Cемей24°С
Ауа-райы
  • Абай22°С
  • Аягөз21°С
  • Ақсуат20°С
  • Бородулиха20°С
  • Қалбатау19°С
  • Курчатов23°С
  • Көкпекті20°С
  • Үржар21°С
467.65 533.26 5.96

Үкімет басшысының бірінші орынбасары Семейдегі стратегиялық инфрақұрылым нысандарын аралады

Бүгін, 17:04 Думан Кенжеғазыұлы

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев өңірге жұмыс сапары аясында облыс әкімі Берік Уәлимен бірге Семей қаласындағы бірқатар стратегиялық маңызы бар инфрақұрылым нысандарының жұмысымен танысты. Сапар барысында қаланың жылу-энергетикалық жүйесінің жай-күйі мен тұрғын үй құрылысының қарқынына ерекше назар аударылды.

Үкімет басшысының бірінші орынбасары әуелі ТЭЦ-1 кәсіпорнына барды. Бұл – Семей қаласын жылу энергиясымен қамтамасыз ететін негізгі стратегиялық нысандардың бірі. Кәсіпорын 433 көппәтерлі тұрғын үйді, 56 әлеуметтік нысанды, 30 бюджеттік ұйымды, 673 коммерциялық кәсіпорынды және 27 410 абонентті жылумен қамтып отыр. Қызмет көрсететін жылу желілерінің ұзындығы 102,691 шақырымды құрайды. 

Облыста 2026-2027 жылдарға жылыту маусымына дайындық аясында жалпы сомасы 13,6 млрд теңгені құрайтын 26 жобаны іске асыру жоспарланған. Сондай-ақ, жалпы сомасы 4,2 млрд теңгеге 13 жылу көзіне жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделген. Оның 11-і Семей қаласында орналасқан. Бұдан бөлек ұзындығы 26,8 шақырым жылу желілерін жөндеу жоспарланған. Жобалар толық аяқталғаннан кейін облыс бойынша жылу желілерінің тозу деңгейі 55,6%-дан 52,3%-ға дейін, оның ішінде Семей қаласында 58,2%-дан 54,1%-ға дейін төмендейді деп күтілуде.

Облыс әкімі биыл Семей қаласының тарихында алғаш рет жаз мезгілінде тұрғындарға ыстық су үздіксіз беріле бастағанын айтып, бұл жылу инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстарының нақты нәтижесі екенін жеткізді.

Айта кетейік, былтыр Үкіметтің қолдауымен жылыту маусымына дайындық жұмыстары аясында жалпы сомасы 12,6 млрд теңге 23 жылу орталықтары мен 22 шақырым жылу желісі жөнделді.

Үкімет басшысының бірінші орынбасары жылу жүйелерін жаңғырту жұмыстарының маңызын атап өтіп, қысқы жылу маусымына дайындықты ерте бастап, барлық нысандарды уақтылы әзірлеу қажеттігін айтты.

«Қыс мезгіліне дайындық – өте маңызды мәселе. Бұған жақсы дайындалуымыз керек. Біріншіден, барлық жылу жүйелерін жөндеуден өткізіп, әлеуметтік, кәсіпкерлерік нысандарды тексеру қажет. 1 қыркүйекке дейін барлық жылу жүйелері дайын болуы керек», – деді Н. Нәлібаев.

Қарағайлы тұрғын ауданында салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйлердің құрылыс барысымен де танысты. Мұнда жалпы ауданы 67,9 мың шаршы метрді құрайтын 13 тұрғын үйдің құрылысы аяқталуға жақын. Жоба аясында 712 пәтер пайдалануға беріледі. Оның ішінде 16 бір бөлмелі, 248 екі бөлмелі, 232 үш бөлмелі және 216 төрт бөлмелі пәтер қарастырылған. Жобаның жалпы құны – 20,8 млрд теңге. Құрылыс жұмыстарының дайындық деңгейі – 90 пайыз. Тұрғын үйлерді биылғы жылдың қазан айында пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Жалпы, бүгінде Семей қаласында 31 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы қатар жүргізілуде. Бұл жобалар өңірдегі тұрғын үй қорын ұлғайтып, халықты заманауи әрі жайлы баспанамен қамтамасыз етуге бағытталған.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив