Берік Уәли Аягөз ауданының жаңа әкімін таныстырды
Бүгін аймақ басшысы Берік Уәли Аягөз ауданының активіне ауданның жаңа әкімін таныстырды.
Жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңына тиісті өзгерістер енгізілді. Аталған өзгерістерге сәйкес облыстық маңызы бар қалалар мен аудандар әкімдерін сайлау институты жойылды. Қазіргі уақытта облыстық маңызы бар қалалар мен аудандардың әкімдерін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен облыс әкімдері тиісті мәслихаттардың келісімімен тағайындайды.
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы» Заңының 25 бабына сәйкес ҚР Президенті әкімшілігінің, Аягөз ауданы мәслихат депутаттарының келісімімен және облыс әкімінің өкімімен Аягөз ауданының әкімі лауазымына Айбек Серікболұлы Нұғымаров тағайындалды.
Айта кетейік, бұл – жаңа Конституция қабылданғаннан кейінгі Абай облысындағы екінші аудан әкімінің тағайындауы.
Айбек Серікболұлы Абай ауданының Құндызды ауылында дүниеге келген. Семей мемлекеттік педагогикалық институтын «Дене шынықтыру», Қазақ инновациялық гуманитарлық – заң университетін «заңгер» мамандықтары бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын Семей қаласындағы қазақ күресі бөлімінде оқытушы-жаттықтырушы болып бастады. Шығыс Қазақстан облысының жоғары спорт шеберлігі мектептерінде нұсқаушы-әдіскер, қазақ күресінен жаттықтырушы-оқытушы болып еңбек етті. Алты жылдан астам уақыт Семей қаласындағы Көлік колледжінің директоры болды. Осы лауазымға тағайындалғанға дейін Аягөз ауданы әкімінің орынбасары, аудан әкімінің міндетін атқарушы қызметін атқарды.










