Берік Уәли жағажайдағы тәртіпті күшейтуді тапсырды
Бүгін аймақ басшысы Берік Уәли Семей қаласының сол жағалауындағы жағажайда жүргізілген абаттандыру жұмыстарының барысымен танысты.
Жағажай аумағында тұрғындардың жайлы әрі қауіпсіз демалуына қажетті инфрақұрылым қалыптастырылған. Атап айтқанда, қоршау орнатылып, ағаш төсемдер төселген, демалуға арналған үстелдер, қолшатырлар, күркелер, шезлонгтар қойылған. Сонымен қатар екі құтқару мұнарасы, медициналық пункт, күзет бекеті, модульдік дәретхана, павильондар, жағажай волейболына арналған алаңдар мен ақпараттық тақталар орнатылған. Жағажай күн сайын сағат 08:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейді.
Айта кетейік, биыл Семей қаласындағы үш жағажай толық абаттандырылып, тұрғындардың игілігіне берілді. Демалыс орындарында құтқару мұнаралары, медициналық пункттер, күзет бекеттері және өзге де қажетті инфрақұрылым қарастырылған. Демалыс күндері бұл жағажайларға 3 мыңнан 5 мыңға дейін адам келеді.
Облыс әкімі жағажайды аралау барысында тазалық мәселесіне ерекше назар аударды. Айта кетейік, жуықта демалушы қала тұрғындары осы жағажайдағы шлагбаум мен демалыс орындықтарына зақым келтірген болатын. Сондай-ақ, мұндағы бірқатар орындықтардың ұрланып, аумаққа тұрмыстық қоқыс тасталғаны анықталған. Осыған байланысты аймақ басшысы облыстық Полиция департаментіне құқық бұзушылыққа қатысы бар тұлғаларды жедел анықтап, оларды заң аясында қатаң жауапкершілікке тартуды, сондай-ақ, жағажай аумағында қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік шараларын күшейтуді тапсырды. Полиция департаменті өкілдері жағажайда қауіпсіздік талаптары күшейтілгенін, тәртіп бұзған азаматтардың іздестіріліп жатқанын айтты. Шомылу маусымы басталғаннан бері осы жағажайда 60 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған (оның 42-сі масаң күйде болғаны үшін, 18-і қоқыс тастағаны үшін).
Облыс әкімі демалушылардың қауіпсіздігі мен жағажайдың тазалығы басты назарда болуы керек екенін атап өтті.









