Берік Уәли Семейдегі құрылыс саласындағы кәсіпорындардың жұмысымен танысты
Бүгін аймақ басшысы Берік Уәли Семей қаласындағы «СӘТ ТРАНС» ЖШС үй құрылысы комбинаты мен «AMEGA» жарық өткізгіш конструкциялар зауытында болып, кәсіпорындардың өндірістік әлеуетімен танысты.
«СӘТ ТРАНС» ЖШС темірбетон бұйымдары мен конструкцияларын өндіруге маманданған. Кәсіпорын жабын плиталарын, қадалар, бағаналар, маңдайшалар, іргетас блоктарын, жаяу жүргіншілерге арналған тақтатастарды, жиектастар мен басқа да құрылыс материалдарын шығарады. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 29 мың текше метрді құрайды. Бүгінде мұнда 170 адам еңбек етеді.
Кәсіпорын құрамында шағын көлемдегі бетон бұйымдарын шығаратын жеке цех жұмыс істейді. Мұнда жаяу жүргіншілерге арналған тақтатастар, қабырғалық блоктар, қаптама блоктары, жиектастар және цемент-құм кірпіші өндіріледі. Өнімдер Түркияның NAMTAS компаниясының жабдығында вибропрестеу әдісімен дайындалады.
Компания 2024 жылы өндірісті жаңғыртқан. Алдағы уақытта шағын көлемдегі өнімдер өндірісі цехын кеңейтіп, жаяу жүргіншілерге арналған тақтатастарды шығару көлемін арттыруды жоспарлап отыр.
Облыс әкімі барған келесі нысан «AMEGA» жарық өткізгіш конструкциялар зауыты 2023 жылы құрылған. Кәсіпорын екі қабатты терезелер, ПВХ және алюминий терезелер мен есіктер шығарады. Сондай-ақ,табақ шыныны қалыптастыру және өңдеу, металл есіктер мен терезелер өндіру бағытында жұмыс істейді.
Зауытта 25 адам еңбек етеді. Өндіріске қажетті шикізат Қазақстаннан, Ресейден және Германиядан жеткізіледі. Дайын өнім ішкі нарықта өткізіледі.
Аймақ басшысы жергілікті құрылыс материалдарын өндіретін кәсіпорындардың әлеуетін тиімді пайдаланудың маңызды екенін айтты.










