Агенттікте «Ахмет тағылымы және салалық терминология» тақырыбында дөңгелек үстел өтті
2026 жылғы 2 қыркүйекте Атом энергиясы жөніндегі агенттікте Қазақстан халқының тілдері күні мерекесіне орай қазақ тіл білімінің негізін қалаушы Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми мұрасы мен қазіргі ғылымдағы салалық терминдерді жүйелеу мәселелеріне арналған «Ахмет тағылымы және салалық терминология» тақырыбында дөңгелек үстел (ой-талқы) өтті.
Жиын барысында жаһандану жағдайында Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының ұлттық терминологияны қалыптастырудағы ғылыми-әдістемелік ұстанымдарының бүгінде өзектілігін сақтап отырғаны атап өтілді. Оның термин жасаудағы қағидаттары қазақ тілінің кәсіби және ғылыми қолданысын дамыту үшін маңызды негіз болып табылатыны айтылды.
Сондай-ақ атом өнеркәсібі, ядролық ғылым, қолданбалы технологиялар, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздік салаларындағы терминдерді халықаралық стандарттарға және қазақ тілінің табиғи заңдылықтарына сәйкес жүйелеу мен біріздендіру мәселелері талқыланды.
Бұдан бөлек, цифрландыру және жасанды интеллект технологиялары қарқынды дамып жатқан кезеңде пайда болып жатқан жаңа ұғымдарды қазақ тіліне аудару, оларды термин ретінде қалыптастыру және кәсіби ортада қолданысқа енгізу тәжірибесі ортаға салынды.
Жиын қорытындысы бойынша салалық сөздіктерді жетілдіру, терминологиялық жұмыстарды үйлестіру және мемлекеттік қызметшілердің осы бағыттағы бастамаларын қолдау бойынша бірқатар ұсыныстар әзірленді.