әр азаматтың қауіпсіз әрі бейбіт қоғам құрудағы міндеті.
Дін мәселелерін зерттеу орталығының маманы Таубекова Аружан Куанышбековна