Алтай Көлгінов Қарағанды облысының ауруханаларын аралады
Қарағанды облысында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 92 алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету нысанын салу жоспарланып отыр.
Салынатын нысандардың ішінде 47 медициналық пункт, 34 фельдшерлік-акушерлік пункт, 11 дәрігерлік амбулатория бар. Сондай-ақ Балқаш және Теміртау қалаларындағы жұмыс істеп тұрған орталық ауруханаларды күрделі жөндеумен және медициналық құрал-жабдықтармен: КТ, МРТ, ангиография, сарапшылық класты УДЗ аппараттары, жансақтау бөлімшелерінің жабдықтары, операциялық бөлмелер және т. б. қамтамасыз ету арқылы жаңғырту қарастырылған.
«Медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру – Үкімет пен әкімдіктердің алдында тұрған басты міндеттердің бірі. Қарағанды облысында ұзақ мерзімді құрылыс жобасы – көпсалалы балалар ауруханасының құрылысы аяқталды, жаңа онкологиялық диспансерге заманауи желілік үдеткіш сатып алынады. Республика бойынша салынатын 13 перинаталдық орталықтың бірі осы өңірге жоспарланған. Сонымен қатар университет клиникасын салу көзделіп отыр», — деді Алтай Көлгінов.
Қарағанды облысы үшін өзекті мәселе – дәрігер тапшылығы. Жалпы терапевттер, педиатрлар, акушер-гинекологтар, фтизиатрлар, онкологтар және т. б. барлығы 66 маман қажет. Бұл мәселені шешу үшін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен өткен жылы 156 жас дәрігер, оның 39-ы ауылдарға жұмысқа орналастырылды. Сонымен қатар мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында бейінді мамандарды даярлауға 182 грант бөлінді. Биыл Қарағанды облысының әкімдігі ауылдық жерлерге жұмыс істеуге жіберілген медицина қызметкерлерін 1,5 млн теңгеден 5 млн теңгеге дейінгі көлемде әлеуметтік қолдаумен қамтамасыз ету мәселесін қарастыруда.
Кадрлардың тапшылығымен қатар денсаулық сақтау саласында медициналық техникамен қамту деңгейі және жабдықтардың тозуы әлі де өзекті мәселе болып қалып отыр, жабдықтың тозуы 60%-ға жетті. Бұл мәселені шешу үшін 2023-2025 жылдары денсаулық сақтау ұйымдарын материалдық-техникалық жарақтандыру шеңберінде республикалық бюджеттен 18,2 млрд теңге қарастырылған.