Цифрлық оңалту: технология маман мен отбасыға қалай көмектеседі?
Цифрлық технологиялар оңалту жүйесінің мүмкіндігін кеңейтіп келеді. Бүгінде оңалту көмегі орталықтағы немесе маман кабинетіндегі қызметпен ғана шектелмейді. Заманауи цифрлық құралдар оңалту бағдарламасын үйде жалғастыра отырып адамның жағдайындағы өзгерістерді қадағалауға, маман мен отбасы арасындағы тұрақты байланысты сақтауға жағдай жасайды. Осылайша оңалту бағытын дер кезінде анықтауға мүмкіндік туады.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығы осындай технологиялық шешімдерді оңалту саласына енгізіп келеді. Негізгі мақсат – маман жұмысын толықтырып, оңалту көмегін адам мен оның отбасына қолжетімді әрі жеке қажеттіліктерге бейім ету.
Орталық 2024 жылдан бері «Қазақстан халқына» қоғамдық қорымен және Министрлікпен бірлесіп «QH. Мүгедектігі бар балаларды үй жағдайында оңалту» жобасын іске асырып келеді. Қазір жоба Шымкент қаласы мен Қызылорда, Павлодар және Абай облыстарында жалғасып жатыр. Маңызды ерекшеліктерінің бірі – оңалту жұмысының үйде де жалғасуы. Мамандармен өткізілген сабақтан кейін бала өзіне жеке іріктелген жаттығуларды үйде орындайды. Ата-аналар берілген ұсынымдар мен тапсырмалардың орындалғанын цифрлық оңалту күнделігіне белгілейді. Ал мамандар баланың жағдайындағы өзгерістерді қадағалап, қажет болса, оңалту бағдарламасын түзете алады. Осының арқасында маман мен отбасының байланысы кезекті қабылдаумен шектелмей, оңалту жұмысы үздіксіз жалғасады.
Цифрлық сүйемелдеудің тағы бір бағыты Солтүстік Қазақстан облысында сынақтан өткізілмек. Бұл өңірде үйде көрсетілетін арнаулы әлеуметтік қызметтер бейінді мамандардың қашықтан қолдауымен толықтырылады. Алғашқы кезеңде жобаға мүгедектігі бар 180-ге дейін баланы қамту жоспарланып отыр. Қатысу ерікті, ол үшін баланың заңды өкілінің жазбаша келісімі қажет. Мұнда барлық балаға бірдей ұсыным беру емес, әр баланың нақты қажеттілігіне сай жеке сүйемелдеу маршрутын құру көзделген.
Әлеуметтік қызметкер алдымен баланың қажеттіліктерін бағалайды. Одан кейін бейінді мамандармен бірге отбасыға қандай көмек қажет екенін және оны қалай ұйымдастыру керегін анықтайды. Қажет болған жағдайда логопед, психолог, оңалту дәрігері және басқа да мамандар жұмысқа тартылады.
Бұл жұмыста FSM Social цифрлық платформасы маман мен отбасы арасындағы қашықтан байланыстың негізгі құралдарының біріне айналады. Платформа арқылы мамандар отбасыларға онлайн кеңес беріп, жеке тапсырмалар мен ұсынымдар жолдайды, олардың орындалуы туралы кері байланыс алады және сүйемелдеу барысын қадағалайды.
Жаңа формат үйде көрсетілетін қолданыстағы арнаулы әлеуметтік қызметтерді алмастырмайды, олардың көлемін де қысқартпайды. Қашықтан байланыс әлеуметтік қызметкердің жұмысын толықтырады және қажет кезде бейінді мамандарды жиірек тартуға жағдай жасайды. Жобаға қатысушыларды даярлау, жеке сүйемелдеу маршруттарын әзірлеу 2026 жылғы қыркүйекте басталады. Негізгі кезең 2026 жылғы қазаннан 2027 жылғы сәуірге дейін жалғасады.
Жобаның әдіснамалық сүйемелдеуін Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығы жүзеге асырады. Орталық бейінді мамандарды тартып, әлеуметтік қызметкерлерді даярлап, күрделі жағдайлар бойынша қолдау көрсетеді. Жоба соңында жаңа форматтың мамандар көмегіне қолжетімділікті қаншалықты арттырғанына, балаларды сүйемелдеу нәтижесі мен отбасыларға қаншалықты қолайлы болғанына бағалау жүргізіледі.
Осылайша, цифрлық оңалту бір ғана платформа немесе технологиямен шектелмейді. Ол – адамның қажеттілігін бағалаудан бастап, жеке маршрут құруды, үйдегі оңалту жұмысын жалғастыруды, нәтижелерді қадағалауды, маманмен тұрақты кері байланыс орнатуды және заманауи оңалту құралдарын жеке бейімдеуді қамтитын тұтас жүйе. Цифрлық технологиялар маманды алмастырмайды, керісінше оның мүмкіндігін кеңейтіп, кәсіби көмекті бала мен отбасыға жақындатады.