Елордалық бригаданың әскери қызметшілері Жауынгерлік тумен қоштасты
Ақмола өңірлік гарнизонының 68665 әскери бөлімінде белгіленген әскери қызмет мерзімін аяқтаған жүзден астам сарбазды шығарып салу рәсімі өткізілді.
Әскерде олар граната лақтыру, пулеметтен ату, мергендік және зеңбірекші сынды әскери-есепке алынатын мамандықтарды меңгерді.
– Бір жыл ішінде сендер қару-жарақ пен әскери техниканың заманауи үлгілерін зерделедіңдер. Шынығып шымыр болдыңдар, психикалық тұрғыдан нығайдыңдар. Армия мектебінен алған ілімдерің алда азаматтық салада да қажеттеріңе жарарына сенімім мол, – деп атап өтті бригада командирі подполковник Абай Әлібеков.
Білім беру жеңілдіктері мен әскерде еңбек нарығында сұранысқа ие жұмысшы мамандығын меңгеру мүмкіндігінің болуы жастардың болашақ жолды таңдау көкжиегі едәуір кеңейгенін көрсетті.
– Әскерге келгеніме өкінбеймін. Әсіресе, бейімделу кезінде қолдау көрсеткен және осында алған білім үшін командирлерге ризашылығым шексіз. Әскерге келгенім болашаққа сенім артуға және жаңа перспективаларға жол ашты, – деп бөлісті Алматы облысынан келген шабуылдау батальонының мергені қатардағы жауынгер Айбек Ташкинбай.
Басшылық әскери қызметшілерге адал қызметі үшін алғыс айтып, грамоталар мен естелік сыйлықтар табыс етті. Ерекше көзге түскен сарбаздардың ата-аналарына алғыс хаттар жолданды.
Көптеген жастар ұлттық бірыңғай тестілеуден өтпей-ақ еліміздің жоғары оқу орындарына түсу құқығын пайдалануға ниетті екенін айта кеткен жөн. Ал кейбір әскери қызметтің қыр-сырын біліп, ырғағына үйренгендер армияда қалып, келісімшарт бойынша әскери қызметті жалғастыруды жөн көріп отыр.