Алаяқтар жаңа тәсілге көшті: Абай облысында 680-нен астам адам зардап шекті
Жыл басынан бері Абай облысында 680-нен астам адам интернет-алаяқтықтан зардап шекті. Қаскөйлер азаматтарды алдау үшін телефон қоңырауларын, мессенджерлерді, әлеуметтік желілерді және жасанды интеллект технологияларын пайдаланып келеді.
Кең таралған тәсілдердің бірі – өзін банк, полиция немесе басқа ұйымның қызметкері ретінде таныстыру. Алаяқтар "күдікті операция анықталды" деп, азаматтардан SMS-кодты сұрайды, несие рәсімдеуге немесе ақшаны "қауіпсіз шотқа" аударуға көндіреді. Кей жағдайда бейнеқоңырау арқылы полиция формасы мен погондарға ұқсас атрибуттарды пайдаланып, азаматтардың сеніміне кіреді.
Тағы бір кең таралған схема – жалған инвестициялық платформалар мен криптовалютаға ақша салуды ұсыну. Әлеуметтік желілерде "кепілдендірілген табыс" туралы жарнамалар таратылады. Алаяқтар тіпті танымал тұлғалардың бейнесін жасанды интеллект көмегімен жасап, жалған жарнамаға пайдалануы мүмкін.
Алғашқы салымнан кейін жалған платформада "табыс" көрсетіліп, азаматтан одан әрі қомақты қаражат аудару талап етіледі.
Полиция ескертеді:
- SMS-кодтарды, банк картасының деректерін, логиндер мен құпиясөздерді ешкімге бермеңіз;
- "қауіпсіз шотқа" ақша аудармаңыз;
- "оңай әрі кепілдендірілген табыс" туралы ұсыныстарға сенбеңіз;
- күмәнді қоңырау түссе, әңгімені дереу тоқтатып, банкке немесе полицияға өзіңіз хабарласыңыз.
Алаяқтар сізді асықтыруға тырысады. Сіз асықпаңыз. Бір қоңырауды тексеру – жинаған қаражатыңызды сақтап қалуы мүмкін.