Облыс әкімі Жарма ауданының жаңа әкімін таныстырды
Бүгін аймақ басшысы Берік Уәли Жарма ауданының активіне ауданның жаңа әкімін таныстырды.
Жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңына тиісті өзгерістер енгізілді. Аталған өзгерістерге сәйкес облыстық маңызы бар қалалар мен аудандар әкімдерін сайлау институты жойылды. Қазіргі уақытта облыстық маңызы бар қалалар мен аудандардың әкімдерін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен облыс әкімдері тиісті мәслихаттардың келісімімен тағайындайды.
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңының 25 бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Президент Әкімшілігінің, Жарма ауданы мәслихат депутаттарының келісімімен және облыс әкімінің өкімімен Жарма ауданының әкімі лауазымына Берік Серікқанұлы Терлікбаев тағайындалды.
Айта кетейік, бұл – жаңа Конституция қабылданғаннан кейінгі Абай облысындағы үшінші аудан әкімінің тағайындауы.
Берік Серікқанұлы Үржар ауданының Қарақол ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын жұмысшы болып бастап, кейін кәсіпкерлік және мемлекеттік қызмет салаларында еңбек етті. Аягөз ауданында экономика, салық, статистика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бағыттарында жауапты қызметтер атқарды. Көп жыл бойы статистика саласында басшылық қызметтерде еңбек етті. Шығыс Қазақстан облысы бойынша статистика басқармасы басшысының орынбасары, Ұлттық статистика бюросының Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің, кейін Абай облысы бойынша департаментінің басшысы болды. 2026 жылғы 12 мамырдан бастап Жарма ауданы әкімінің орынбасары, аудан әкімінің міндетін атқарушы қызметін атқарды.









