Cемей30°С
Ауа-райы
  • Абай22°С
  • Аягөз21°С
  • Ақсуат20°С
  • Бородулиха20°С
  • Қалбатау19°С
  • Курчатов23°С
  • Көкпекті20°С
  • Үржар21°С
462.3 538.07 5.41

Оқу жылына дайындық: Абай облысында 405 білім беру нысаны тексерілді

Бүгін, 13:55 018.kz

Абай облысында білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына дайындығы аяқталуға жақын. Мектептер отынмен, оқулықтармен және тасымалдау құралдарымен қамтамасыз етіліп, жылыту жүйелері тексеріліп, қауіпсіздік шаралары күшейтілуде. Білім беру саласының дайындығы мен санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг нәтижелері туралы спикерлер Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.

Абай облысының білім басқармасының басшысы Айжан Құрманова өңірдегі 304 мектептің 67-сі орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосылғанын, тағы 237 мектеп автономды жылыту жүйелерін пайдаланатынын айтты. Оның ішінде 173 мектеп қатты отынмен, 62 мектеп электр энергиясымен, бір мектеп сұйық отынмен және бір мектеп газбен жылытылады.

– Қатты отынмен жылытылатын 173 мектептің барлығы көмір жеткізуге келісімшарт жасасты. Қазіргі уақытта мектептерге көмір жеткізу жұмыстары басталды. 276 мектепте жылыту жүйелеріне қысым сынағы жүргізілді, бұл 91 пайызды құрайды. 196 мектепке жылыту маусымына дайындық актілері берілді, – деп атап өтті Айжан Құрманова.

Мектептерді заманауи оқу кабинеттерімен жабдықтауға да ерекше көңіл бөлінуде. 2026 жылы 16 мектепке арналған 32 кабинетті сатып алуға 266,4 млн теңге қарастырылған. Бүгінде сегіз кабинет жеткізілді, тағы төрт кабинет бойынша келісімшарттар жасалуда, үш кабинет бойынша ашық конкурс жарияланды. Қалған кабинеттерді жыл соңына дейін сатып алу жоспарлануда.

Оқушыларды жаңартылған оқулықтармен қамтамасыз ету жұмыстары да жалғасуда. 2026–2027 оқу жылында 3 және 7-сыныптарға арналған оқу әдебиеттерін сатып алуға 584 млн 636 мың теңге бөлінді.

– 14 баспадан 150 762 дана оқулық пен оқу-әдістемелік кешен сатып алынды. 28 тамыздағы жағдай бойынша оқулықтар Семей қаласына жеткізілді. Бүгін олар Бородулиха және Бесқарағай аудандарына жеткізіледі. Барлық аудандарға оқулықтар 30 тамызға дейін жеткізіледі, – деді Айжан Құрманова.

Мектебі жоқ елді мекендерден оқушыларды тасымалдау мәселесі де ерекше бақылауда. Күн сайын 121 ауылдық елді мекеннен 3 199 оқушы тасымалмен қамтылған.

Оларды тасымалдауға 109 автобус жұмылдырылған. Оның 94-і мектептердің теңгерімінде болса, 15 автобус жалға алынған.

Оқушылардың қауіпсіздігі де басты бағыттардың бірі болып отыр. Облыстағы 246 орта білім беру ұйымы террористік тұрғыдан осал нысандар санатына жатады. Барлық білім беру ұйымдары 100 пайыз цифрлық бейнебақылау камераларымен, турникеттермен және дабыл түймелерімен қамтамасыз етілген. Қазіргі уақытта камераларды Ұлттық бейнемониторинг жүйесіне қосу жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар санитариялық-эпидемиологиялық бақылау мамандары білім беру нысандарының оқу жылын бастауға дайындығын тексерді. Абай облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұржан Ноғайбаевтың айтуынша, ведомствоның бақылауында барлығы 1014 білім беру нысаны бар.

1 маусым мен 1 шілде аралығында жүргізілген санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг аясында мамандар 405 нысанды тексерді. Оның ішінде 309 жалпы білім беретін мектеп, интернат үлгісіндегі сегіз ұйым, кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы, мектептердегі 87 тамақтану нысаны, сондай-ақ медициналық кабинеттер мен ас блоктары бар.

– Мониторинг нәтижесінде санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың 1015 бұзушылығы анықталды. Бұзушылықтардың басым бөлігі жалпы білім беретін мектептерде тіркелді. Бүгінгі таңда тексеру нәтижелері бойынша берілген нұсқамаларға сәйкес барлық анықталған бұзушылықтар толық жойылды. Нысандар жаңа оқу жылына дайын, – деп атап өтті Нұржан Ноғайбаев.

Осылайша, жаңа оқу жылы басталғанға дейін өңірдегі білім беру ұйымдары бірқатар дайындық жұмыстарын аяқтауы тиіс. Атап айтқанда, оқулықтарды жеткізу, оқу кабинеттерін жабдықтау жұмыстарын аяқтау және анықталған санитариялық талап бұзушылықтарын жою міндеттері тұр.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив