Cемей23°С
Ауа-райы
  • Абай22°С
  • Аягөз21°С
  • Ақсуат20°С
  • Бородулиха20°С
  • Қалбатау19°С
  • Курчатов23°С
  • Көкпекті20°С
  • Үржар21°С
458.48 534.68 5.43

Семейде балкон жөндеуіндегі кемшіліктерді жоймаған кәсіпкерге 100 АЕК айыппұл салынды

Кеше, 15:23 018.kz

Семей қаласында балкон жөндеу жұмыстарынан кейін анықталған кемшіліктерді белгіленген мерзімде жоймаған кәсіпкерлік субъектісіне сот шешімімен 100 АЕК, яғни 432 500 теңге көлемінде айыппұл салынды.

Абай облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне тұтынушыдан балконды жөндеу жұмыстарының сапасына қатысты шағым түскен. Тараптар арасында жөндеу жұмыстарын орындау туралы шарт жасалып, тұтынушы қызмет құнын толық төлеген. Шарттың жалпы сомасы 700 мың теңгеден астам болған.

Қазақстан Республикасының «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңының 35-бабы 4-тармағына сәйкес, орындалған жұмыста немесе көрсетілген қызметте анықталған кемшіліктер, егер шартта өзгеше мерзім белгіленбесе, тұтынушы тиісті талап қойған күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде жойылуға тиіс.

Осы өтініш негізінде Департамент кәсіпкерлік субъектісіне қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізді. Тексеру барысында көрсетілген қызметтің сапасына қатысты тұтынушыны жаңылыстыру фактілері анықталды.

Тексеру қорытындысы бойынша кәсіпкерге анықталған бұзушылықтарды белгіленген мерзімде жою туралы нұсқама берілді. Алайда орындаушы нұсқамада көрсетілген мерзім ішінде кемшіліктердің жойылғаны туралы Департаментке ақпарат ұсынбаған.

Осыған байланысты Департамент нұсқаманың орындалуын бақылау мақсатында тексеру жүргізді. Нәтижесінде нұсқаманың орындалмағаны және анықталған кемшіліктердің жойылмағаны белгілі болды.

Аталған факті бойынша кәсіпкерлік субъектісіне қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 462-бабы 3-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, материалдар сотқа жолданды.

Сот қаулысына сәйкес, Департаменттің нұсқамасын орындамағаны үшін кәсіпкерлік субъектісіне қызметін тоқтатпай, 100 АЕК мөлшерінде, яғни 432 500 теңге айыппұл салынды.

Айта кетейік, бұған дейін де аталған кәсіпкерлік субъектісіне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 462-бабы 3-бөлігінде көзделген құқық бұзушылық бойынша сот қаулысы шығарылған.

Тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы талаптарды сақтау — кәсіпкерлердің заңмен белгіленген міндеті. Көрсетілген қызметтің сапасына қатысты мәселе туындаған жағдайда тұтынушылар уәкілетті органдарға жүгініп, өз құқықтарын қорғауға құқылы.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив