Сенаторлар өңірлердегі өзекті мәселелерді мәслихат депутаттарымен бірлесіп шешуге ниетті
Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің сенаторлары Мемлекет басшысының «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауын іске асыру аясында республикалық маңызы бар қалалар мен облыстық мәслихаттардың депутаттарымен кездесу өткізді. Онда мәдениет, мұрағат ісі, ономастика, геральдика және спортты дамытуға қатысты мәселелер талқыланды.
Комитет төрағасы Нұртөре Жүсіп Сенатта облыстардың проблемалық мәселелерін зерделеу жұмыстары белсенді жүргізіліп келе жатқанын және өңірлердегі мәслихаттармен өзара іс-қимыл проблемаларды шешудің маңызды тетігі екенін атап өтті.
«Бүгінгі шараның мақсаты – азаматтарымызды алаңдататын мәдениет, мұрағат ісі, ономастика, геральдика және спорт салаларын дамытудың өзекті мәселелерімен танысу болып отыр. Сенаторлар жергілікті жерлерде өкілдерге құлақ қойып, тыңдауға және құзыретті мемлекеттік органдармен бірлесіп, өзекті мәселелерді, оның ішінде заң шығару қызметі арқылы пысықтауға және шешуге дайын», - деді сенатор Жүсіп.
Кездесу барысында Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Атырау, Түркістан облыстары, Абай облысы және Алматы қаласы мәслихаттарының өкілдері парламентшілерге өз өңірлеріндегі ахуал туралы айтып, оларды шешу жөнінде ұсыныстарын айтты.
Сенат депутаттары сонымен қатар шараға қатысушылармен бірлесіп, кездесу барысында мәдениет, мұрағат ісі, ономастика, геральдика және спортты дамытудағы жағдайды жақсартуға мүмкіндік беретін салалық мемлекеттік органдардың атына ұсынымдар дайындады.