Cемей16°С
Ауа-райы
  • Абай22°С
  • Аягөз21°С
  • Ақсуат20°С
  • Бородулиха20°С
  • Қалбатау19°С
  • Курчатов23°С
  • Көкпекті20°С
  • Үржар21°С
462.31 536.09 5.34

E-Joldar: Қазақстанның жол саласындағы барлық дерек бірыңғай цифрлық жүйеге біріктіріледі

Бүгін, 16:17 Думан Кенжеғазыұлы

Қазақстанда автомобиль жолдарына қатысты ақпараттарды бір жерге жинақтайтын бірыңғай цифрлық экожүйе – E-Joldar қалыптасып келеді. Жаңа платформа жолдардың техникалық жай-күйі, құрылыс және жөндеу жұмыстары, пайдаланылатын материалдар, зертханалық бақылау нәтижелері, жол бойындағы инфрақұрылым және азаматтардың өтініштері туралы деректерді бір ақпараттық кеңістікке біріктіруге бағытталған.

E-Joldar жүйесін құру бастамасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтылған. Президент жол құрылысы мен жөндеу жұмыстары туралы ақпараттың қолжетімділігін арттырып, осы бағыттағы қоғамдық бақылауды күшейтудің маңыздылығын атап өткен болатын.

Платформаның негізгі ерекшелігі – барлық ақпаратты нақты жолға немесе оның белгілі бір учаскесіне байланыстырып көрсету. Осы арқылы белгілі бір жолдың техникалық сипаттамасын, бұрын жүргізілген жөндеу жұмыстарының тарихын, пайдаланылған құрылыс материалдарын, зертханалық сынақтардың нәтижелерін және жол бойындағы сервистік нысандар туралы мәліметтерді бір жерден алуға мүмкіндік пайда болады. Яғни жолдың паспортизациясы мен құрылысынан бастап, пайдалануға берілуі, жөнделуі және техникалық жағдайының бақылауына дейінгі деректер бір цифрлық тарихқа жинақталады.

E-Joldar қолданыстағы салалық цифрлық жүйелерді алмастырмайды. Керісінше, олардың арасындағы деректерді біріктіріп, жол саласына қатысты бірыңғай ақпараттық-талдау кеңістігін қалыптастырады. Мәселен, KazToll жүйесі ақылы жол учаскелері туралы мәліметтерді қамтыса, JolBitum және RCMBase жол құрылысында пайдаланылатын материалдар мен олардың өндірілген орындары жөніндегі ақпаратты нақты нысандармен байланыстыруға мүмкіндік береді. Ал KazRoadLab арқылы жүргізілген зертханалық сынақтардың нәтижелері жолдың цифрлық тарихына енгізіледі.

Сонымен қатар E-Joldar жүйесін eOtinish платформасымен интеграциялау азаматтардың жолдарға қатысты өтініштерін нақты учаскелермен байланыстыруға мүмкіндік береді. Бұл өтініштерді жолдың техникалық жағдайы және жүргізілген жөндеу жұмыстары туралы деректермен салыстырып, мәселені кешенді түрде қарауға жағдай жасайды.

Жол бойындағы инфрақұрылымға қатысты ақпарат та бірыңғай жүйеге енгізіледі. Sapar жүйесі арқылы жанармай құю станциялары, демалыс орындары, тамақтану нысандары, автотұрақтар және басқа да сервистік объектілер туралы мәліметтер жинақталады.

E-Joldar-дың маңызды бағыттарының бірі – жинақталған деректерді талдау арқылы жолдарды жөндеу жұмыстарын тиімді жоспарлау. RoadIQ жүйесі жолдардың техникалық жағдайы, бұрын жүргізілген жөндеу жұмыстары және көлік қозғалысының қарқындылығы туралы ақпаратты пайдаланып, жөндеуді қажет ететін учаскелерді алдын ала анықтауға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде жол инфрақұрылымына қатысты шешімдерді нақты деректер негізінде қабылдап, жөндеу жұмыстарын басымдыққа қарай жоспарлауға және қолда бар ресурстарды тиімді пайдалануға жол ашады.

Бірыңғай цифрлық экожүйе азаматтардың жолдардың жағдайы туралы ақпарат алу мүмкіндігін де кеңейтеді. Жолға қатысты мәліметтердің жүйеленуі қоғамдық бақылаудың ашықтығын арттырып, жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарының сапасын бақылауға қосымша мүмкіндік береді.

Осылайша, E-Joldar Қазақстанның жол саласында бұрын әртүрлі жүйелерде сақталған ақпараттарды бір цифрлық кеңістікке біріктіріп, автомобиль жолдарын басқарудың заманауи тәсілін қалыптастыруға бағытталған. Жүйенің негізгі мақсаты – жолдың бүкіл өмірлік циклі бойынша қажетті ақпаратты жинақтау, сапаны бақылауды жетілдіру, жөндеу жұмыстарын деректер негізінде жоспарлау және қоғамдық бақылау тетіктерін барынша ашық әрі тиімді ету.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив