Абай облысында Startup Orda бағдарламасы іске қосылды
Семей қаласында Абай облысы бойынша Startup Orda бағдарламасының ресми ашылуы өтті. Жаңа бағдарлама өңірдегі жас технологиялық кәсіпкерлерді қолдауға, инновациялық идеяларды дамытуға және жобаларды алғашқы нәтижелерге дейін жеткізуге бағытталған.
Іс-шараға мемлекеттік органдардың, жоғары оқу орындарының, кәсіпкерлік және технологиялық орта өкілдерімен қатар, Startup Orda бағдарламасына қатысушылар жиналды.
Кездесуді Startup Orda бағдарламасының менеджері, «Террикон алқабының» өкілі Айжан Кенжебаева жүргізіп, қатысушыларға бағдарламаның мақсаты, негізгі бағыттары мен мүмкіндіктерін таныстырды.
Ашылу барысында Абай облысының цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Абзал Серікұлы, Абай облысының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Айбек Рахымбеков, Alikhan Bokeikhan University ректоры Александр Койчубаев және Shakarim University цифрландыру жөніндегі проректоры Бейімбет Дарибаев сөз сөйлеп, бағдарламаның өңір үшін маңыздылығын атап өтті.
Спикерлер өз сөздерінде технологиялық кәсіпкерлікті дамыту, жастардың инновациялық бастамаларын қолдау және өңірде жаңа жобаларды іске асыруға мүмкіндік беретін қолайлы орта қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ цифрлық дағдыларды жетілдіру мен технологиялық жобаларды одан әрі дамытуға ерекше назар аударылды.
Ресми бөлімнен кейін қатысушыларға Startup Orda бағдарламасының толық таныстырылымы ұсынылды. Жоба авторлары оқу кезеңдерімен, бағдарлама форматы және жобаларды дамыту мүмкіндіктерімен танысып, келесі кезеңдерге өту талаптары туралы ақпарат алды.
Кездесу барысында қатысушылар ұйымдастырушыларға сұрақтарын қойып, өз жобалары бойынша қажетті ақпараттарға ие болды. Іс-шара соңында қатысушылар мен шақырылған қонақтар арасында нетворкинг өтіп, жаңа таныстықтар орнатуға және тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасалды.
Startup Orda бағдарламасының Абай облысында ашылуы өңірдегі технологиялық кәсіпкерлікті дамытуға және жас кәсіпкерлердің инновациялық идеяларын жүзеге асыруға бағытталған жаңа мүмкіндіктердің бастамасына айналды.






