270.00 декларациясы: кім тапсыруы қажет және нені білу маңызды
Кірістер мен мүлік туралы декларацияның ауқымы енгізілген өзгерістерге сәйкес қысқарды. Бұған дейін жалпыға бірдей декларациялаудың алғашқы үш кезеңі бойынша көптеген азамат декларация тапсырса, қазір декларация ұсынатын адамдар санаты нақты белгіленген. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Абай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің жалпыға бірдей декларациялау бөлімінің басшысы Айнаш Мусаинова мәлімдеді.
Айнаш Мусаинованың айтуынша, қазір 270.00 декларациясын азаматтардың барлығы емес, заңда белгіленген нақты санаттағы тұлғалар тапсырады.
Сонымен қатар 2025 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша шетелде мүлкі, цифрлық активтері немесе шетелдік банктердегі шоттарында жиынтық сомасы 3 932 000 теңгеден асатын қаражаты бар азаматтар да декларация ұсынуы тиіс.
Декларация тапсыру міндеті дербес салық салынатын табыс алған және былтырғы жылы Қазақстанда немесе шетелде жалпы құны 78 640 000 теңгеден асатын мүлік сатып алған тұлғаларға да қатысты.
Кірістер мен мүлік туралы декларация 15 қыркүйектен кешіктірілмей тапсырылуы қажет. Декларацияны «Салық төлеуші кабинеті», eGov порталы, «E-Salyq Azamat», eGov mobile және екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары арқылы электронды түрде ұсынуға болады. Қағаз нұсқасын да тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік кірістер органына немесе пошта арқылы жолдауға мүмкіндік бар.