Қазақстан мен АҚШ су тазарту және оны қайта пайдалану саласындағы ынтымақтастықты дамытып жатыр
Америкалық IBL Elements Inc. компаниясының шақыруымен «Қазгидрогеология» ұлттық гидрогеологиялық қызметі» КЕАҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Дәуір Ибраев АҚШ-тың Оклахома штатына жұмыс сапарымен барды. Сапар барысында ол өндірістік нысандарды аралап, өнеркәсіптік және минералданған суды тазарту, қайта пайдалану, сондай-ақ олардан құнды компоненттерді бөліп алу бағытындағы заманауи шешімдермен танысты.
Жұмыс бағдарламасы аясында Дәуір Ибраев бастапқы судың химиялық құрамын талдау мен оны алдын ала дайындаудан бастап, сүзу, тазарту, қайта пайдалану және пайдалы компоненттерді бөліп алуға дейінгі технологиялық процесті көрді. Зертханалық бақылау мәселелеріне, сондай-ақ америкалық технологияларды Қазақстанның гидрогеологиялық және өндірістік жағдайларына бейімдеу мүмкіндігіне ерекше назар аударылды.
«Қазақстан үшін бұл сапардың практикалық маңызы зор. Оклахома – өнеркәсіптік базасы дамыған, ресурстық әлеуеті жоғары және практикалық тәжірибесі мол өңір. Біз үшін америкалық технологиялардың нақты өндірістік процесте қалай қолданылатынын көру аса маңызды болды. АҚШ-тың технологиялық тәжірибесі мен Қазақстанның ресурстық әлеуетін ұштастыруға, сондай-ақ қол жеткізілген уағдаластықтардан нақты бірлескен жобаларды жүзеге асыруға көшуге мүмкіндік бар деп есептейміз», – деді Дәуір Ибраев.
Америкалық тарап та Қазақстанмен одан әрі ынтымақтастық орнатудың перспективаларын жоғары бағалады. IBL Elements Inc. компаниясының директоры Лия Дженкинс америкалық технологияларды Қазақстанда іс жүзінде қолдануға компанияның мүдделі екенін атап өтті.
«Біз Қазақстанды ұзақмерзімді ынтымақтастық үшін зор әлеуеті бар ел ретінде көреміз. Қазақстанда қажетті ресурстар, білікті мамандар және заманауи технологиялық жобаларды іске асыруға кең мүмкіндіктер бар. Біз жинақтаған тәжірибемізді бөлісуге және қазақстандық серіктестермен бірлесіп, шешімдерімізді елдің нақты жағдайларына бейімдеуге дайынбыз», – деді Лия Дженкинс.