Семейде «Абайға құрмет» акциясы аясында Рәміздер алаңы ашылды
Бүгін Семей қаласында Абай күніне орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Абайға құрмет» акциясы аясында бой көтерген Рәміздер алаңы – қоғамдық-мәдени кеңістігінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Шараға облыс әкімі Берік Уәли, Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Нұрлан Кеңесов қатысты.
Аймақ басшысы құттықтау сөзінде Рәміздер алаңының ашылуы өңіраралық ынтымақтастық пен ұлттық бірліктің жарқын көрінісі екенін атап өтті. Президенттің бастамасын алғашқылардың бірі болып қолдап, Семейге Рәміздер алаңының салынуына себеп болған Солтүстік Қазақстан халқына, осы өңірдің әкімі Ғауез Нұрмұхаммедовке облыс жұртшылығы атынан алғыс айтты.
«Рәміздер алаңы» – Мемлекеттік Ту, Елтаңба мен Әнұранды біртұтас сәулеттік ансамбльге біріктірген жаңа қоғамдық кеңістік. Алаңның жалпы аумағы 2 гектарды құрайды. Нысан дөңгелек пішінде жобаланған, диаметрі – 28 метр. Композицияның негізгі бөлігі – биіктігі 35 метрлік мемлекеттік Ту тұғыры. Елтаңба мен Әнұран мәтіні 10 метр биіктікте орналасқан. Алаңда жаяу жүргіншілерге арналған кеңістік, демалыс орындары, орындықтар мен көгалдандырылған гүлзарлар қарастырылған.
Алдағы уақытта Бейбітшілік аралында Президенттің арнайы тапсырмасына сәйкес қала тұрғындарының қолайлылығы үшін көлемі 56 гектар болатын Экологиялық саябақ салынбақ.
Салтанатты шарада сөз сөйлеген Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Нұрлан Кеңесов өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетовтің құттықтау тілегін жеткізді.
Шара барысында Рәміздер алаңының бой көтеруіне елеулі үлес қосқан бірқатар азаматтарға Абай облысы әкімі мен СҚО әкімінің Алғыс хаты табысталды. Сондай-ақ, салтанатты шарада белгілі әншілер Ибрагим Ескендір мен Қуандық Рахым өнер көрсетіп, патриоттық әндерді шырқады.
Айта кетейік, қазіргі таңда «Абайға құрмет» акциясы аясында Семейдің әр аумағында бірқатар жаңа нысан салынып жатыр. Жаңа әкімшілік-іскерлік орталықта Маңғыстау облысының сыйлығы – Достық үйі, Шымкент қаласының тартуы – шығармашылық орталық, Алматы қаласының сыйлығы – медиаорталық, Павлодар облысының тартуы – үстел теннисі орталығы бой көтеруде. Қаланың сол жағалауында Ақтөбе облысының сыйлығы – Жекпе-жек сарайының құрылысы басталды.
Сонымен қатар Түркістан облысы көрме орталығын, Қызылорда облысы «Анаға тағзым» ғимаратын, Атырау облысы «Абай әлемі» орталығын, Жетісу облысы Семейдің кіреберісіне қала қақпасын, Батыс Қазақстан облысы спорт кешенін, Қостанай облысы руханият орталығын, Астана қаласы 1500 орындық «Келешек» мектебін салуды жоспарлап отыр. Шығыс Қазақстан облысы Ертіс өзенінің жағалауын абаттандырады.
Акцияны ірі компаниялар мен қоғамдық қорлар да қолдап отыр. «KAZ Minerals» компаниялар тобы жаңа шағын ауданда үлкен стадион құрылысын бастады. Жеке қоғамдық қор есебінен 5 мың адамға арналған жаңа мешіттің іргетасы қаланды. «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Мирный кентінде дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын бастады. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Аягөз қаласында, «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры Үржар ауданында осындай спорт кешендерін салуды жоспарлап отыр. Алдағы уақытта Семейде «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының тартуы – Инклюзивті спорт орталығы мен «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ сыйлығы – Болашақ сарайының құрылысы басталады.








