Семей қаласында ұстаздардың тамыз конференциясы өтті
Семейде қала педагогтерінің дәстүрлі Тамыз кеңесі өтіп, жаңа оқу жылындағы білім беру саласының басым бағыттары талқыланды. Биылғы жиын «Сапалы білім, берік құндылық, табысты тұлға: жаңа оқу жылындағы міндеттер» тақырыбына арналды.
Жиынға қала әкімінің орынбасары Әсет Баймұрзаев, Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар бөлімінің басшысы, философия докторы (PhD) Айнұр Архыматаева, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты Айман Ақтанова, білім беру ұйымдарының басшылары мен педагогтер қатысты.
Кеңесте білім сапасын арттыру, оқушылардың жан-жақты дамуына жағдай жасау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, педагогтердің кәсіби біліктілігін жетілдіру және мектеп инфрақұрылымын дамыту мәселелері сөз болды.
Қала әкімінің орынбасары Әсет Баймұрзаев ұстаздар қауымын жаңа оқу жылымен құттықтап, білім саласындағы өзгерістермен қатар, Семейдегі мектеп инфрақұрылымына түсетін жүктеменің артып келе жатқанын атап өтті.
Тамыз кеңесінде білім беру саласындағы өзекті мәселелермен қатар, заманауи білім беру үрдістері де талқыланды. Сала мамандары өз тәжірибелерімен бөлісіп, педагогтердің кәсіби дамуы мен оқу-тәрбие үдерісін жетілдіру жөнінде пікір алмасты.
Жиын соңында білім саласына елеулі үлес қосып жүрген бірқатар ұстаз Семей қаласы әкімінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарына ие болды.
Тамыз кеңесі жаңа оқу жылындағы негізгі міндеттерді саралап, педагогтер қауымының ортақ мақсаттарын айқындаған маңызды алаңға айналды.







