Cемей-2°С
Ауа-райы
  • Абай12°С
  • Аягөз6°С
  • Ақсуат6°С
  • Бородулиха3°С
  • Қалбатау5°С
  • Курчатов13°С
  • Көкпекті5°С
  • Үржар9°С
447.94 502.32 5.52

Үкімет Курчатовта қуаты 700 МВт электр стансасын салу жөніндегі 881 млрд теңгелік инвестициялық келісімді мақұлдады

7-09-2026, 10:09 Думан Кенжеғазыұлы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың көмір генерациясын дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау шеңберінде Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚР Энергетика министрлігі мен «ГРЭС Курчатов» ЖШС арасындағы Абай облысының Курчатов қаласында қуаты 700 МВт конденсациялық электр стансасын салу жөніндегі инвестициялық келісімді мақұлдады.

Премьер-министр Олжас Бектенов тиісті қаулыға қол қойды.

Жоба Курчатов қаласын одан әрі дамытудың энергетикалық негізіне айналады. Мұнда ірі ғылыми инфрақұрылым нысандары – Ұлттық ядролық орталық, Ядролық технологиялар паркі, зерттеу реакторлары, зертханалар және қазақстандық термоядролық КТМ токамак шоғырланған.

Жаңа стансаның құны – 881 млрд теңге. Әрқайсысының қуаты 350 МВт болатын екі энергия блогын кезең-кезеңімен 2032 жылға дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Электр стансасы іске қосылғаннан кейін жылына 5 млрд кВт·сағ дейін электр энергиясын өндіре алады. Жоба аясында шамамен 4,4 мың жұмыс орнын ашу көзделген.

Нысан «таза көмір» технологияларын қолдана отырып, жоғары қысым мен температура жағдайында жұмыс істеуге арналған заманауи бу энергетикалық жабдықпен жарақтандырылады.

Қоршаған ортаға жағымсыз әсерді азайту мақсатында жоба Экологиялық кодексі мен ең үздік қолжетімді техникалар талаптарына сәйкес газ тазарту, шығарындыларды сүзу және шаңды басу жүйелерін қамтиды.

Жобаны жүзеге асыру қаладағы электрмен қамтудың сапасы мен тұрақтылығын арттырып, ғылыми, өнеркәсіптік және қалалық инфрақұрылымды одан әрі дамыту үшін қосымша электр өндіруге мүмкіндік береді.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив