Ondeu Expo көрмесінде коммуналды инфрақұрылымды дамыту мәселелері талқыланды
Астанада Ondeu Expo өңдеу өнеркәсібінің халықаралық көрмесі аясында еліміздегі тұрғын үй-коммуналды шаруашылығын жаңғырту мен дамыту мәселелеріне арналған республикалық кеңес өткізілді.
Аталған іс-шараны ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті «Қазақстандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту және дамыту орталығы» АҚ мен «Қазақстан Су Арнасы» республикалық сумен жабдықтау және су бұру кәсіпорындары қауымдастығымен бірлесіп қолға алғанын айта кетейік.
Кездесуге өңірлік және Астана, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдік өкілдері, сондай-ақ аудандық сумен жабдықтау және су бұру кәсіпорындары мен мүдделі іскер азаматтар жиналды. Оның барысында коммуналды инфрақұрылымды, айталық сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамытудың негізгі мәселелері мен перспективалары қарастырылды.
ҚР ИИДМ Құрылыс және ТКШ комитеті төрағасының орынбасары Әзімбек Пазылбекұлы Қазақстанның қалаларындағы кәріз-тазарту жүйелерін салып, жаңғырту жобаларын іске асыру тәсілдері мен тетіктерін, сондай-ақ су және жылумен жабдықтау, суды бұру жүйелерін дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды тізбектеді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, республика аумағында шамамен 128 мың шақырым жылу әрі сумен жабдықтау және су бұру желілері бар. Олардың орташа тозу деңгейі – 51%. Жылумен жабдықтау желілерінің тұтастай ұзындығы шамамен 14 мың шақырым, орташа тозуы – 54%. Әсіресе Павлодар (82%), Абай (68%), Қарағанды (68%), Шығыс Қазақстан (66%), Солтүстік Қазақстан (65%) және Қостанай (57%) облыстарында бұл көрсеткіш сақталып отыр.
Министрлік жағымсыз динамиканы төмендету үшін қаржыландырудың үш тетігін іске асырып жатыр: нысаналы трансферттер, бюджеттік кредит, шығындарды 50%-ға дейін субсидиялау. Сонымен қатар 2023 жылы Үкімет тозу көрсеткіші 75%-дан асатын 47 жобаға 69,4 млрд теңге бөлуді құптады. Бұл қаражатқа шамамен 107 шақырым жылу желілерін жаңғырту жоспарланып отыр.
Тағы бір негізгі бағыт сумен жабдықтау жүйелерін дамыту саналады. Осы ретте сумен жабдықтау және су бұру желілерінің ұзындығы 97 мың шақырым және 16 мың шақырымға жалғасып жатқанын айта кету керек. Сумен жабдықтау желілерінің тозуы 43%-ды көрсетсе, су бұру желілерінің тозу деңгейі – 55%.
2025 жылдың соңына дейін 1 395 ауылдағы ауыз су мәселесін шешу жоспарланып отыр.
Кеңесте қатысушылар кәсіпорындарда цифрлы технологиялар мен автоматтандыруды енгізу, SCADA бақылау және басқару жүйесінің мүмкіндіктері мен заманауи технологиялар және жабдықтардың артықшылығымен танысты.