«Абайға құрмет»: Семейде Рәміздер алаңының құрылысы басталды
Былтыр облысымызда Абайдың 180 жылдығына орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауымен «Абайға құрмет» акциясы басталған болатын. Бүгін Семейдегі Бейбітшілік аралында Солтүстік Қазақстан облысының тартуы ретінде салынатын Рәміздер алаңының іргетасын қалау рәсімі өтті. Шараға облыс әкімі Берік Уәли, Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Нұрлан Кеңесов қатысты.
Рәміздер алаңының іргетасын қалау рәсімінде сөз сөйлеген аймақ басшысы бұл жобаның айрықша маңызға ие екенін атап өтті. Мемлекет басшысының бастамасын қолдап, өңірге Рәміздер алаңын сыйға тартқалы отырған Солтүстік Қазақстан халқына, облыстың әкімі Ғауез Нұрмұхаметбетовке өңір жұртшылығы атынан алғыс айтты.
Нысан дөңгелек пішінде жобаланған, диаметрі – 28 метр. Жалпы биіктігі – 35 метр. Рәміздер алаңы заманауи талаптарға сай салынып, айналасының барлығы абаттандырылып,
тұрғындар мен қала қонақтарының сүйікті орындарының біріне айналмақ.
Аймақ басшысы шара барысында Бейбітшілік аралында Президенттің арнайы тапсырмасымен қала тұрғындарының серуендеуіне арналған көлемі 56 гектар болатын Экологиялық саябақ салынатынын айтты.
Шара барысында сөз сөйлеген Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Нұрлан Кеңесов бұл бастаманың ел бірлігін айшықтайтын рухани маңызына тоқталды.
Айта кетейік, «Абайға құрмет» акциясы аясында еліміздің бірнеше өңірі Семей қаласына бір нысаннан салып беруге өз ұсыныстарын берді. Маңғыстау облысы Достық үйінің құрылысын бастады. Шымкент қаласы шығармашылық орталығы мен Мәдениет үйін, Түркістан облысы көрме орталығын, Астана қаласы Келешек мектебін, Ақтөбе облысы жекпе жек орталығын, Павлодар облысы үстел теннисі орталығын, Қызылорда облысы «Анаға тағзым» орталығын, Батыс Қазақстан облысы желілік саябақ салуды, Шығыс Қазақстан облысы Ертіс жағалауын абаттандыруды жоспарлап отыр. Алматы облысы былтыр Семейдегі Қарағайлы ықшам ауданында салынған саябаққа «Алтын адам» ескерткішін орнатты.
Акцияны ірі инвесторлар да қолдап отыр. Атап айтсақ, «KAZ Minerals» компаниялар тобы Семейдегі жаңа шағын ауданда 25 мың көрерменге арналған жаңа стадион құрылысын бастап кетті. Сонымен қатар ұлттық компаниялар да өз үлесін қосатын болады. «Қазақстан халқына» қоры инклюзивті спорт кешенін салып беруді жоспарлап отыр.










