Cемей23°С
Ауа-райы
  • Абай22°С
  • Аягөз21°С
  • Ақсуат20°С
  • Бородулиха20°С
  • Қалбатау19°С
  • Курчатов23°С
  • Көкпекті20°С
  • Үржар21°С
456.56 530.52 5.28

Астанада Space Days Kazakhstan 2026 халықаралық форумы басталды

Бүгін, 18:19 018.kz

Астанада Nazarbayev University алаңында мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, ғарыш агенттіктерінің, ғылыми қауымдастықтың, технологиялық компаниялар мен инвесторлардың өкілдерін біріктірген Space Days Kazakhstan 2026 халықаралық форумы басталды.

Форум ғарыш саласындағы халықаралық күн тәртібіне, ғарыш индустриясының жаңа технологиялары мен оларды тұрақты даму мақсатында қолдануға, сондай-ақ ғарыш саласындағы жаһандық ынтымақтастықты дамытуға арналған.

Форумның ашылуы пленарлық сессиядан басталды. Іс-шараға қатысушыларға Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев құттықтау сөз сөйледі.

«Деректер, технологиялар және адам капиталы – Қазақстанға бәсекеге қабілетті ғарыш өнімдері мен қызметтерін жасауға мүмкіндік беретін үш негізгі бағыт. Осы мақсатта біз Space Days Kazakhstan халықаралық форумын өткізу бастамасын көтердік. Бұл форум өз тарихын енді бастап жатыр. Біз оның нақты нәтижелерге, нақты келісімдерге және жаңа бірлескен жобаларға жол ашатынына сенеміз. Space Days Kazakhstan форумын ауқымын кеңейтіп, әлемдік ғарыш қауымдастығындағы беделін нығайта отырып, дәстүрлі халықаралық алаңға айналдыруды көздейміз», – деді Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.

Министр Қазақстан үшін ғарыш бүкіл адамзаттың игілігіне қызмет етуі, бейбіт ынтымақтастық кеңістігі болып қалуы, мемлекеттерді ортақ мақсаттар төңірегінде біріктіруі және барлық елдер мен халықтарға пайда әкелуі тиіс екенін атап өтті. Сонымен қатар ғарыш технологиялары нақты өмірде қолданылып, экономиканың дамуына, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал етуі қажет.

Оның айтуынша, 2030 жылға қарай тоғыз спутниктен тұратын Жерді қашықтан зондтаудың халықаралық спутниктік тобын құру жоспарланып отыр. Оның құрамына Қазақстанның алты спутнигі, сондай-ақ Моңғолия, Конго Республикасы және Нигерияның ғарыш аппараттары кіреді. Жаслан Мәдиев Қазақстанның жаңа серіктестермен ынтымақтастыққа ашық екенін және алдағы уақытта спутниктік топтаманы 14 спутникке дейін кеңейту мүмкіндігі бар екенін атап өтті.

Сонымен қатар Қазақстан KazSat-3 спутнигін жаңа KazSat-3R ғарыш аппаратына ауыстыру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл ұлттық спутниктік байланыс жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп, оны заманауи технологиялық талаптарға сай дамытуға мүмкіндік береді.

Space Days Kazakhstan 2026 форумының алғашқы күнінде ғарыш саласын дамытудың негізгі бағыттарына арналған панельдік сессиялар өтеді. Қатысушылар спутниктік байланыстың еліміздің цифрлық тәуелсіздігін қамтамасыз етудегі рөлін, спутниктік инфрақұрылым негізіндегі қызметтер нарығын дамыту және спутниктік деректерді су ресурстарын басқару үшін пайдалану мәселелерін талқылайды.

Сонымен қатар ғарыш жүйелерінің бортында жасанды интеллектті қолдануға, өңірлік ғарыш агенттіктері арасындағы ынтымақтастықты дамытуға, қазіргі сын-қатерлер мен халықаралық ынтымақтастықтың мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылады.

Форум аясында халықаралық ғарыш туризмін дамыту және әлемдік ғарыш саласының болашағы да қарастырылады.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив