ТКШ саласын жаңғырту, транзитті дамыту және ауылды қолдау: Үкімет Президент тапсырмаларын жүзеге асыруда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында инфрақұрылымдық дамуды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына заманауи технологиялар енгізуді басты басым бағыттардың бірі ретінде айқындады.
Бүгінде Үкімет жекелеген нысандарды жөндеу тәжірибесінен бас тартып, желілер мен магистральдарды жүйелі түрде жаңартуға көшуде. Инфрақұрылымның негізгі салаларындағы жұмыс нәтижелері мен алдағы жоспарлар Primeminister.kz редакциясының шолуында қамтылған.
Жаңа су қоймаларын салу және тұтынуды цифрлық есепке алу жүйесіне көшу
Елімізде су ресурстарын тиімді басқару Мемлекет басшысының ерекше бақылауында. Президент тапсырмаларын орындау аясында 2025 жылы жалпы құны 218 млрд теңгеден асатын 22 жоба іске қосылды. Оның ішінде 14 топтық су құбыры мен 8 су құбыры құрылысы алаңы пайдалануға беріліп, нәтижесінде 945 мыңнан асатын тұрғыны бар 321 ауылдың сумен қамтылуы жақсарды.
Елді мекендерді су басудан қорғау және су қорын тұрақты жинақтау мақсатында бірқатар ірі гидрологиялық нысанда реконструкциялау жұмыстары жүргізілді және нығайтылды. Атап айтқанда, Ақтөбе облысындағы Ақтөбе су қоймасы, Жетісу облысындағы Қызылағаш су қоймасы бөгеті, Абай облысындағы Шар су қоймасы, Батыс Қазақстан облысындағы Киров су қоймасы, Түркістан облысындағы Қапшағай су қоймасы, Жабай өзеніндегі су жинақтаушы тоған, Ақмола облысы, Солтүстік Қазақстан облысындағы «Биопруд» жинақтағышының қорғаныш бөгеті және Қостанай облысындағы Албарбөгет бөгеті жаңғыртылды.
Биыл Түркістан облысындағы Қарақуыс және Бәйдібек ата су қоймаларының, Ақмола облысындағы Жабай өзеніндегі су жинақтаушы тоғанның және Жамбыл облысындағы Андас-3 тоғанының құрылысы аяқталады. Сондай-ақ 12 сумен жабдықтау жобасын аяқтау жоспарланып отыр. Бұл тағы 142 ауылдық елді мекенді немесе шамамен 540 мың тұрғынды сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар арналарды ауқымды реконструкциялау жұмыстары жүргізілуде. 2026 жылдың 6 айында 206,19 шақырым канал реконструкцияланды, ал жыл соңына дейін жалпы ұзындығы 976 шақырымнан астам арнаны жаңғырту жұмыс жұмыстарын аяқтау жоспарланған (салыстыру үшін: 2025 жылы барлығы 680 км жаңартылды).
Сонымен қатар Алматы облысында Д. Қонаев су арнасының апатты 1,5 шақырым учаскесі қайта жаңғыртылып, 75 гидротехникалық құрылысты қамтитын ұзындығы 26 шақырымдық жаңартылған «Найман» су арнасы пайдалануға берілді. Бұл су шығынын азайтып, 33,3 мың гектардан астам ауыл шаруашылығы алқаптарын суару жағдайын жақсартты. Сондай-ақ Батыс Қазақстан облысындағы (Тоған ауылы) Киров су қоймасының гидротехникалық құрылыстарында жақын маңдағы ауылдарды қорғау үшін тасқын суларды сенімді әрі қауіпсіз өткізуге мүмкіндік беретін жұмыстар аяқталды.
2026 жылдың басынан бері еліміздің су қоймаларына 12,7 млрд м3 тасқын су жиналды. Көл жүйелері мен сағаларға 13 млрд м3 қарғын су жіберілді. Ресурстарды бөлудің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында Су ресурстары және ирригация министрлігі «Қазсушар» РМК-мен электронды шарттар жүйесін енгізді. Қазіргі таңда «Биллинг» цифрлы платформасында 28 мыңнан астам келісім тіркелген.
Өткен жылғы суару маусымында 1,2 млн гектар егістік алқапты суаруға 11,1 км3 су жұмсалды. Оның 97%-ы оңтүстік өңірлерге тиесілі болды. Биылғы маусымда дәл осындай көлемдегі егістік жерді суару үшін шамамен 11 м3 су алу жоспарланған.
Су қоймаларына келетін су көлемін дәл болжау мақсатында БҰҰДБ-мен бірлесіп әзірленген TALSIM гидрологиялық моделі енгізілуде. Өткен жылғ көктемгі су тасқыны кезінде аталған жүйе Есіл және Нұра өзендері бойынша 85%-дық дәлдік көрсетті. Жыл басына қарай 9 өзен бассейнін модельдеу аяқталды, ал 2026 жылдың соңына дейін 14 өзен бассейні бойынша болжамдар іске қосылады.
Президент қойған тағы бір маңызды міндет – суды ұқыпты тұтыну мәдениетін қалыптастыру. ЮНИСЕФ қолдауымен су тақырыбы білім беру үдерісіне енгізілуде. «Адал азамат» мемлекеттік тәрбие бағдарламасы аясында 19 жоғары оқу орнында, 100 колледж бен 2,5 мың мектепте ұйымдастырылып, 35,5 мың студент пен 3,3 млн оқушыны қамтыған эко-сабақтар өтті. Президент бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» акциясы аясында «Мөлдір бұлақ» акциясы өткізілуде. 2026 жылы іс-шаралар Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Алматы және Жетісу облыстарын, сондай-ақ Шымкент қаласында ұйымдастырылды. 24 мың азамат пен 3,4 мың еріктінің қатысуы арқылы 94 бұлақ пен 62 жағалау аумағы тазартылды. Жамбыл облысында салалық университет жанынан «Болашақтың қайнары» мамандандырылған еріктілер тобы құрылды.
Су үнемдеуге ынталандыру мақсатында мемлекеттік қолдау шаралары жаңартылды. Субсидиялау функциясы Су ресурстары және ирригация министрлігіне берілді. Диқандардың суды үнемдейтін технологиялар сатып алуға және қажетті инфрақұрылым жүргізуге жұмсаған шығындарын өтеу үлесі 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайтылды. Сондай-ақ тарифке байланысты субсидиялардың сараланған мөлшері енгізілді.
Сонымен қатар «Климат өзгерісіне төзімді су ресурстарын дамыту» жобасының бірінші кезеңі басталды. Жоба Жамбыл, Қызылорда және Батыс Қазақстан облыстарында үш жаңа су қоймасын салуды, жұмыс істеп тұрған екі су қоймасын (Қарақоңыз және Көксарай) реконструкциялауды, сондай-ақ оңтүстіктегі бес облыста ұзындығы 978,7 шақырым 103 арнаны жаңғыртуды және автоматтандыруды көздейді. Ведомстволық ұйымдардың техникалық және сараптамалық әлеуетін дамытуға $3,5 млн бөлінді. Ал халықаралық серіктестермен жасалған келісімдер аясында $15,9 млн-нан астам гранттық қаражат тартылды.
Сонымен қатар, Түркістан облысында бес ауданды ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы 191,7 млрд теңге көлемінде инвестицияға Өгем өзенінде ГЭС каскады бар топтық су құбырын салу жоспарланып отыр.
Жаңа өндіруші қуаттарды іске қосу және мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту
Қазіргі уақытта Қазақстанда 254 электр стансасы жұмыс істейді. Олардағы жабдықтардың орташа тозу деңгейі 56%-ды құрайды. Электр энергиясын өндіру көлемі 63,1 млрд кВт/сағ ішкі тұтыну кезінде 63,1 млрд кВт / сағ құрады. Экономиканың өсіп келе жатқан қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін 2035 жылға дейінгі жоспар аясында 26 ГВт-тан астам жаңа электр энергиясын өндіру қуатын іске қосу көзделген. Осы міндеттер шеңберінде Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында жаңа жылу электр орталықтарын (ЖЭО) салу жұмыстары жүргізілуде. Аталған жобалар бойынша инвесторлар айқындалып, жобалау мен жабдықтарды жеткізуге арналған EPC-келісімшарттарға қол қойылды. Төмен көміртекті экономикаға кезең-кезеңімен көшу мақсатында жаңартылатын энергия көздерін (ЖЭК) дамыту бойынша жүйелі шаралар қабылдануда. Қазіргі уақытта елімізде жалпы қуаты 3,8 ГВт-тан асатын 172 жаңартылатын энергия көзі нысаны жұмыс істейді. Олардың құрылымы төмендегідей:

-
71 жел электр стансасы – жалпы қуаты 2 ГВт;
-
54 күн электр стансасы – жалпы қуаты 1,4 ГВт;
-
44 гидроэлектрстансасы – жалпы қуаты 313,68 МВт;
-
3 биогаз электр стансасы – жалпы қуаты 1,77 МВт.
2026 жылға жалпы қуаты 245,8 МВт болатын жаңартылатын энергия көздерінің 10 жобасын іске қосу жоспарланған. Бүгінгі таңда олардың жалпы қуаты 212 МВт болатын 7 нысаны жүзеге асырылды.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша мұнай өндіру көлемі 13,5%-ға өсіп, 99,6 млн тоннаны құрады. 2026 жылға арналған жоспар – 98 млн тонна. 2026 жылғы қаңтар-маусым айларында 45,7 млн тонна мұнай өндіріліп, 8,985 млн тонна мұнай өңделді. Қазіргі таңда еліміздегі 4 жұмыс істеп тұрған битум зауытының жалпы өндірістік қуаты жылына 1,66 млн тоннаға жетті. Бұл көрсеткіш жол құрылысы жұмыстарына қажетті ішкі сұранысты толық қамтамасыз етеді.
Шикізаттық бағыттан терең өңдеуге көшу мақсатында Үкімет 2040 жылға дейінгі мұнай өңдеу саласын дамыту тұжырымдамасын қабылдады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша мұнай өңдеу көлемі 18,4 млн тоннаны құрады. 2026 жылы негізгі мұнай өңдеу зауыттарының қуатын арттыру жобаларын іс жүзінде жүзеге асыру басталды: Павлодар мұнай-химия зауытының (МХЗ) қуаты жылына 5,5 млн тоннадан 9 млн тоннаға дейін; Шымкент мұнай өңдеу зауытының (ПКОП) қуаты жылына 6 млн тоннадан 12 млн тоннаға дейін;Атырау мұнай өңдеу зауытының (МӨЗ) қуаты жылына 5,5 млн тоннадан 6,7 млн тоннаға дейін арттыру көзделген. Зауыттарда бекітілген кестеге сәйкес жоспарлы-алдын алу жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Газ саласында өткен жылдың қорытындысы бойынша газ өндіру көлемі 15%-ға өсіп, 68,2 млрд текше метрді құрады. 2026 жылға арналған жоспар – 62,8 млрд текше метр. 2026 жылғы қаңтар–маусым айларында 31,9 млрд текше метр газ өндірілді. Ал биылғы жылға елді мекендерді газбен қамтамасыз ету жоспарлы деңгейі 64,3% болып белгіленді.
Коммуналдық желілерді жөндеуді қаржыландыру және инфрақұрылымның тозу деңгейін төмендету
Соңғы екі жылда «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы аясында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына шамамен 605 млрд теңге инвестиция тартылды. Осы қаражат есебінен 12,3 мың шақырым инженерлік желі жөнделіп, соның нәтижесінде инфрақұрылымның орташа тозу деңгейі 6,2 пайыздық тармаққа төмендеді.
Жылу, электр, сумен жабдықтау және су бұру желілерін кешенді жаңғырту мақсатында «Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы қабылданды. Жобаның негізгі мақсаты – ел бойынша жабдықтар мен инженерлік желілердің тозу деңгейін 40%-ға дейін төмендету, сондай-ақ апаттық деңгейді 20%-ға қысқарту. Жобаны жүзеге асыруға тартылатын инвестициялардың жалпы көлемі шамамен 13 трлн теңгені құрайды. Коммуналдық секторды жаңғырту аясында 86 мың шақырым инженерлік желіні жаңартуға 6,8 трлн теңге бағыттау жоспарланып отыр. Оның ішінде:
-
77,6 мың шақырым электр желісі;
-
4,7 мың шақырым сумен жабдықтау желісі;
-
2,6 мың шақырым су бұру желісі;
-
1,6 мың шақырым жылу желісі.
2025 жылы Ұлттық жобаны жүзеге асыру аясында активтерінің тозу деңгейі жоғары 17 пилоттық жобаға шамамен 31,7 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінді. Жаңғыртудың тарифтерге әсерін азайту мақсатында қарыздар бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялауды көздейтін түзетулер қабылданды. Ал халықтың әлеуметтік осал топтары үшін коммуналдық қызметтерге жұмсалатын шығындарды өтеуге атаулы әлеуметтік көмек қарастырылған.
Тағы 6,2 трлн теңге белгіленген қуатты 32,6 ГВт-қа дейін арттыру үшін жаңа электр энергиясын өндіру қуаттарын жаңғыртуға және салуға жұмсалады. Бұл ретте Үкімет отандық өндірушілерге басымдық береді: 2,24 трлн теңгеге 2 786 тауар позициясы айқындалды, 220 қазақстандық зауыттан және өңірлерде 669 білікті EP-мердігерлерден пул қалыптастырылды.
Транзит көлемін ұлғайту және 11 мың шақырым автожолды жөндеу
Үкімет Мемлекет басшысының 2024 жылғы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында қойылған міндеттерді орындау аясында транзиттік әлеуетті дамытуды жалғастыруда. Қаңтар–маусым айларында көліктің барлық түрімен жүк транзитінің жалпы көлемі 21,7 млн тоннаны құрады, бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 24%-ға артық (17,5 млн тонна).
2026 жылы құрылыс және жөндеу жұмыстары рекордтық 11 мың шақырым жолды қамтыды. Оның ішіндегі 3,4 мың шақырымы республикалық маңызы бар жолдар желісін салу және реконструкциялау, 5 мың шақырымы республикалық трассаларды күрделі және орташа жөндеу, 2,4 мың шақырымы жергілікті маңызы бар жолдарды жөндеу. Жолдарды күтіп ұстау мақсатында ақылы жол учаскелері жүйесі дамытылуда. Жуырда бұл тізім жалпы ұзындығы 1,6 мың шақырым болатын тағы 6 жаңа бағытпен толықтырылады: Қарағанды - Балқаш, Бурылбайтал - Күрті, Ақтөбе - Қандыағаш, Талдықорған - Өскемен, Атырау - Астрахан, Мерке - Шу. Нәтижесінде ақылы жолдарының жалпы ұзындығы 4,9 мың шақырымнан 6,7 мың шақырымға дейін ұлғаяды.
Қазақстанның авиация паркінде 111 әуе кемесі бар. Биыл бір Airbus A321 neo және екі Boeing 737 MAX 8 ұшағы жеткізілді. Қазіргі уақытта Қазақстан 32 мемлекетпен халықаралық әуе қатынасын орнатқан. Жалпы саны 158 бағыт бойынша аптасына 915 рейс орындалады. 2026 жылы мынадай инфрақұрылымдық жобалар іске асырылуда: Арқалық әуежайын қалпына келтіру; Зайсан, Қатонқарағай және Кендірлі әуежайларын салу; Шымкент әуежайында екінші ұшу-қону жолағын салу; Алматы әуежайының терминалын жаңғырту және Үржар әуежайын реконструкциялау; Павлодар әуежайының ұшу-қону жолағын реконструкциялау.

Теміржол саласында да жартыжылдықтың оң динамикасы байқалады: қаңтар–маусым айларында теміржол көлігімен 157,1 млн тонна жүк тасымалданды (өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,5%-ға көп — 151,9 млн тонна). Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2029 жылға дейін 11 мың шақырым теміржолды жөндеу жоспарланған. Оның ішінде 5216 шақырым жөнделіп болды, ал биылғы жылдың жоспары – 1577 км. Өткен жылдың қорытындысы бойынша салада бірқатар маңызды оқиғалар тіркелді:
-
«Достық – Мойынты» теміржолының екінші желісі пайдалануға берілді (836 шақырым);
-
«Қызылжар – Мойынты» теміржол желісінің құрылысы басталды (323 шақырым);
-
«Алматы айналма теміржол желісі» жобасы бойынша жұмыс қозғалысы іске қосылды (75 шақырым);
-
775 локомотивті (Wabtec, Alstom, CRRC) және 2,7 мың фитингтік платформаны жеткізу бойынша келісімшарттарға қол қойылды;
-
Ел бойынша 124 теміржол вокзалын жаңғырту басталды;
-
Ақтау теңіз портында контейнерлік хабтың құрылысы аяқталды.
Сонымен қатар Құрық-Баку бағытына құрғақ жүк кемесі шығарылып, жалпы құны 74,3 млрд теңге болатын 8 жаңа кеменің құрылысы басталды. Оларды 2028 жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған.
Автомобиль бағыттарында тасымалдау географиясы 42 мемлекетпен жасалған келісімдердің арқасында кеңейіп келеді. Түрікменстан, Иран және Түркиямен рұқсаттамасыз тасымалдау жүйесі енгізілді. Сонымен қатар Қазақстан Қытай аумағының ішкі өңірлеріне транзиттік автокөлік тасымалдарын жүзеге асыру құқығына ие болды. Еліміздің автомобиль жолдарында жүк көліктерінің салмағы мен көлемі параметрлерін автоматты түрде бақылау үшін 83 автоматтандырылған салмақ өлшеу стансасы орнатылды. Олар адамның қатысуынсыз айыппұлдарды автоматты түрде рәсімдеу үшін Әкімшілік іс жүргізудің бірыңғай тізілімі жүйесімен біріктірілген.
Инфрақұрылымдық стандарттарды теңестіру және ауылдарды қолдау бағдарламаларын жүзеге асыру
Өңіраралық айырмашылықты азайту мақсатында 2030 жылға дейінгі өңірлік даму тұжырымдамасы қабылданды. Мемлекет Өңірлік стандарттар жүйесін енгізіп, оның талаптарын бюджеттік жоспарлаумен байланыстырды. Негізгі игіліктермен қамтамасыз етілу деңгейі төмен өңірлер республикалық бюджеттен басым тәртіппен қаржыландырылады. 2025 жылғы жағдай бойынша қалалардағы орташа қамтамасыз етілу деңгейі – 89,1%; ауылдарда – 67,6%. 2029 жылға қарай бұл көрсеткіштерді тиісінше 96% және 71% деңгейіне жеткізу жоспарланып отыр.
«Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы ауылдық инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған. Өткен кезеңде бағдарламаға 177 млрд теңге бөлініп, 800 ауыл жаңғыртылды. 2025 жылы республикалық бюджет пен Ұлттық қордан 73 млрд теңге бөлініп, 226 ауылда 255 жоба жүзеге асырылды. Нәтижесінде 150 әлеуметтік нысан және 67 тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысаны салынып, қайта жаңғыртылды, 180 км жол жаңартылды, 1 мың шақырым ауылдық инженерлік желі жаңартылды.
Ауыл тұрғындары «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында кәсіп ашуға жылдық 2,5%-бен несие ала алады. Несие ауыл шаруашылығына жатпайтын қызмет түрлері үшін 5 жылға дейін, ал АӨК саласында 7 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Ең жоғары несие сомасы – 2,5 мың АЕК-ке дейін, кооперативтер үшін – 8 мың АЕК-ке дейін. 2026 жылы жобаны іске асыруға 5,4 мың жобаға бюджеттік микронесиелер мен лизинг беру үшін 100 млрд теңге қарастырылған. Сонымен қатар қазіргі уақыттағы жағдай бойынша бағдарлама аясында жалпы сомасы 33,7 млрд теңгеге 3132 жоба нақты қаржыландырылды.

Кадр тапшылығы мәселесін шешу мақсатында «Дипломмен – ауылға» бастамасы аясында денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және АӨК салаларының жас мамандарына 100 АЕК мөлшерінде көтерме жәрдемақы және тұрғын үй сатып алуға жылдық 1%-бен 15 жылға дейінгі мерзімге бюджеттік несие беріледі. Бұл ретте маман ауылдық жерде кемінде үш жыл жұмыс істеуге міндетті.
Шағын қалаларды дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. 2025 жылы бюджет пен Ұлттық қордан 21 қалада 40 жобаны іске асыруға 11,9 млрд теңге бөлінді. Соның нәтижесінде 42 шақырым жол мен 40 шақырым инженерлік желі жаңғыртылды.