Әлихан Смайылов «Kazakhstan Machinery Fair 2023» машина жасау және металл өңдеу көрмесіне қатысты
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Астанада өтіп жатқан «Kazakhstan Machinery Fair 2023» III Халықаралық мамандандырылған көрмесінде отандық машина жасау өнімдерінің жаңа түрлерімен және саланың заманауи технологиялық шешімдерімен танысты.
Үкімет басшысының назарына ауыл шаруашылығының, жүк және арнайы техникалардың, металл өңдеуге арналған станоктар мен құрылғылардың, дәнекерлеу жабдықтарының және ілеспе материалдардың, байланыс құралдарының, оптикалық аспаптардың соңғы үлгілері, сондай-ақ робототехниканың, өнеркәсіптік 3D басып шығарудың, өндірісті автоматтандырудың, инжинирингтің элементтері ұсынылды. Биылғы көрмеге 200-ге жуық отандық және шетелдік компания қатысуда.
Сонымен қатар Әлихан Смайыловқа Қазақстанда Hyundai Staria үлгісінде шығарылған медициналық жедел жәрдем көлігі таныстырылды. Ол қуатты қозғалтқышпен және әлемдегі жетекші өндірушілердің заманауи жабдықтарымен қамтылған. Салоны кең болғанымен, көлік халық тығыз орналасқан аудандар мен тар аулаларда еркін қозғала алады.
Көрмеге «Қостанай трактор зауыты» ЖШС Кировец К-742 тракторы, Lovol и Deutz Fahr тракторлары, сондай-ақ «Агромашхолдинг KZ» АҚ Essil комбайндары, «СемАЗ» ЖШС Jinma тракторы және басқа да ауыл шаруашылығы техникасының әртүрлі үлгілері қойылды.
Премьер-Министр отандық машина жасау саласын одан әрі дамыту үшін Үкімет тиісті қолдау шараларын жалғастыратынын баса айтты. Атап айтқанда, жаңа технопарктер құруға, қаржыландырудың қолжетімділігін кеңейтуге, жергілікті қамтуды арттыруды ынталандыруға және кооперациялық байланыстарды нығайтуға, кәсіпкерлікті қолдаудың басқа да қажетті шараларын қабылдауға басымдық берілетін болады.