Cемей24°С
Ауа-райы
  • Абай22°С
  • Аягөз21°С
  • Ақсуат20°С
  • Бородулиха20°С
  • Қалбатау19°С
  • Курчатов23°С
  • Көкпекті20°С
  • Үржар21°С
467.65 533.26 5.96

Семей қаласындағы көлік инфрақұрылымы нысандарының құрылыс барысын қадағалады

Бүгін, 17:52 Думан Кенжеғазыұлы

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев өңірге жұмыс сапары барысында Семей қаласындағы көлік инфрақұрылымы нысандарының құрылыс барысын қадағалады. Облыс әкімі Берік Уәлимен бірге Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан автомобиль көпірін реконструкциялау жұмыстарының барысымен танысты.

Қазіргі уақытта мұндағы құрылыс-монтаж жұмыстары 70 пайызға орындалған. Жобада көзделген тоғыз тіректің сегізі орнатылды. Көпір төрт жолақты қозғалысқа есептелген, ені – 23 метр, ұзындығы – 810 метр болады. Құрылысты аяқтау үшін арнаулы мемлекеттік қордан қаражат бөлінген. 

Ал ескі автогуж көпірі халықтың серуендеуіне, демалуына қолайлы жаяу жүргіншілер көпіріне айналады.

Үкімет басшысының бірінші орынбасары көлік өткелінің стратегиялық маңызын атап өтіп, бөлінген қаражатты тиімді игеруді және көпір арқылы көлік қозғалысын биыл қамтамасыз етуді тапсырды.

«Абай облысы Мемлекет басшымыздың Жарлығымен жаңа облыс болып құрылды. Төрт жылға жуық мерзім ішінде өңірде көптеген жаңа жобалар сәтті жүзеге асырылып жатыр. Сондай үлкен жобалардың бірі – автокөлік көпірі. Қазан айында құрылысы аяқталып, қолдануға беріледі. Бұдан бөлек жаңа жылу электр орталығының құрылысы басталғалы отыр. Қаншама әлеуметтік нысандар, спорт кешендері, мәдениет үйлері салынайын деп жатыр. Президенттің Үкіметке берген тапсырмасына сәйкес ірі жобаларға, оның ішінде әлеуметтік салаға ерекше көңіл бөлінеді. Халыққа ең қажетті деген нысандар салынады», – деді Н. Нәлібаев.

Сонымен қатар Үкімет басшысының бірінші орынбасары Семей қаласындағы теміржол вокзалын реконструкциялау жұмыстарын көрді. 1915 жылы салынған вокзал ғимаратына соңғы рет 1972 жылы қайта жаңғырту, ал 2013 жылы күрделі жөндеу жүргізілген. Реконструкция аяқталғаннан кейін вокзалдың жалпы аумағы 3 мыңнан 4,7 мың шаршы метрге дейін ұлғайып, ұзындығы 143 метр болатын жаяу жүргіншілер өткелі пайдалануға беріледі. Нысанда құрылыс жұмыстары екі ауысыммен жүргізілуде, ал жөндеу кезеңінде жолаушыларға қызмет көрсету үшін уақытша күту орны ұйымдастырылған.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының вокзал инфрақұрылымын жаңғырту бағдарламасы аясында Абай облысында 10 теміржол вокзалын қайта жаңғырту жоспарланған. Жуықта Бородулиха ауданының Ауыл және Белағаш теміржол вокзалдары пайдалануға берілді. Қазіргі уақытта өңірдегі сегіз вокзалда – Семей, Аягөз, Шар, Ақтоғай, Жалаңашкөл, Дегелең, Үшбиік және Жарма станцияларында жаңғырту жұмыстары жалғасуда.

Жобалардың уақытылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз ету үшін «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы, Абай облысының әкімдігі және мердігер ұйымдар өкілдерінен құралған арнайы жұмыс тобы құрылған. Оның аясында тұрақты түрде кеңестер өткізіліп, құрылыс барысы бақылауға алынып, туындаған мәселелерді жедел шешу жөнінде нақты шаралар қабылдануда.

Сапар қорытындысында Премьер-министрдің бірінші орынбасары теміржол вокзалын реконструкциялау жұмыстарын белгіленген мерзімде сапалы аяқтап, нысандарды уақтылы пайдалануға беруді тапсырды.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив