Cемей-1°С
Ауа-райы
  • Абай-16°С
  • Аягөз-24°С
  • Ақсуат-14°С
  • Бородулиха-15°С
  • Қалбатау-17°С
  • Курчатов-18°С
  • Көкпекті-15°С
  • Үржар-12°С
491.97 583.77 6.39

Берік Уәли: Өңірдегі өзекті мәселелер кезең-кезеңімен шешіліп келеді

Бүгін, 09:21 018.kz

Абай облысында 2025 жылы іске асырылған инвестициялық жобалар саны 29-дан 101-ге дейін артты. Өңірде Мемлекет басшысының қолдауымен Абай­дың 180 жылдығына орай «Абайға құрмет» республикалық акциясы бас­­­талды. Ұлы ақын есімін иеленген өңірде басқа қандай ауқымды жоба­лар жүзеге асы­­­рылып жатыр? Бұл туралы облыс әкімі Берік УӘЛИМЕН әңгіме өрбіткен едік.

– Берік Уәлиұлы, Абай облысына әкім болған бір жыл көлемінде БАҚ өкілдеріне арнайы сұхбат берген емессіз. Әкім ретіндегі алғашқы сұх­ба­тыңызды «Egemen Qazaqstan» газе­тіне беруге келіскеніңізге рахмет. Мемлекет басшысының тағайын­­дауы­мен Абай облысының әкімі қызметіне кіріскеніңізге бүгін тура бір жыл толып отыр. Бұл – сіздің өңір басшысы ретіндегі алғашқы жұмыс тәжірибеңіз. Осы уақыт көлемінде өзіңіз туып-өскен өлкеде қандай оң өзгерістер болды?

– Бір жылдың көлемінде қандай өзгерістер болғанын облыс тұрғын­да­ры­нан сұраған дұрыс шығар. Атқарылған жұмыстардың бағасын ең әуелі халық береді ғой. Дегенмен бір жылда әр салада біраз жүйелі жұмыс жүргізілді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мені туған жерім – Абай облысына әкім етіп жібергенде алдыма бірқатар міндет қойды. Өңірдегі әлеуметтік-эконо­микалық мәселелердің шешілуі тұр­ғындардың тұрмыс деңгейін арттыруға тікелей ықпал ететінін айтып, Үкіметпен бірге өңірді қар­қынды дамыту жолдарын қарас­ты­рып, өзекті мәселелерді кезең-кезеңімен шешуді тапсырды. Бұл бағытта біз ең әуелі «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлт­тық жобасы аясында облыс­та салы­нып, құрылысы созылып кеткен 65 медициналық-санитарлық алғашқы көмек нысаны құрылысын аяқтап, былтыр тұрғындардың игілігіне бердік.

«Келешек мектептері» ұлттық жобасы шеңберінде бой көтерген мектеп­­тер­дің құрылысы да кестеден кешігіп қалған екен. Мердігерлерге қатаң талап қойып, нәтижесінде, 2025 жылы облысымызда 4 заманауи мектеп ашылды. Бесқарағай ауданында 300 орындық, Аягөз ауданында 600 орындық, Семей қаласының Қарағайлы шағын ауда­нында 1200 орындық, Водный кентінде 600 орындық мектеп пайдалануға берілді. Восточный кентінде осы бағдарламамен 300 орындық мектептің құрылысы аяқталды. Төртінші тоқсанда ашуды жоспарлап отырмыз.

Былтыр Мемлекет басшысының тапсырмасына сай Абай Құнан­байұлы­ның 180 жылдығы лайық­ты деңгейде аталып өтті. Тұңғыш рет 10 күндік ретінде өткен хакімнің мерейтойында түрлі мәдени-рухани, танымдық, интеллектуалдық іс-шаралар ұйымдастырылды. Кешен­­ді жоспар аясында энцикло­педия­лық порталдың, Абайға қатыс­­ты бірқатар кітаптың тұсау­кесері, ғылыми конференция, жас­тар арасында интеллектуалдық сайыс және Қарауылда ұлттық ойын­­­дар сынды халықаралық, рес­пуб­­ликалық, өңірлік деңгейде 100-ден астам іс-шара атқарылды.

– Семей облысы 1997 жылы жабылып, 2022 жылы Президенттің Жарлығымен Абай облысы болып қайта ашылды. Алайда осы аралықта өңір әлеуметтік-эко­но­микалық даму жағынан бір­шама кенже қалғаны рас. 25 жылда қордаланған түйткілді мәсе­лелердің түйінін тарқатуға, то­лық еңсеруге қанша уақыт қажет?

– Өзіңіз айтқандай, Семей облысы тарағаннан кейінгі 25 жылда әр салада мәселелердің қор­да­ланып, ұлы­­лар туған қастерлі өлке өзіне тиесілі ен­ші­сінен қағы­лып, көш соңында қалғаны жасырын емес. Бір ғана ресми дерек келтірейін. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, 2024 жылдың қорытындысына сай өңір­лік стан­дарттар жүйесі бойынша объек­тілермен және көрсетілетін қызметтермен қамтамасыз ету деңгейі 64,1 пайызды құрады. Ал Абай облысында бұл көрсеткіш респуб­ликада ең төмен деңгейде. Өңірдің инфрақұрылыммен қамтылуы 56,3 па­йыз болып отыр. Жақында Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы осы мәселеге ерекше назар аударып: «Әсіре­се жаңадан құрылған Абай және Ұлытау облыстарында инфрақұрылым жет­кіліксіз. Алматы облысында да ахуал ­мәз емес. Бұл аймақтардың дамуына айрықша назар аудару қажет», деп жаңадан құрылған облыстарға нақты қолдау көрсету қажеттігін айтты. Әрине, өңірдегі ұзақ жыл бойы қордаланған мәселелерді шешу үшін уақыт пен тиісті қолдау қажет. Абай облысы Прези­­­дент пен Үкімет тарапынан нақты қол­дау­­ды анық сезініп отыр.

Облысымыздың ширек ғасыр­дан кейін қайта ашылып, тарихи әділеттілік­тің салтанат құруы – тікелей Мемлекет бас­шы­сының қамқорлығы екені баршаға бел­гілі. Қазір өңіріміздегі өзекті мәсе­лелер біртіндеп шешімін та­уып, эко­номикада тұрақты өсім бай­қалып, тұр­­ғындардың әл-ауқаты жақсарып келе­ді. Мысалы, был­тыр­ғы 9 айдың қоры­тын­дысында Абай облысы­­­ның жалпы өңірлік өнімі 101,5 пайызды құрап, 2 трлн 385,8 млрд теңгеге жетті. Был­тыр өңір экономикасының 12 негізгі көрсеткішінің 10-ында өсім қамтамасыз етілді. Ауыл шаруашылығы - 101,1 па­йыз, өңдеу өнеркәсібі – 102,9, ішкі сауда – 103,5, тұрғын үйді пайдалануға беру – 105,8, байланыс – 106, құрылыс – 106,2, инвестициялар – 106,8, көлік саласы 125,9 пайызға орындалды. Өткен жылы мемлекеттік бюджетке Абай облысынан 648,7 млрд теңге салық түсті, бұл – 2024 жылмен салыстырғанда 135,5 пайызға артық. Меншікті кірістердің өсу қарқыны бойынша облыс республикада екінші орында тұр.

– Былтыр 17 мамырда өңірдің алдағы даму жоспарын жария еттіңіз. Сол кезде Семей қала­сын­да «Smart City» атты жаңа шағын ауданның салынатынын айт­тыңыз. Құрылыс басталды ма?

– Семей қаласының тарихи орта­лы­ғының инфрақұрылымы әбден ескірген. Осыны ескере отырып, жаңа әкімшілік-іскерлік орталық салу мақсатында жаңа аудан құру туралы ше­шім шы­ғардық. Қазіргі уақытта жаңа аудан­ның даму тұжырымдамасы әзір­­­леніп, оның аясында қаланың бас жоспарын түзету әрі егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын әзір­леу жұмысы жүр­гізілуде. Атал­ған жоба Семей қала­сының солтүстік бөлігінде, жалпы көлемі 1200 гек­тардан астам бос аумақта жүзеге асырылады. Мұнда 75 мың тұр­ғынға арналған заманауи тұр­ғын үй кешендері, 40-тан астам әкім­шілік, коммерциялық және әлеуметтік нысандар салынады.

Облысымызда Мемлекет бас­шы­сы­ның қолдауымен Абайдың 180 жыл­­дығына орай «Абайға құрмет» респуб­ликалық акция­сы басталғаны белгілі. Бүгінде облыс әкімдігі акция аясындағы жобаларды жүзеге асыру бойынша өңірлермен белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Акцияны алғаш­қы­лардың бірі болып Маң­ғыстау облысы қолдап, Дос­тық үйінің құрылысын бастады. Түркістан облысы көрме орталығын, Қызылорда облысы «Анаға тағзым» ғимаратын, Атырау облысы «Абай әлемі» орталығын, Солтүстік Қазақстан облысы Мемлекеттік рәміздер алаңын, Ақтөбе облысы Жекпе-жек сарайын, Павлодар облысы үстел теннисі орталығын, Қарағанды облысы ботаникалық бақ, Батыс Қазақстан облысы желілік сая­бақ, Қостанай облысы руха­ният орталығын, Алматы қаласы медиаорталық, Астана қаласы «Келешек» мектебін салып берсе, Шығыс Қазақстан облысы Ертіс өзені жаға­лауын абаттандырады. Рәміздер алаңы Бей­бітшілік аралында, Жекпе-жек сарайы қаланың сол жағалауында, Заря шағын ауда­нында бой көтереді. Шым­кент қаласы шығармашылық орта­лығымен қатар Семей қаласының Водный кентіне Мәдениет үйін сыйға тартпақ. Осылайша, «Абайға құрмет» акциясы аясында жаңа шағын ауданның ғана емес, облыс орталығының әр аумағы абат­тандырылып, жаңа кейіпке ене­ді. Акцияны ірі инвесторлар да қолдап отырғанын ілтипатпен айта кеткен жөн. Атап айтсақ, «KAZ Minerals» компаниялар тобы жаңа шағын аудан­да 25 мың көрерменге арналған жаңа ста­дион құрылысын бастап кетті. Бұдан бөлек, жеке қоғамдық қордың есебінен 5 мың адамға арналған жаңа мешіттің іргетасы қаланды. Осы бағыт бо­йынша басқа да ірі инвесторлармен, іргелі компаниялармен тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.

– Абай облысында инвес­тор тарту бағытында ауқымды жұмыс атқарылып жатқанын бай­қаймыз. Бұл ретте өзіңіз­дің бастамаңызбен қолға алынған «Туған жерге туыңды тік» жоба­сының жөні бөлек. Жоба аясында бүгінге дейін қандай жұмыс­тар жүзеге асырылды?

– Былтыр маусым айында Семейде «Туған жерге туыңды тік» инвестициялық форумын өткізгенде 500-ге жуық кәсіпкер жиналды. Маңызды шара аясында жалпы қаржысы 336 млрд теңгені құ­райтын 15 меморандумға қол қо­йылды. Форумның алғашқы нақ­ты нәтижесі – былтыр Cе­мей­де Жаңа жыл қарсаңында ашылған «Pana Unique Semey» бес жұлдызды қонақүй-мейрамхана кешені. Жобаның жалпы құны – 5,7 млрд теңге, 105 жаңа жұмыс орны құрылды. Мұндай қонақүй қаламызда бұрын-соңды болған емес. Форум аясындағы келісімдерге сәйкес іске асырылып жатқан ауқымды жобалардың бірі – ­­­­­заманауи ет комбинаты. Қазір Жаңасемей ауданында қуаттылығы жылына 11 400 тонна ет және ет өнімдерін терең өңдейтін өндірістік кешеннің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Ағайынды Сайлау және Ерлан Мұқашевтер жетекшілік ете­тін «Eurasia Agro Semey» ЖШС жү­зе­ге асырып жатқан жоба өңірдің ауыл шаруашылығы мен азық-түлік өнер­кә­сібін дамытуға тың серпін бермек. Жобаның жалпы құны – 7,7 млрд теңге. Өндірістік кешенді биыл тамыз айында іске қосу жос­парланып отыр. Сондай-ақ «Qazaq Astyq Group» компаниясы қазіргі уақытта Семейде күнбағыс майын тазарту, құю және қаптау цехын салып жатыр. Жоба құны – 7,1 млрд теңге, 100-ден астам жаңа жұмыс орны құрылатын болады.

Өңірде инвестиция тарту бағы­тында жүйелі жұмыс жүр­гі­зіліп келеді. Осы­ның нәтижесінде 2025 жылы іске асы­рылған жобалар саны 29-дан 101-ге дейін артты. Жыл қорытындысында жал­пы құны 24,1 млрд теңге болатын 15 инвестициялық жоба іске қосылып, 391 жаңа жұмыс орны құрылды. Соны­мен қатар құны 605,5 млрд теңге болатын 48 жобадан тұратын өңірлік ин­вес­тициялық пул қалыптастырылды. Былтыр облысқа инвестиция тарту мақсатында 100-ден астам шетелдік инвесторлармен кез­дестім. Халықаралық эконо­ми­калық ынтымақтастықты нығайту мақ­сатында «Үлкен Алтай» халық­аралық субөңірлік конферен­циясы аясында Қытай Халық Респуб­ли­ка­сының ірі компанияларымен жал­пы құны 1,5 млрд долларды құрай­­тын 15 меморандумға қол қойылды.

Индустриялық инфрақұры­лым­ды дамыту бағытында да тиісті жұмыс жүр­гізіліп жатыр. Семей қаласындағы аумағы 96 гектарды құрайтын «Өндіріс» индус­­трия­­­лық аймағын 190 гектарға дейін кеңей­тіп, шағын өнеркәсіп паркін құру жұмысы қолға алынып жатыр.

– Өңірдегі құрылысы тоқтап тұрған немесе мүлде баяу­лап қалған нысан­­дар­ға жан бітіп, оның бірқатары іске қо­сыл­ға­нын білеміз. Нақты қан­­дай ғи­ма­раттар толық аяқталып, ел игі­лі­гі­не берілді?

– Былтыр желтоқсан айында Семейде 500 балаға шақталған, ауысыммен 1500 оқушыға дейін қабылдай алатын Оқушылар сарайы ашылды. Мемлекет басшы­сының арнайы тапсырмасымен құрылысы басталған жаңа Оқу­шы­лар сарайы – Абай облысы құрылғалы бері салынып біткен тұңғыш әлеуметтік нысан. 2023 жылы басталған бұл жоба Премьер-министрдің 2024–2026 жылдарға арналған жол картасына енгізілген. Алай­да қаржылық қиындықтарға байланысты құрылысы тоқтап қалған болатын. Был­тыр Үкіметтің қолдауымен 7,6 млрд теңге қаржы бөлініп, оқушылардың игілігіне беріліп, еліміздегі 10-ыншы Оқушылар сарайы болды.

2025 жылы шекара шебіндегі Мақан­­шы ауданының орталығы Мақан­шы ауылындағы дәрігерлік амбулаторияны аштық. Жергілікті халыққа аса қажет нысан құрылысы 27 жылдан астам уа­қыт аяқталмай, «сақалды құрылысқа» айнал­ған болатын. Жоба республикалық «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жүзеге асырылды.

– Әр өңірдің өзіне тән эко­но­­ми­ка­лық, туристік және әлеу­меттік ерек­ше­ліктері, яғни имиджі болады. Сіз Абай облы­­­сы­ның негізгі ерек­шелігі мен бәсе­келестік артық­шы­лы­ғын қалай сипаттар едіңіз? Осы ерек­­ше­лікке сай облысты қалай дамы­­туға бо­лады? Туристік әлеуе­­тін қалай арт­тыр­ған дұрыс деп ойлайсыз?

– Абай облысы мен Семей қаласының негізгі имиджі – Алаш. Бұл жер – күллі қазақ даласына сәуле шашқан ұлылар мекені. Барша өркениет жаңалығы бол­ған тұңғыш­тардың бастау алған жері. Қазақтың алғашқы ­театр қойылымының осы өңірде қойылуы, алғашқы кәсіби әнші Әміре Қашаубаевтың дүниеге келуі, алғашқы баспаның ашылуы, тұңғыш футбол клубының осында құрылуы, алғашқы телеграф, алғашқы банктің, тіпті, алғашқы цирктің де осында басталуы бәрі де – құтты мекеніміздің прогресс отаны екенінің айғағы. «Алғашқы театр қойылымы» деп айттық қой. Театр дегеннен шығады, Семей қаласында 45 жылдан бері бірде-бір жаңа мәдени ошақ салынбаған екен. 1981 жылы салынған ғимарат – Абай театры. Бүгінде мұнда үш бірдей ұжым жұмыс істеп отыр. Алдағы уақытта Семейде Президенттің тікелей қолдауымен жаңа драма театр салынады. Мемлекет басшысы мұны Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайда ерекше атап өтті.

Облысымыздың тағы бір ерек­ше­лігі – ауыл шаруашылығы, оның ішінде мал шаруа­шылығын дамытуға қолайлы­лығы. Абай облысында кезінде қой шаруашылығы алдыңғы қатарда болды. Тарихи қалыптасқан қой шаруашы­лы­ғының әлеуетін толық пайдалану мақсатында Абай облысының 2026–2030 жылдарға арналған сала­­­лық бағдар­ла­ма­сын әзірлеп жатыр­­мыз.

2025 жылы облыстың ауыл шаруа­шылығы саласына тартылған тіке­лей инвестициялар көлемі 45,2 пайыз­ға өсіп, 63 млрд теңгеге жетті. Өңір­де агро­өнеркәсіптік кешенді дамыту мақсатында 2026–2028 жылдар аралығында жалпы құны 77,3 млрд теңгені құрай­тын 16 инвестициялық жоба іске асы­рылады. Аталған жобалар ішкі нарықты сапалы, табиғи әрі жергі­лікті өнімдермен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

– Ауыл шаруашылығы – маңызды сала. Жақында әлеу­мет­тік желідегі парақшаңызда «Облы­сы­мызда ауылды дамыту, көтеруге «Қа­ладан – ауылға» атты жаңа қанат­қақ­ты жоба, кешенді бағдарлама бас­тау­ды жоспарлап отырмыз» деген едіңіз...

– Бұл жобаның мақсаты – алтын бесік ауылды түлету, өңір тұр­ғындарының әл-ауқатын жақ­сарту. Бағдарлама аясында қаладан ауылға көшкісі келетін азамат­тарға нақты көмек көрсетіледі. Шетелден қоныс аударғысы келетін қандас­тарымызды да құшақ жая қарсы аламыз. Жалпы, Үкімет тарапынан ауыл халқына бағытталған бар­лық бағ­дар­ла­ма­ның басын қосып және Абай облысы әкім­дігі тарапынан ауылға көшіп келем деушілерге көрсетілетін қолдау­лар­ды жинақтап, «Қаладан – ауылға» атты жаңа жобаны елдің назарына ұсынғалы отырмыз. Бұл қанатқақты жоба арқылы ауылға қоныс аудару­шыларға бизнес жүргізуге, баспаналы болуға, мал алуға әртүрлі мем­лекеттік бағдар­ламалар арқылы жеңілдетілген несие беріледі.

– Ауыл туралы сөз қозғадық қой. Өзіңіздің ауылдарды жиі аралай­тыныңызды жақсы біле­міз. Былтыр 161 күніңізді аудандарда өткізген екен­сіз. Өңірдегі ауыл­дардың өзекті мәселесі қа­лай шешіліп жатыр?

– Ауылдарды жиі аралайтыным рас. Аралағанда шалғайдағы елді мекендерге арнайы барамын. Ауылдарды ара­­ла­ған­­ның пайдасы – ел-жұртпен тікелей бетпе-бет сөйлесіп, мәселені өз көзіңмен көресің.

Енді сұрағыңызға келсек, облыста ауылдық елді мекендердің инфрақұры­лы­мын нығайту бағы­тын­да жүйелі жұ­мыс жүргізі­ліп жатыр. Былтыр Көк­пекті ауда­ны­ның Көкпекті ауылында жүзу бассейні, Бородулиха ауданының Петропавловка ауылында спорттық сауықтыру орталығы, Жаңасемей ауда­ны­ның Алғабас ауылында спорт кешені, Мақаншы ауданының Қарабұлақ ауылында және Үржар ауданының Жанай ауылында спорт модулі ашылды. Қазір­ Курчатов қаласында денешынықтыру-сауық­тыру кешені, Аягөз­де спорт кешені, Абай ауданының Саржал, Көкбай ауылдарында, Жарма ауданының Жаңғызтөбе ауы­лында, Бесқарағай ауданының Ерназар ауылында, Ақсуат ауданының Ойшілік ауы­лында спорттық модульдердің, Шар қаласында, Бесқарағай ауда­ны­­ның Бесқарағай ауылында, Жарма ауданының Қалбатау ауылында жүзу бассейндері салынып жатыр.

– Облыстың денсаулық сақтау саласында да қордаланған мәселе аз емес. Ауруханалар жетіспейді, бары­ның өзі ескірген. Осы түйт­кіл­­дердің түйіні қашан шешіл­мек?

– Бұл салада мәселе көп екенін жа­сыр­маймыз. Оны ашық айтып та жүр­міз. Жыл басында, қаңтар айының соңында Семей қала­сын­дағы облыстық жедел меди­­ци­налық жәрдем стансасына 10 сани­тарлық автокөліктің кілтін салтанатты түрде табыстадық. Бұл нысан қазіргі таңда санитарлық авто­көліктермен толық қам­та­масыз етілген. Алайда техни­­ка­­лар­дың жалпы тозу деңгейі 90 пайыздан асады. Осы мәселені шешу үшін былтыр «Абай облысы медициналық ұйымдары үшін санитарлық автокөлік сатып алу» жобасы шеңберінде «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-мен бір­лесіп, облыстық бюджет қаражаты есе­бінен лизингтік қаржыландыру арқылы Hyundai, JAC және «Газель» маркалы 100 санитарлық автокөліктер сатып алынды. Оның ішінде 67 автокөлік облыстық жедел медициналық жәрдем стансасына, 33 автокөлік аудандағы меди­циналық ұйымдарға беріледі. Жаңа көлік­терді биылғы қыркүйек айына дейін табыстайтын боламыз. Мұндай жаңа көліктер облы­сы­мыз­ға 2020 жылы алын­ған екен. Яғни бес жарым жылдан бері осы салаға жаңа көліктер алынбаған. Өңірдің денсаулық сақтау сала­сы­ның инфрақұрылымын дамыту мақсатында жүйелі жұмыс жүр­гізілуде. Жалпы, 2025 жылы облыстың денсаулық сақтау саласы­­­­ның материалдық-техникалық базасын жаң­­ғыртуға 6 жарым млрд теңгеден астам қаржы бөлінді.

– Уақыт бөліп, сұхбат берге­ніңізге рахмет.

Әңгімелескен –

 Бақытбек ҚАДЫР,

«Egemen Qazaqstan» 

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив