Cемей24°С
Ауа-райы
  • Абай12°С
  • Аягөз15°С
  • Ақсуат12°С
  • Бородулиха6°С
  • Қалбатау7°С
  • Курчатов11°С
  • Көкпекті14°С
  • Үржар16°С
485.55 563.38 6.81

Мәжіліс депутаттар әзірлеген экология мәселелері жөніндегі заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады

Бүгін, 17:26 Думан Кенжеғазыұлы

Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен жалпы отырыста депутаттар экологиялық мәселелер, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жетілдіру, халықтың көші-қоны мәселелері туралы заң жобаларын бірінші оқылымда мақұлдады. Екінші оқылымда цифрландыру, дербес деректерді қорғау, жол жүрісі және көліктегі озық технологияларды реттеу мәселелері жөніндегі бірқатар заң қабылдады. Бұдан бөлек, Мамандандырылған мекемелердің артықшылықтары мен иммунитеттері туралы конвенцияға қатысты заң қабылданып, БҰҰ және Өзбекстанмен арадағы ынтымақтастық аясындағы келісімдер ратификацияланды.

Экология мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар жобасын Парламент депутаттары экологиялық заңнаманы жетілдіру, реттеудегі жүйелі олқылықтарды жою, цифрлық шешімдерді енгізу, сондай-ақ экологиялық бақылау мен қалдықтарды басқарудың тиімді тетіктерін қалыптастыру үшін әзірледі. Заң жобасының нормаларын Мәжілістегі Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы, бастама авторларының бірі Еділ Жаңбыршин таныстырды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің алдына ауқымды стратегиялық міндеттер қойды. 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу, экологиялық тұрақты дамуды қамтамасыз ету, орман алқаптарын ұлғайту және елді мекендерді көгалдандыру қажет. Бұл – жай ғана экологиялық ұран емес. Бұл – Қазақстанның жаңа экономикалық даму моделінің негізі. Алайда мұндай міндеттерді іске асыру үшін заманауи, нақты әрі тиімді жұмыс істейтін заңнамалық база керек, – деді депутат.

Комитет төрағасының айтуынша, депутаттар Қоршаған орта мен табиғи ресурстардың жай-күйі туралы ұлттық деректер банкінің функцияларын жаңғыртуды ұсынды. Оның құрамына негізгі кадастрлар мен тізілімдер, эмиссияларды автоматтандырылған мониторингтеу жүйелерінің деректері мен өндірістік экологиялық бақылау жөніндегі есептілік кіреді. Осылайша, мониторингтің нақты деректері бірыңғай цифрлық жүйеге шоғырландырылады, бұл экологиялық есептілікті жасыруға, мәліметтерді бұрмалауға жол бермейді.

Бұдан бөлек, орман және жайылым көміртектік офсеттері ұғымдары енгізіледі. Инвесторлар мемлекеттік орман қоры жерлерінде және босалқы жерлерде жаңадан орман егу мақсатымен орман иеленушілерімен тікелей шарт жасай алады. Осындай жобалар нәтижесінде алынған көміртек бірліктері нарықта сатылуы мүмкін. Сонымен қатар олардың бір бөлігі Қазақстанның жалпыұлттық айқындалған үлесіне есепке алынады.

Заң жобасының басқа да нормаларында әкімдіктерге рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін жою және қатты тұрмыстық қалдықтарға қатысты шекті тариф бекіту өкілеттіктерін беру, қосымша бюджеттен тыс кіріс алу үшін ұлттық гидрометеорологиялық қызметті реформалау, сондай-ақ «жасыл» қаржыландыру мен экологиялық сақтандыру тетіктерін жетілдіру көзделген. Бұған қоса, нормативтен тыс эмиссиялар үшін жауапкершілік кезеңі нақтыланады. Осыған байланысты нормадан тыс әсер ету кезеңі соңғы өндірістік экологиялық бақылау жүргізілген күннен бастап есептеледі. Егер өндірісте май, қаптама және аккумулятор өндірушілер Қазақстанда қайта өңделген кемінде 30% қайталама шикізатты пайдаланса, оларды өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері талабынан босату ұсынылады.

Талқылау барысында депутаттар экологиялық жүктемесі жоғары өңірлердің тұрғындарын әлеуметтік қорғауға, заңсыз қоқыс үйінділерін мониторингілеуге және жоюға, сондай-ақ қауіпті қалдықтарға қатысты жұмысты реттеуге және осы саладағы бұзушылықтар үшін жауапкершілікті қатаңдатуға қатысты бірқатар проблемалық мәселе көтерді. Экологиялық инспекторлардың алдын-ала ескертусіз тексерулер жүргізу құқығы қарастырылған түзету төңірегінде қызу пікірталас өрбіді. Депутаттардың бір бөлігі бұл нормаға қарсы шығып, бизнеске қысым жасалуы ықтимал екендігін тілге тиек етті. Өз кезегінде бастаманың авторы ұсынылып отырған тетік қазіргі экологиялық сын-қатерлерге жауап беретінін, бұзушылықтарды жедел анықтау үшін және қоршаған ортаға зиян келтірмеу үшін қажет екенін атап өтті.

Депутаттар аталған заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдау туралы шешім қабылдады. Құжатты одан әрі қарастыру депутат Ажар Сағандықованың жетекшілігімен өтетін жұмыс тобының отырыстарында жалғасады.

Сондай-ақ Сенат депутаттары бастамашы болған техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жетілдіру, халықтың көші-қоны мәселелері туралы заңнамалық түзетулер бірінші оқылымда мақұлданды. Заң жобасын әріптестеріне сенатор Амангелді Есбай таныстырды.

Атап айтқанда, құжат Оқу-ағарту министрлігіне техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына арналған жалпыға міндетті модульдерді әзірлеу және бекіту құзыреттерін беруді көздейді. Білім беру бағдарламаларын әзірлеуге жұмыс берушілерді тарту ұсынылады.

Кәсіптік біліктілік саласындағы өзгерістерге келетін болсақ, тану орталықтарын аккредиттеу функцияларын «Атамекен» ҰКП-дан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне беру жоспарланып отыр. Ал Ұлттық біліктілік жүйесіне қатысушылардың құрамына әкімдіктерді қосып, ондағы аккредиттеу органдарын қызметкерлердің өкілдерімен алмастыру ұсынылады.

Түзетулердің жеке блогы көші-қон саясатына қатысты. Жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін азаматтардың жұмыс күші артық өңірлерден жұмыс күші тапшы өңірлерге ерікті түрде қоныс аудару тәртібін айқындау және оған жәрдемдесу ұсынылады. Сонымен қатар еңбек делдалдығы саласындағы бақылау күшейеді.

Талқылау барысында мәжілісмендер аудандық колледждерде білім алушылардың жетіспеушілігі, конкурстық іріктеусіз өтетін мемлекеттік гранттарды бөлу кезіндегі сыбайлас жемқорлық қатерлері, сондай-ақ оқу орындарының материалдық-техникалық базасын жарақтандыру мәселелерін көтерді. Сонымен қатар депутаттар ұзақ еңбек өтілі бар азаматтардың кәсіби біліктілігін растау тетіктері, колледж түлектерін мамандығы бойынша жұмысқа орналастыру, ерікті қоныс аудару бағдарламаларына қатысушылардың тізбесін кеңейту және азаматтардың шекара маңындағы өңірлерге көшуін ынталандыру шараларына назар аударды.

Екінші оқылымға дайындау үшін құжат Мәжіліс депутаты Айна Мысырәлімованың жетекшілігімен жұмыс тобында одан әрі талқыланады.

Жалпы отырыс барысында «Мамандандырылған мекемелердің артықшылықтары мен иммунитеттері туралы конвенцияға Қазақстан Республикасының ескертпесін және мәлімдемесін алып тастау туралы» заң қабылданды. Құжатты депутаттарға Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев таныстырды.

Бұған дейін 2020 жылы Конвенцияны ратификациялау кезінде Қазақстан кейбір артықшылықтар мен иммунитеттер ел азаматтарына қолданылмайтынын көрсеткен болатын, сондай-ақ «кедендік алымдар» термині ұлттық заңнамаға сәйкес қолданылатынын бөлек мәлімдеген еді.

Мәжіліс депутаты, жұмыс тобының жетекшісі Максим Рожин қосымша баяндамасында атап өткендей, қазіргі ескертпе мен мәлімдеме Конвенцияның біздің еліміз үшін күшіне енуіне кедергі келтіреді, себебі оның негізгі ережелеріне әсер етеді. Сол үшін бірқатар мамандандырылған мекемелер оларды қабылдаған жоқ. Заңның қабылдануы Конвенцияның Қазақстанда толыққанды қолданылуын қамтамасыз етуге және елге БҰҰ жүйесінің жаңа кеңселері мен жобаларын тартуға мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, Мәжіліс Қазақстанда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығын құру туралы Біріккен Ұлттар Ұйымымен Келісімді және Меморандумды ратификациялады.

Максим Рожин атап өткендей, Келісімге сәйкес, Өңірлік орталық аймақ елдеріне экономикалық, әлеуметтік және экологиялық салаларда тұрақты даму мақсаттарын іске асыруға ықпал етеді, сондай-ақ БҰҰ институттарының сараптамалық және техникалық қолдау көрсетуіне арналған қажетті платформаның қызметін атқарады. Ал Меморандум оның тұрақты әрі тиімді қызметі үшін қажетті қаржылық негіз қалыптастырады.

Сондай-ақ Қазақстан мен Өзбекстан Үкіметтері арасындағы Қазақстан-Өзбекстан мемлекеттік шекарасының режимі туралы келісім ратификацияланды. Құжатты депутаттарға ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары, Шекара қызметінің директоры Ерлан Алдажұманов таныстырды.

Қосымша баяндама жасаған Мәжіліс депутаты, жұмыс тобының жетекшісі Дәулет Тұрлыханов келісімнің негізгі мақсаты мемлекеттік шекарада тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, транзиттік жүк пен жолаушылар ағынының кедергісіз өтуіне қолайлы жағдай жасау екенін айтты. Құжат сондай-ақ заңсыз көші-қон, контрабанда және трансшекаралық қылмыстардың алдын алу, сондай-ақ шекара манындағы өңірлерде тұрақтылықты сақтауға бағытталған. Оны ратификациялау өңірлік сауда-экономикалық байланыстарды дамытуға қосымша серпін береді.

Мәжіліс цифрландыру, дербес деректерді қорғау, жол жүрісі және көліктегі озық технологияларды реттеу мәселелері жөніндегі депутаттық заңды екінші оқылымда қабылдады.

Мәжіліс депутаты, жұмыс тобының жетекшісі Екатерина Смышляеваның айтуынша, түзетулер шеңберінде автомектептердің қызметіне мемлекеттік бақылауды күшейту, жедел жәрдем көліктеріне және жолаушылар автобустарына құқық бұзушылықтарды тіркейтін құрылғылар қою ұсынылады. Бұдан бөлек, электромобильдерге жасыл нөмірлік белгілер орнатылады, ал электровелосипедтер мопедтермен қатар есепке алынуға тиіс болады. Елді мекендерде көлікті қыздыруға қатысты бұрынғы шектеу алынып тасталып, тұрғын үй кешендерінің тұрақтарында жол жүрісі қағидалары толық қолданылады.

Заң сондай-ақ жекелеген процестер мен салаларды цифрландыруға бағытталған. Мәселен, барлық деңгейдегі жолдардың сапасы мен жағдайын бақылайтын цифрлық жүйе, сонымен қатар ұшқышсыз аэротакси, жүргізушісіз автомобиль және автоматтандырылған теміржол көлігін пайдаланудың құқықтық негізін жасау жоспарланып отыр. Басқа нормалар цифрлық қайырымдылыққа, көші-қон қауіпсіздігін күшейтуге және шекараның цифрлық жүйелерін қорғауға қатысты.

Түзетулердің жеке блогы арқылы жеке деректерді қорғау және киберқауіпсіздік мәселелері реттеледі. Атап айтқанда, жария болып кеткен жеке деректердің тізілімі, оларды бүркемелеу мен хэштеуге қойылатын талаптар, сондай-ақ операторларды санаттарға бөлу енгізіледі. Өзгерістер тиісті конституциялық норманы іске асыру мақсатымен енгізіліп отыр.

Екінші оқылымда телекоммуникациялар нарығын және деректерді өңдеу орталықтарын дамыту мәселелері туралы заң да қабылданды. Құжат байланыс инфрақұрылымын дамытуға, перспективалы телекоммуникациялық технологияларды енгізуге және халықты сапалы ұялы байланыс қызметтерімен, соның ішінде жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз етуге бағытталған.

Мәжіліс депутаты, жұмыс тобының жетекшісі Руслан Қожасбаевтың дерегі бойынша, түзетулер аясында байланыс қондырғыларын, оның ішінде антенна-бағана қондырығылары мен ортақ пайдалану тіректері үшін жер учаскелерін беру тәртібі жеңілдейді. Ұялы байланыс абоненттік құрылғыларын верификациялау функциясы мемлекеттік монополияға, атап айтқанда Мемлекеттік радиожиілік қызметіне беріледі. Сондай-ақ азаматтарды әлеуметтік және мемлекеттік маңызы бар мобильді қосымшаларға (eGov, eGov Business, eOtinish, Aitu және т.б.) тәулік бойы және тарификациясыз қамтамасыз ету ұсынылады.

Депутаттар бастамашы болған машина жасау мен көлікті дамыту мәселелеріне қатысты түзетулер де екінші оқылымнан өтті. Мәжіліс депутаты, жұмыс тобының жетекшісі Мұқаш Ескендіров заң шеңберінде мемлекеттік қолдау көрсетілетін өнеркәсіптік кластерлер институты, сондай-ақ ішкі сұранысты қамтамасыз ететін өндірістік қуат болған жағдайда жаңа жобаларға мемлекеттік ынталандыру шараларын көрсетуге жол бермеуге бағытталған өндірістік қуаттар теңгерімін бағалау тетігі енгізілетінін айтты.

Бұдан бөлек, түзетулер арқылы арнайы экономикалық аймақтардың жұмыс тиімділігі артып, олардың нақты міндеттемелері белгіленеді, қара және түсті металл сынықтары мен қалдықтарының айналымы реттеледі, көлік құралдары компоненттерін өнеркәсіптік құрастыру туралы келісімдер жасасу шарттары айқындалады.

Депутаттар әзірлеген жануарлар дүниесі, орман және аңшылық шаруашылығы мен кәсіпкерлік мәселелері туралы заң Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске ілеспе түзетулерімен екінші оқылымда қабылданды. Құжатты Мәжіліс депутаты, жұмыс тобының жетекшісі Аян Зейнуллин таныстырды.

Мәселен, туризм саласындағы инвестиция көлемі кемінде 2 млн айлық есептік көрсеткішті құрайтын жобалар экологиялық туризмнің ұлттық стандарттарына сәйкес келген кезде туризм саласындағы инвестициялық жобаларды іске асыру үшін шаруашылық қызметтің шектеулі режимін белгілей отырып, ерекше қорғалатын табиғи аумақ жерлері босалқы жерлерге ауыстырылуы мүмкін. Жеке және заңды тұлғалар орманды күзету, қорғау және өсімін молайту бойынша міндеттемелерді қабылдай отырып, сүректі терең өңдеу жөніндегі ірі жобаларды іске асыру, сондай-ақ үлкен орман өртінің салдарын жою үшін ұзақ мерзімді орманды пайдалану мүмкіндігін алады. Инфрақұрылым объектілерін орналастыру және пайдалану кезінде жануарлардың мекендеу ортасын, өріс аудару жолдарын сақтау және олардың құрып кету қаупін болдырмау бойынша талаптар енгізіледі. Басқа да нормалар қарастырылған.

Бұған қоса, Президент тапсырмасын орындау аясында депутаттар жануарларға қатыгездік танытуға қатысты жауапкершілікті қатаңдатуды ұсынды. Осыған байланысты, жануарларға қасақана зиян келтіргені, жарақаттағаны немесе өлтіргені үшін іс-әрекеттің ауырлық дәрежесіне қарай әкімшілік айыппұл әлденеше есе ұлғайды. Қайталанған немесе ауыр іс-әрекет тіркелген жағдайдағы қылмыстық жауапкершілік те күшейеді.

Сондай-ақ екінші оқылымда «Кредиттік рейтинг қызметі туралы» депутаттық заң ілеспе түзетулерімен қабылданды. Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы, жұмыс тобының жетекшісі  Татьяна Савельева айтқандай, құжат шеңберінде рейтингтік қызметтің негізгі қағидаттары, соның ішінде ашықтыққа, рейтингтердің сапасына қойылатын талаптар, мүдделер қақтығысының алдын алу және ақпараттың құпиялылығы белгіленеді. Сондай-ақ кредиттік рейтингтік агенттіктердің қызметіне, олардың капиталына, бағалау әдіснамаларына және халықаралық және шетелдік рейтингтік агенттіктерді тану тәртібіне қойылатын талаптар айқындалады.

Сонымен қатар кредиттік рейтинг алудың ерікті сипаты бекітіледі, мемлекет қатысатын заңды тұлғалар үшін кредиттік рейтингтің болуы міндеті енгізіледі. Қазақстандық рейтингтік агенттіктер үшін жарғылық капитал туралы талап енгізіледі, сондай-ақ рейтингтік қызметті жүзеге асыру үшін мемлекеттік деректер базасынан ақпарат алу мүмкіндігі беріледі.

Бұдан бөлек, Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті Елшіліктердің, сондай-ақ екі елдің Төтенше және Өкілетті Елшілері резиденцияларының мұқтаждықтары үшін Астана және Бішкек қалаларында ғимараттар мен жер учаскелерін өзара өтеусіз пайдалануға беру туралы Қазақстан мен Қырғызстан үкіметтері арасындағы келісімді ратификациялау туралы заң жобасын жұмысқа қабылдады.

Жалпы отырыс соңында депутаттар мемлекеттік органдарға өзекті әлеуметтік және экономикалық тақырыптар бойынша 14 депутаттық сауал жолдады. Олардың барлығы Мәжілістің ресми сайтында және Telegram-каналында жарияланды.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив